Ауыл баласы үшін қаланың тірлігі тым қиял-ғажайып ертегідей болып көрінеді. Тек үлкен қалалардағы балаларға арналған ойын-сауық орталығы ауылдан ашылса, бұл балалар үшін үлкен мереке.
Алматының іргесіндегі Қарасай ауданы, Жаңа-тұрмыс ауылында 1-6 жас аралығындағы балаларға «BUBBLE GUM» ойын-сауықтыру орталығы жұмысын бастады. Көлемі 3 мың шаршы метр болатын зәулім ғимараттың екінші, үшінші қабаттары балаларға арналған.
Бұрындары ауылда сирек болатын кәсіптің көзін тапқан - жас кәсіпкер Олжас Мамадалиев. Отыз жасты әлі еңсере қоймаған жас кәсіпкердің кәсібіне береке тілеген ауылдастары дән риза. Орталық енді ашылса да барлық жағдай жасалған. Балалардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне мықты көңіл аударылған. Себебі барлық ойын құрылғылары балалардың денсаулығына зиян келтірмейтін материалдардан жасалып, орналастырылған. Әткеншек, сырғанақ, хауыз да бар, Тіпті бір бұрыншта балалардың туған күнін өткізуге арлаған кішкентай бөлме де бар. Бұл орталық бір мезгілде 100 шақты баланы қабылдай алады. Әулеттің анасы Болған Қалдыбекова бізбен әңгімесінде ұлы Олжастың бұл шешімін қолдағанын айтып берді. Себебі ауыл балаларының бәрінде бірдей бала бақшаға баруға мүмкіндік жоқ. Ал BUBBLE GUM орталығының құрылтайшысы Олжас Мамадалиев өз сөзінде балаларға салынған инвестиция болашаққа салынған депозитпен бірдей екенін айтып, алдағы бірер жылдағы жоспарларын бөлісті. Амандық болса, алдағы күндері балаларға ағылшын тілін түрлі ойындар арқылы үйрететін арнайы курстар да ашылмақ. Тіпті орталық ішін бір айналып өтетін кішкентай жүрдек пойыздар да орнату ойда бар.
Ауылдастары жас кәсіпкердің бұл шешіміне дән риза. Енді жаңатұрмыстық балаларға Алматыға немесе үлкен қалаларға бармай-ақ, осы заманғы ойын түрлерімен өз ауылында ойнауға мүмкіндік бар.