• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәрбие 22 Тамыз, 2024

Әке институты – елдіктің тірегі

84 рет
көрсетілді

Отбасының бүтіндігі ел іргесінің нығаюына кепіл. Ал сол сүттей ұйыған шаңырақтың қабырғасы атануға тиіс отағасы қадір-қасиетін қашырса, ұрпақ тәрбиесінде жарға соқтығарымыз анық. Әке институтын қалыптастыру – отбасылық құндылықты құндақтаудың бастауы. Бала тәрбиесінде мүлт кеткен ата-ананың қоғамды игілікке бастауда ту алып жүре алмайтыны белгілі.

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай­дың кезекті отырысында Мемлекет басшысы өскелең ұрпақ тәрбиесінде атқаруға тиіс шаруа өте өзекті һәм маңызды екеніне тағы қайырылған-ды. «Әділетті Қазақ­стан – Адал азамат» деген тақырыпта өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас буын тәрбиесінде қателікке ұрынбауға үндеген еді.

«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл – оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жас­тар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Кейінгі кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті бей­не­­т­аспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қаты­гездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зор­лық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келең­сіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұн­дай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді», деп Президент бүгінгі тәрбиенің беталысына баға берді.

Отбасындағы отағасының құтын қашырып, қадірін түсіру әке институтының өміршеңдігіне балта шабатыны анық. Тирандық пиғыл, тексіз түсінігіне салып айуандық әрекетке баратындарды ақтауға еш хақымыз жоқ. Біздің мұрат – әке институтының отбасы, ошақ айналасында ғана емес, тұтастай қоғамның балталасаң бұтарланбайтын беріктігіне тигізер қуатын кемітпеу. Егер әкелердің қоғамдағы орны, отбасындағы бала тәрбиесіндегі беделі төмендемесе, Парламент мінберінде талқыға түсер ме еді? Мәжіліс депутаты Аман­жол Әлтай: «Анасын ардақтаған, аруын аялаған, ата-анаға құрметпен қа­раған халықтың өкіліміз. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда түрлі келеңсіздіктер байқалып жатыр. Біз «әкеммен ақылдасайын, әкемнен сұрайын» деген түсінігі бар буын едік. Қазір «анам біледі, анамнан сұранайын, анам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр», деп, қоғамда күйеуінен жәбір көрген әйелдер ғана емес, әйелі үстемдік ететін ер азаматтардың да бар екенін айтқан-ды. Әке институтының екпіні бәсең тартпаса мәжілісмен Ермұрат Бапи да қоғамда әкенің рөлін көтеру үшін отағасы туралы да заң қабылдау керек дегенді көтермес те еді. «Әкең келе жатыр» деген бірауыз сөзбен-ақ аяғын тартып, айылын жиып өскен буын бүгінгі қоғамнан да сондай тәлім-тәрбиені күтетіні белгілі.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы Уағыз-насихат бөлімінің мең­герушісі, PhD Батыржан Мансұров асыл дінімізде ата-ананың орны мен қадіріне қасиетті аяттарда, хадистерде жоғары баға берілгенін қаперде ұстау отбасылық құндылықты нығайтады дегенді алға тартады.

«Мұсылман адам ең әуелі ата-анасына жақсылық жасауы қажет. Мейлі ол ана болсын, мейлі әке болсын. Ал оларға құр­мет көрсетпеу, қадірлемеу – үлкен күнә. Отбасында ерлі-зайыптыларға түсетін міндеттер бар. Өмірдің болмашы ісіне бола бір-бірін жазғырып кінә тағу, ұнамаса ажырасып кете беру – бұл дінімізге де, салт-дәстүрімізге де жат. Ал ерлі-зайып­тылардың арасына түсіп, бірінен екіншісін айыптап, олардың артық-кемшілігін іздеп семинар өткізу, коучтар ұйымдастыру орынсыз. Өйткені отбасында ананың да, әкенің де құрметі орасан зор. Оларды бірі­нен-бірін ажыратуға болмайды. Тіпті отбасында баласынан анаңды жақсы көресің бе, әлде әкеңді жақсы көресің бе деп сұрау да қате түйсік. Перзент үшін екеуі де құр­метті, қадірлі болуға тиіс. Ал дінімізде олардың тек өзара ақылары айтылған. Бір-біріне құрметі көрсетілген. Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы отбасы мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруіне, отбасылық міндеттерді жауапкершілікпен орындауларына тікелей байланысты. Бабаларымыз «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса, өлгенiнше өш болады» деп тектен-тек айтпаса керек. Сондықтан ананың яки әкенің қадірін қашырып, оны насихаттау – қателік. Қазақ отбасында әкенің де, ананың да алатын орны ерекше болған. Мысалы, әке – шаңырақтың тірегі, қамқоршысы, асыраушысы, ал ана – отбасының мейірімі, жүрегі. Қазыбек би бабамыз «Құт берекең – атаң қымбат, аялайтын анаң қымбат, мейірімді апаң қымбат, асқар тауың – әкең қымбат» деп айқындағандай, әр адам әкесін, анасын бағалап, сыйлап, құрметтеуге тиіс», дейді Б.Мансұров.

Қоғамда әкенің мысын басу, ықпалын азайту үрдісі белең алып бара жатқан жоқ па деген мәселенің бір ұшы отбасының тірегіне байлаулы дейді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.

«Отбасында отағасының беделі төмендеуіне белгілі бір дәрежеде әкелердің өздері ықпал етті. Бала тәрбиесінде, отбасы құндылығын ұлықтауда әкелердің қосар үлесі айтарлықтай төмендеуі де осыған әкеліп соқтырды. «Әкелер одағын» құруымызға да осы жайт түрткі болды. Бір мүшел мерзім бұрын әкелер институтының құлдырап, әлсіреп бара жатқанын бағамдап, осындай қарекетке көштік. Мектептегі ата-аналар жиналысына әкелері келмейді, анасы барады. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас сетінеді. Өкініштісі, ер адамдар отбасындағы бала тәрбиесін әйелінің жауапкершілігіне жүктеп қойған. Отбасының аманаты ерлі-зайыптыға теңдей бөлінген. Бала тәрбиелеу ісіндегі жауапкершілікті де тең арқалауға тиістіміз. Жұмысбастылыққа сілтеп, материалдық құндылықпен қамтамасыз еткенімізді малданып, бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктен жалт бергіміз келеді. Бұл дұрыс емес. Қоғамда әкенің рөлі әлсіреп, отбасы алдында да беделі биіктемей тұрса, алдымен айыпты әр адам өзінен іздегені абзал. Баласын тәрбиелеу ісінде жұмысын желеу ете бермей, жанына ертіп жаттығу залына барса, спорттық үйірмеге жазылса, бірге серуендесе, соның өзінен әкенің бойындағы тәрбиені бала сіңіреді. Бала тәрбиелеу ісін отбасында әйеліне, қоғамда мектепке артып қою да әкенің беделін төмендетеді. Әке институтын қалыптастырып, нығайтамыз десек, отағасы өзінің жауапкершілігін терең сезініп, ауыртпалықты арқалай білуі керек. Осы мақсатты сыналап сіңіру үшін де жыл сайын «Әкелер форумы» өтеді. Екі жыл бұрын ұсынысымыз қабылданып, Әкелер күні белгіленіп, аталып өтеді. Осы күні әрбір әке «Мен қандай отағасымын?» деген сауалды өзін қойып, «Бала тәрбиесіне қаншалықты үлес қосып жүрмін?» деген сұраққа жауап айтуы керек деп санаймыз», дейді М.Айтмағанбет.

Ол әке мен бала арасындағы байланыс­тың әлсіреуі, қарым-қатынастың сиреуі орасан олқылыққа ұрындырады дейді. Расында да бүгінгінің баласына әкесінің ақы­лы, анасының мейірімінен бұрын гад­жеттегі жылтырақ әлем жақын екені айқын. Екі жылдан бері аталып өтетін Әке­лер күніне орай ұйымдастырылатын мезет­тік іс-шара қордаланған мәселенің түйінін тарқата алмасы белгілі. Жыл он екі айдың бір күнін ғана күтпей, мектепте әр кезде спорттық іс-шаралар, ұлттық құндылықты дәріптейтін басқосу, тәрбие сағаттары ұйымдастырылса, әке мен бала арасындағы байланысты берік ете түсетіні белгілі.

Әке институтын қалыптастыруда баласының тәрбиесіне жауапкершілікті арқалай білу – отағасының бұлжымас міндеті. Отбасынан басталатын Отанның отын өшірмеуде әкелік институттың арқалар жүгі зілмауыр. Әр әке соны ұғынуға тиісті. Қоғамның қажет ететіні де – осы.