• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 22 Тамыз, 2024

Шаруасы ширақ шыны зауыты

115 рет
көрсетілді

Қызылордада «Orda Glass LTD» ЖШС-ның шыны зауыты тұрақты жұмыс істеп келеді. Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған зауыт аз уақыт ішінде қуатты кәсіпорынға айналды. Серіктестік биылғы маусым айынан бастап энергия үнемдейтін шыны шығара бастады. Осылайша, қызылордалық зауыт мұндай өндірісті қолға алған Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз кәсіпорын болып отыр. Бұл әйнектер күн сәулесінен жылу алып, оны бойында сақтайды.

Зауыттың өндірістік бөлімі бастығының орынбасары Ғалымжан Қуатов жұмыс барысын таныстырып өтті. Өндіріс орнында шикізат өңдейтін зауыт бой көтеріпті. Осының арқасында қазір кварц құмы мен доломитті өздері өңдеп отыр. Ақтөбеден жеткізілетін құм әуелі кептіріліп, магнитті желі арқылы өткізілгенде құрамындағы темір алынып қалады. Өйткені шикізат құрамында темір көп болса, өнімнің мөлдірлігі кеми бермек.

«Қазір шыны зауытының қуатты­лығы 91 пайызға жетті. Жобалық құны тәу­лігіне 600 тонна болатын болса, осы күні 530 тонна шығарып отырмыз. Жет­піс пайыз өніміміз ішкі нарықта қал­са, қал­ғаны Орталық Азия, Ресей, Әзер­байжан мен Грузияға жөнелтіліп жатыр», дейді.

Бастапқыда 40 млрд теңге шетел инвестициясы салынған зауыт қазір аумағы 50 гектар болатын алып кешенге айналған. Онда үш ауысым бойынша 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Дені – жергілікті азаматтар. Оларға бұрын-соңды елімізде болмаған өндірістің қыр-сырын қытайлық мамандар үйретеді.

Зауыттағы басты нысан – балқыту пеші. Оған 7 түрлі қос­падан құралған шикізат үзді­к­­сіз жетіп тұр. Мұндағы қа­лып­­ты температура 1 550 градус екен. Қызудың 1 градусқа тө­мендегені де өнім сапасына ай­тарлықтай әсер етеді. Маман­дар пеш 8-10 жылға дейін үзіліс­сіз жұмыс істеуі керектігін айтады. Сондықтан қосымша газ жеткізетін желі қарастырылып, резервке қойылған. Ал балқыған сұйықтықты сыңғырлаған әй­некке айналдыратын желі бойын­дағы қондырғылардың барлығы дерлік Италия, Финляндия, Гер­мания, Түркия мен Қытайда шы­ғарылған заманауи үлгідегі технологиялар.

Желі бойында әйнек формасын қалыптастыратын арнайы қон­дырғы тұр. Шынының көле­мін автоматты қондырғылар белгі­лейді. Әйнектің шетінен кесілген бөлігі бірден шикізатқа қайта жөнел­тіліп жатыр. Дәл осы жерде қа­баттап жинағанда жабысып қал­мауы үшін арнайы ұнтақ себі­леді. Осыдан кейін қоймадағы роботтар неміс қондырғысы берген нұсқау бойынша табақша шыныларды маркасына қарай жинайды.

Қойма жанында зауыт тапсырысымен дайын өнімге жәшік да­йындайтын серіктестік бар. Қалада жылына 197 мың тонна өнім шығаратын өндіріс сұра­­нысын өтеу үшін осындай 5 ком­­пания жұмыс істеп жатыр екен. Қоймаға теміржол тұйы­ғы арқылы кіретін вагондарға тонна­лаған әйнектерді аспалы крандар тиейді. Сұранысқа ие өнімнің бірі – джамбо-әйнек. Ұзындығы – 6, ені 3,2 метр болатын шыны да қоймада ұқыпты жиналып тұр.

«Orda Glass LTD» серіктес­тігінің биылғы табысы – энергия үнемдейтін шыны өндірісі. Жалпы құны 6,7 млрд теңге болатын дәл осы жоба бойынша жылына 5 млн шаршы метр өнім шығарылады.

«Бұл әйнектердің жылу сақ­тау­дағы тиімділігі әлдеқашан дә­лелденген. Сапаны ескеріп, қазір М0+ маркасын шығарып жатырмыз. Шілде айының соңына дейін 170 мың шаршы метр күннен қорғайтын және жылу үнемдегіш әйнек өндірдік», дейді өндірістік бөлім бастығының орынбасары Ғалымжан Қуатов.

Мамандар шыны зауыты­ның іске қосылуы шикізаттық емес секторды дамытып, ілеспе өн­дірістерді құруға мүмкіндік бе­ретінін айтады. Өңірдегі индус­трияландыру бағдарламасы­ның негізгі жобасы саналатын зауыт­тың іске қосылуына «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдау танытыпты. Акционерлік қоғамның өңірдегі өкілдігінің жетекшісі Мұрат Балабаев өндірістік ай­мақта шыны кластерін қалып­тастыру бастамасы қолға алынға­нын айтып өтті. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен облыс әкімдігінің бірлескен жұмыстары арқасында Германия технологиясымен шыны бөтелкелер шығаратын өндіріс өз жұмысын бастайды. Қытай мен Беларусь инвес­торларымен автокөлік тере­зелерін шығаруға келісім жасалды. Шыны талшықтарын өндіру бағытындағы жобалар да пысықталып жатыр.

«2021 жылы еліміз сырттан 260 млн долларға әйнек алдырған екен. Оның басым бөлігі – құрылыста кеңінен қолданылатын осы та­бақ­ша шынылар. Ал Қызылордада компания іске қосылғалы бері өнім бағасы төмендеп, сыртқа тәуелділіктен арылдық. Қазір кә­сіпорын өнімі ішкі сұранысты толық өтеп, экспортқа да шыға­рылып жатыр», деді өңірлік филиал директоры.

 

ҚЫЗЫЛОРДА