Өткенде жаңа бір фильмнің тұсаукесеріне бардық. Авторы – жас режиссер. Киноны көрдік, кей сәттеріне тебірендік, «әттеген-айларын» да түртіп отырдық. Дегенмен салыстырмалы түрде айтар ойы бар, актерлердің шеберлігі де жаман емес. Әйтеуір жеңіл-желпі комедиядан ада, эмоциялық толқынысы бар ауыр тақырыпты көрсетуге талпынған. Тәуір-ақ дестік.
Иә, киноны көріп болып, режиссермен сөйлескенше бәрі жақсы болды. Фильмнен кейінгі тулаған ойды айтуға, сандаған сұрақты қоюға асығып, режиссермен сондай бір шынайы шығармашыл әңгімеге оқталғаным сол еді... Кенет... Кенет біз күткен шынайылық біртіндеп шытынай бастады.
Ең алдымен, орысша жауап берсем деді. Осы тұста іштегі буырқанған толқын сәл кідірді. Бірақ киноөндірістегі мамандардың, жалпы бүгінгі қоғамда ана тілін білмейтін замандастарымыздың көп екені қалыпты жағдайға айналған жоқ па? Бұған неге іркілемін? «Бастысы, ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосып жатыр» деп кідірген ойымды жұбатқандай болып, келесі сұрағымды қойдым. Нанымды жауап жоқ. Киноның көтерген әлеуметтік тақырыбынан қоғамның бейнесін іздеген мен сөзді солай қарай бұрдым. Осы тұста ақтарылар дедім. Тіпті айтар жауабын да ойша елестетіп, тебірене тыңдауға дайын тұрмын. Тағы да суда жүзген балықтай қолымнан сусып шыға берді. Кинокартинаға себеп болған ешқандай бір оқиға, яки бір ой, буырқану, тағдыр жоқ екен. Барлық сюжет өз қиялында ғана дамып, ешқандай әлеуметтік мақсатсыз аз ғана уақытта дүниеге келген. Аз ғана уақытта түсірілген. «Бүгінгі қазақ киносына қандай баға бересіз? Қай деңгейде? Не керек? Не жетпейді?» дедім бір сәтте енді қайтер екен деп. Сыпайы жымиды. Бұл туралы ештеңе айта алмайтынын айтты. Ештеңені байқамайды, ешкімді мақтамайды, ешкімді жамандамайды, жалпы, жан-жағына, қоғамға, өз саласына бағамдап қарамайтын, ештеңеде шаруасы жоқ кісінің кейпі... Тіпті жаңа киносының прокатынан да үміті жоқ. «Мұндай фильмдер касса жинамайды», деді кесіп. Иә, ол өзі айтқандай, киноны халық үшін немесе қандай да бір мақсатта, бір мәселені көтеру үшін, ұлттық өнерді дамытайын деп түсірмейді екен. Тек өзі үшін, қиялын таспаға түсіру үшін...
Қандай да бір трагедиялық жауап күткен менің еңсем шындап түсейін деді. Алғашқыдай көзімде от жоқ, фильмнен кейінгі әсер де суыған. Өнерге, эстетикалық талғамға, классикаға деген құштарлығым да санамның бір бұрышында тығылып қалды. Енді тәуір ой айтылмас деп әңгіменің соңы жаттанды сұрақтарға ауды. Ол да жаттанды жауап берді. Мен күткен шынайылық жоқ. Сондай атүсті, салғырт, бұлғақтаған жауаптар. Өзі тіпті әртіс пе дерсің. Бергі жағы сондай сыпайы. Ал арғы жағында ұлт мәдениеті деген ұғым мүлде жоқ сияқты...
Көпке белгілі кейінгі уақытта мемлекеттің қолдауымен көптеген жаңа фильм жарыққа шығып жатыр. Бір фильмге бөлінетін қаржы аз емес. Ал ол қаржы, әрине, ең алдымен, ұлттық киноны дамыту, қазақ мәдениетін ілгерілету мақсатында беріледі. Жүрекке салмақ түсірер сұрақ: жылда шығып жатқан ондаған фильм мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны ақтап жатыр ма? Бұл кинолардың берері не? Ұлттық мәселені қаузай ма? Ұлттық құндылықты көздей ме? «Тек өз қалауы мен қиялы үшін түсіретін» менің режиссерімнің туындылары қазаққа қаншалықты жақын?
Әрине, өз қаржысына қалағанын түсіріп, халыққа ұсыну бұл бір бөлек. Ал мемлекеттің қазынасынан бөлінген қаражатқа тек ұлттық мақсатты көздейтін көркем дүниелер жасалса керек-ті. Әлқисса.
Бұл менің азды-көпті журналистік жолымдағы ең сәтсіз сұхбат болды. Десе де осы сәтсіз сұхбатымдағы сәтті сұрағым «Газет оқымайтын шығарсыз?» дегенім екен. Ол да еш абыржымай, әу бастан бергі мен күткен сөзді айтты. Өзі қазақша сөйлемейтін адам, әрине, газет оқымайды. Мен де қызықпын...