• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 23 Тамыз, 2024

Сана тазармай, дала тазармайды

57 рет
көрсетілді

Жаһандану заманында БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасында көрсетілген табиғатты аялау, қоршаған ортаны бүлінуден сақтау туралы ұрандарының тиімділігі тіптен төмендеп кеткенге ұқсайды. Өйткені ауа қажет болса, ағаштарды сақтап, ауыз су қажет болса, су бассейндерін таза ұстау керектігін бұл әлем әлі күнге дейін түсіне қоймағанға ұқсайды. Табиғатқа қарсы жасалып жатқан тағылықтың бітетін түрі жоқ.

Бұл проблеманың біздің елге де тікелей қатысы бар. Өйткені жер аумағы кең, табиғаты бай мемлекет болғанымен, ол қазіргі әртүрлі ғаламдық қауіп-қатерлерден тыс тұра алмайды. Керісінше, бұл жағдай үлкен жауапкершілік пен еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Мұнда жалпылама сөз бен бұрынғы немқұрайдылықтың ендігі жерде жүрмейтіндігі анық. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың іске асырып жатқан Әділетті Қазақстанды құру саясатынан анық көруге болады. Бұл мәселені Президент әу бастағы сайлауалды сөзінде көрсеткен-ді. Президенттің ондағы мақсаты – Әділетті Қазақстанды құруды бұрынғы қателіктерді ескеріп, түзетіп, қордаланған мәселелерді шешумен байланыстыра қарауы бір-бірімен тығыз байланысты «әділ мемлекет – әділ экономика – әділ қоғам» сияқты үш қағидатқа негізделетін жаңа мемлекеттік саясатқа басымдық беру еді.

Әділ Қазақстанды құру әділ аймақтық саясатты талап етті. Өйткені ол үлкен қалалардағы да, шағын ауылдардағы да халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуі керек. Осыған байланысты мемлекеттің негізгі мін­деті құқықтық тәртіп, азаматтардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтама­сыз ету болмақ. Бұл жалпы әлеумет­тік-экономикалық реформаларды тереңдету үшін қажет. Аталған жаңа мемлекеттік саясат азаматтардың, бизнестің, мемлекеттің мүдделері мен әл-ауқатының теңгеріміне, сондай-ақ ел ресурстарын тиімді пайдалану­ға негізделген «Әділ экономиканы» құруға бағытталған. Ол жұмыспен қамтуды және адамдардың әлеуметтік бірлігін, аумақтық теңгерімді дамытуды қамтамасыз ететін заманауи өнімді еңбек нарығын құруды мақсат етеді. Ол сонымен қатар өмірдің барлық саласына цифрлық технологиялар­ды енгізуді, ауыл шаруашылығын отандық экономика­ның жаңа қозғалтқы­шына айналдыруға бағытталмақ. Яғни әділ аймақтық саясат ауылдық жерлер­дегі халықтың жайлы өмір сүруін, әрбір отбасының таза ауызсуға, сапалы жолға, тұрақты ұялы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу дегенді ағартса керек. Бұл еліміздің барлық өңіріндегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жаңғыртылуына әкелуі қажет.

Демек Президент аймақтық сая­сатта бірінші кезекте әлеумет­тік-экономи­ка­лық дамудағы тең­герімсіздіктерді азайтуға басымдық беріп отыр. Онымен қоймай, әр өңірге тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс үйлестіру үшін әр аймақтың өзіне тән табиғи-географиялық және әлеуметтік-эко­номикалық ерекшеліктерін ескерудің маңызы артуда. Осылардың арасында елдегі экологиялық проблемаларға, әсіресе ауа мен ауызсудың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі бұл мақсатқа ондаған жыл бойы қыруар қаржының бөлінгеніне қарамастан ауызсу мәселесі өз шешімін таппай келеді.

Мемлекет басшысы туризмді дамытуды экология мәселесімен байланыстыра қарай келе, табиғатқа зиян келтіруге болмайтындығын ескертіп, ондағы өткір мәселелердің де бар екенін атап өтті. Қазақстанның өзен-көлдерінің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Əсіресе елді мекендерге жақын тоғайлардың іші лас. Іргелес елді мекендердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарын ағаш арасына тастау əдетін қояр емес. Ормандарда өрттің тұтану қаупі де жоғары. Адамдар осыны түсініп, тоғай арасын бүлдірмесе игі еді. Сондықтан тазалықты сақтау үшін  «Таза Қазақстан» сияқты арнайы экологиялық акциясы қолға алынады. Мұндағы мақсат – тұрғындардың сана-сезіміне ықпал етіп, бұл жұмыстың тиімділігін арттыру және азаматтардың экологиялық сауатын көтеру арқылы қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру. Ол үшін ағартушылық жұмыстармен ғана шектелмей, бұл іске ауқымды қоғамдық сипат беру керек. Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері мен жергілікті билік органдары және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен табиғатты аялауға бағытталған нақты шешімдер қабылданып, тиісті жоспарлардың жасалуы дұрыс.

«Сонда ғана демалыс орындарында қоғамдық талапқа сай, өмір сүруге лайықты инфрақұрылым қалыптасып, әрбір азамат, кез келген турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білетін болады», дейді Президент.

Мұндай жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірлерде «Таза аула. Таза өлке. Таза ел» ұранымен басталып, «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Тазалық табалдырықтан бастала­ды», «Таза қала», «Менің таза мектебім», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Таза өзен», «Тазалық өзімізден басталады» сынды атаулармен апта сайын ұйым­дастырылып жатыр. Елімізде «Жасыл ел» еңбек жасағының жазғы маусымы бас­талды. Жергілікті атқарушы орган­дардың мәліметтерінше, акцияға 2,4 миллионға жуық адам, соның ішін­де еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюд­жеттік ұйымдардың қызметкерлері мен кәс­іп­керлер қатысты. Жүздеген мың аула мен ондаған мың әлеуметтік нысан­ның аумағы тазартылды, 900 мың тонна­дан астам қоқыс шығарылды, мил­лиондаған көшет отырғызылды. Мың­даған қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылып, тарихи-мәде­ни нысандар ретке келтірілді. Соны­мен қатар өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айнала­сын­дағы аумақтар мен арықтар тазартылды.

«Таза Қазақстан» акциясына отандастарымыздың белсене үн қосып, ерекше ынта-ықылас білдіруі елдіктің үлгісі мен өнегесінің бір көрінісі ғана. Ендеше, ол табиғаттың тазалығына әкеліп, жұрт оның нәтижесін көріп жатса, бәлкім, сонда оның бойында ұлттық идеяның тамыры қайда жатқандығын түсінерліктей жан тазалығы пайда болар еді. Сонда ғана халықтың «Жер-ана» мен тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімі мен сүйіспеншілік сезімінің артатыны анық.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері