Хакім Абайдың туған күні аясындағы іс-шаралар «Жастар» театры сахнасында түйінделді. Ақын мұрасын ұлықтау мақсатында өткен «Абай аманаты» атты кешке зиялы қауым мен абайтанушы ғалымдар, әртістер мен елорда қонақтары қатысты.
Музыкалық кеште әншілер Алтынай Жорабаева, Сүндет Байғожин, халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Рысқали, ROYAL квартеті мен айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан, басқа да өнерпаздармен қатар «Жастар театры» ұжымы да сахнаға шықты. Ал Ұлттық аспаптар ансамблі музыкамен әрлеп отырды. Шығармашылық кештің шымылдығы «Бала Абай» бейнесюжетімен ашылып, «Жас Абай» мен «Дана Абай» бейнекөріністері көрсетілді. Сонымен қатар Абай әндері де нақышына келтіре орындалды. Ал айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан ақынға арнаған өлеңін орындап, көрермен көңілін көтерді. Кеш барысында «Жастар театры» ұжымының «Абай – Тоғжан» спектаклінен үзінді қойылды.