Өскеменде Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті мүшелерінің көшпелі мәжілісі болып өтті
Оны Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, қоршаған ортаны қорғау мәселелерінің бүгінгі таңда аса маңызды екеніне тоқталды. Шығыс Қазақстанда елдегі орманның жартысынан астам қоры бар. Бірақ соңғы жылдары орман қалың өрт құшағына орала бастады. Мыңдаған гектар орман өртеніп кетті. Ауа райының екі-үш жыл бойы қатты ысып, жауынның аз жаууы салдарынан ормандарда өрт жиі шығады. Оны сөндіру, жаңадан ағаш көшеттерін отырғызу ақырындап болса да жүзеге асырылуда.
Кенді Алтайдың шыршасы, балқарағайы мен кедр жаңғағы ауруға жиі ұшырай бастады. Кәртейген ағаштың орнына жаңасын отырғызуды батыл қолға алмаса, ақыры апатқа ұшыратуы мүмкін. Ағашты отау да жақсылыққа апармайды. Сондықтан халық қалаулылары ағашты кесу, оны ретсіз жоюға жол бермеу мақсатында мораторий енгізген. Сенаттың көшпелі мәжілісінде орман және орман шаруашылығы саласында еңбек ететіндер алаңдаушылығын жасыра алмады. Ағашты кесуге мораторий енгізілгелі көптеген кәсіпорындар жабылып, адамдар жұмыссыз қала бастаған. Сенат депутаттары мынадай бір құнды пікір келтірді. Көп ретте адамдар орманды әдейі өртейтін көрінеді. Себебі белгілі, сырты жанып, іші бүтін қалған ағашты өз кәдесіне жарату пайдалы. Ал орман қорының азаюы көпшілікті алаңдатып отыр. Өйткені, бұрынғы орманды қалпына келтіру үшін кемінде 80-100 жыл керек.
Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы Ерлан Нысанбаев орман саласындағы кейбір мамандардың пікірін жөнсіз деп санайды. Себебі, орман өңдейтін кәсіпорындардың тұйыққа тірелуі мораторийге дейін емес, одан көп бұрын болған жағдай. Ағашты аяусыз отаған жат пиғылдылар өз қалталарын толтырып отырған, ал бюджетке бір тиын да қаржы түспеген. Сондықтан ағашты орынсыз кесуге мораторий жариялауға тура келген. Ал оның тиімді жақтары аз емес.
Үш жылдан кейін мораторий өз күшін жоймақ. Оған дейін кешенді бағдарламалар қабылданып, орман байлығын қорғау, ағаш өнеркәсібі саласы үшін қажетті шикізатты орнымен пайдалану, басқа да мәселелер шешімін табуы тиіс. Бұдан бұрындары Шығыстың ормандары 47 миллиард теңгенің өнімдерін беріп келген. Қазір олардың кірісі 1,5 миллиард теңгеге азайып кеткен. Семейдегі көне орман белдеулерін қорғауға қаржы бөлінбек. Облыс әкімі Б. Сапарбаев “Семей орманы”, “Ертіс орманы”, басқа да шаруашылықтардағы байлықты стратегиялық байлық деп санап, оларды ерекше қорғайтындарын тілге тиек етті. Кадрлар жалақының аздығынан тұрақтамай отыр, демек, бұл сала қызметкерлеріне министрлік қамқорлық жасаса жөн болар еді.
Бұдан кейін өңір басшысы омарта және марал өсірудің проблемаларына тоқталды. Мәселен, облыс еліміз бойынша балдың 70 пайызын өндіреді. Егер тиісті орындар қаржы бөліп, қолдау жасаса, Кенді Алтайда бал әзірлеу мүмкіндігі бұдан да зор. Мемлекет қолдау көрсетсе, панты өнімдерін де төрт есеге дейін көтеруге болады.
Б.Жылқышиев, басқа да жеті сенатор аталмыш бағдарлама бойынша өз ойларын ортаға салып, өркендеудің өрелі жолдары жайлы ой қозғады. Бердібек Мәшбекұлы Шығыстың экологиясы күрделі болуына байланысты Семей ядролық апат аймағынан зардап шеккендердің зейнетақысына қосымша қаржы бөлу жөнінде ойын жеткізді. Мәжілісте экологияны және экономиканы сауықтыру төңірегінде шешім қабылданды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
ӨСКЕМЕН.