• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 23 Тамыз, 2024

Ғалам ғажаптары: Тасбақаға ғашық көбелек

85 рет
көрсетілді

Тасбақа да жылайды. Амазонканың тропикалық ормандарында өте қызық құбылыс кездеседі: көбелектер тасбақалардың көзінің жасын ішеді. Осылайша, қанатты жәндіктер ағзаларын қажетті минералдарға толтырады. Тасбақалар мен кө­белек­тердің бұл байланысын Там­бопата ұлттық саябағындағы зерттеу орталығының қызметкері Фил Торрес түсіндіреді.

Оның айтуынша, тропикалық ор­мандағы тіршілік иелеріне ең алдымен тұз жетіспейді. Себебі бұл аймақтағы судың барлығы өте тұщы келеді. Жыртқыштардың жарасы жеңіл. Олар аминқышқылы мен натрийді еттен алады. Ал шөпқоректілер мен жәндіктер, оның ішіне көбелектер де кіреді, дәруменін қосымша көздерден іздейді. Жабайы табиғатта бұл құбылыс жиі кездеседі. Айталық, тотықұстар сазды жалайды, маймылдар топырақ жейді. Бір қызығы – Амазонка ормандарынан басқа жерде жануардың көз жасы арқылы минерал жетіспеушілігін толтыру жоқ. Көз жасына аралар да құмар. Бірақ олардың ызыңы тасбақаның мазасын қашырады. Ал көбелектер тасбақаларға еш кедергі келтірмейді. Үйлесім деп осыны айт!

 

Ғарыштағы керемет

Чилиде орналасқан Джемини обсерваториясы екі галактиканың жанасуынан пайда болған «ғарыш көбелегін» суретке түсірді.

Ғарыш денелерінің сақиналары жәндіктің екі қанатын еске салады. Сол себепті құбылыс осылай аталып кеткен. Галактикалардың өзара жақындасуы жаһан галереясын одан сайын қанықтыра түседі. Мәселен, соның нәтижесінде ғарышта жаңа жұлдыздар пайда болады. Олар «ғарыш көбелегінің» «қанаттарынан» орын табады. Оның жерден қашықтығы 180 млн жарық жылын құрайды.

 

Рухани кәмелет

Адамзат көбелекке қадым заманнан сұлулық пен нәзіктіктің көркем бейнесі ретінде көз суарып келеді. Оның дернәсіл болып дүниеге келіп, жұлдызқұрт болып есейіп, ақырында ең әсем гүлдердің ең тәтті шырынын татып, қанатымен аспанда қалықтап жүрген қазіргі қалпына жетуі – табиғаттың таңғажайып құбылысы.

Ал ғалымдар мұны адам жанының жаңа сатыға көтеріліп, кемелденуінің рәміздік бейнесі ретінде түсіндіреді. Жұлдызқұрт қауашақ жасап, тәнін жаңғыртқаны секілді адам жанының жаңғыруы да кеңістіктің жаңа дидарын көрсетеді.

Иә, көбелектің ғұмыры қысқа. Бірақ ол осы қалпымен-ақ адам баласына дәл қазіргі сәттің өте қымбат және бар болудың қандай бақыт екенін үйретеді.