• RUB:
    5.28
  • USD:
    482.78
  • EUR:
    536.66
Басты сайтқа өту
Таным Кеше

Сіз білесіз бе? Сақ патшайымы – Зарина

46 рет
көрсетілді

Грек тарихшысы Ктесий: «Сақ әйелдері ержүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетеді», деп жазба қалдырған. Сондай жауынгер әйелдердің бірі – Зарина. Ол – сақ патшасының қызы, Мермер қолбасшысының әйелі, Роксанаки қаласының билеушісі. Бұл қала Сырдария жағалауында, кейіннен Сығанақ қаласының іргесі қаланған аймақта орналасқан.

Ғалым Алма Қы­раубаеваның «Ежелгі әдебиет» еңбегінде Зарина патшалықты қолына алғаннан кейін қырық қыздан тұратын атты әскер жасақтады деген дерек бар: «Олар ерлерше киінетін болған. Үстеріне сауыт, бастарына дулыға, аяқтарына етік киіп, Зарина патшайымды қорғап жүріпті. Қырық қыздан құрылған атты әскер кез келген уақытта Заринаны қауіп-қатерден, бәле-жаладан сақтап қалуға тиісті болатын», дейді кітапта.

 

Алғашқы ақын әйел

Ол біздің дәуірден жиырма үш ғасыр бұрын өмір сүрген. Шумер мен Аккад халқы оны төбесіне көтерді. Жырларын жаттап, өнегесін орындады. Бұл қасиетті әйелді ғалымдар ең алғашқы ақын деп тұжырымдайды. Оның аты – Энхедуанна.

Аккад патшасы Саргон – ме­сопотамдық қала-мем­лекеттерді ба­ғындырып, алғашқы империя құрған тұлғалардың бірі. Оның қызы Энхе­дуанна Құдай-ана ғи­бадатханасының жо­ғарғы қызметкері болды. Энхедуаннаның жырлары әкесінің дәл билік құрып тұрған кезінде тасқа басылды. Онда мінәжат жырлары мен ғибадатхана гимндері қашалып жазылған көрінеді. Бір қызығы, археологтер шығарманың соңында авторлық қолтаңба қою дәстүрін де осы Энхедуанна бастаған деп топшылайды. Біздің заманымызға «Нин-ме-сара» атты гимні жеткен. Кейбір ғалымдар Энхедуаннаны шумер әдебиетінің Шекспирі деп атайды.

 

Эвересті бағындырған ару

Юнко Табей – 1975 жылдың 16 ма­мырында Жер шарының ең биік нүк­тесіне шыққан алғашқы әйел.

Жапония университетін тәмамдағаннан кейін, Юнко әйелдер арасында альпинис­тер ұйымын құрады. Соның нәтижесінде, ол өзінің командасымен тарихта бір-ақ рет адамның табаны тиген Гималайдың ең биік тау жотасы Аннапурнаны бағындырады.

Бастапқыда Юнконың айналасы оның Эвересті бағындыра алатынына сене алмаған. Сондықтан мақсатына жету жолында көп кедергі кездескен. Әйтеуір бұқа­ралық ақпарат құралдары араласып, альпиниске өрмелеуге рұқсат алып, экс­педицияға қажет қаражатты жинап береді.

Эвереске көтерілу кезінде жапон лагері қар көшкініне тап болып, соның салдарынан біршама альпинист жарақат алады. Оның ішінде біздің кейіпкеріміз де бар. Алайда Юнконың мықты ерік-жігерінің арқасында, қыздар тобы шыңның ең биік нүктесіне шығады.