• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Теннис 23 Тамыз, 2024

US Open басталады

69 рет
көрсетілді

Теннистен АҚШ-тың ашық біріншілігінің басталуына санаулы күн ғана қалды. Нақтылай айтсақ, 26 тамызда Нью-Йоркте шымылдығы түрі­летін жарыс 8 қыркүйекте өз мәресіне жетеді. «Үлкен дулыға» санатына енген дүбірлі додада әлемнің ең үздік ойыншылары өнер көрсетеді. Бақ сынаушылар қатарында еліміздің де теннисшілері бар. Биыл US Open турнирінің жүлде қоры 75 млн долларды құрап отыр. Бұрын-соңды теннисшілердің бірде-бір бәсекесінде дәл осындай қомақты сыйақы тағайындалмаған еді. Бұл – рекордтық көрсеткіш!

АҚШ-тың ашық біріншілігінің 143 жылдық тарихы бар. Бұл турнирдің тұсауы сонау 1881 жылы кесілген. Алғашқы жеті жарыста Ричард Сирс қарсылас шақ келтірмеді. Бостонда дүниеге келген бұл спортшының қол жеткізген жетістігі бұдан да зор болуы керек еді. Бірақ жарақатына байланысты Ричард 1888 жылы небәрі 26 жасында спорттық мансабын аяқтады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Сирстің көрсеткішін оның отандасы Уильям Ларнед қайталады. Алғашында ол 1901 мен 1902 жылдары топ жарды. Содан кейін қарқынын біраз бәсеңдетіп алды. Есесіне 1907–1911 жылдары Ларнед қайта қаһарына мініп, олжалаған бас жүлделерінің санын жетіге жеткізді. Кейіннен АҚШ-тың тағы бір теннисшісі дәл сондай нәтиже көрсетті. Ол – Бил Тилден. Филадельфия шта­тында дүниеге келген жалынды жігіттің 1920–1925 және 1929 жылдары бақ жұлдызы жанды.

Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, жоғарыда есімі аталған саңлақтардың рекорды сол қалпында. Бұл көрсеткішті 95 жыл бойы ешкім жаңарта алмады. Иә, маңайлағандар болды. ХХ ғасырдың екінші жартысында Джимми Коннорстың (1974, 1976, 1978, 1982, 1983 жылдары) бес мәрте мерейі үстем болса, Джон Макинрой (1979, 1980, 1981, 1984) мен Пит Сампрас (1990, 1993, 1995, 1996) төрт турнирде топ жарды. Бұл теннисшілердің барлығы да америкалықтар. ХХІ ғасырда Род­жер Федерер біраз ойқастады. Швейцарияның мақтанышы бес жарыс­та (2004–2008) жеңіс тойын тойлады. Жалпы, оның да жеті дүркін чемпионы атануға мүмкіндігі болды. Алайда Федерерді 2009 жылы финалда аргенти­на­лық Хуан Мартин дель Потро тоқтатса, 2015 жылы ол сербия­лық Новак Джоковичтен жеңілді. Ал сол Джо­кович (2011, 2015, 2018, 2023) пен испаниялық Рафаэль Надаль (2010, 2013, 2017, 2019) сынды атақтары алысқа жайылған жампоздар US Open додасында олжалаған бас жүлделерін санын төрттен асыра алмады.

Әйелдер арасындағы жағдай да – дәл ерлердікіндей. ХХ ғасырдың алғашқы жарты­сында Молла Маллоридің қойып кеткен рекордын әлі де ешкім бұза алған жоқ. Нор­вегияда дүниеге келіп, кейіннен АҚШ-тың азаматтығын алған ол Нью-Йорктегі турнирді сегіз рет (1915–1918, 1920–1922, 1926) ұтты. Сол кездердегі оның басты бәсекелесі болған Хелен Уиллз-Муди (1923–1925, 1927–1929, 1931) жеті жарыс­та қарсылас шыдатпады. Бұл ойын­шылардың барлығы да АҚШ-тан. Одан кейін аустралиялық Маргарет Корт (1962, 1965, 1969, 1970, 1973) пен германиялық Штеффи Графф – 5 рет (1988–1989, 1993, 1995–1996) және америкалық Крис Эверт 6 мәрте (1975–1978, 1981–1982) теңдессіз деп танылды. Ең соңғы болып Молла Маллоридің рекордына жақындаған Серена Уильямс еді. Нью-Йоркте өткен дүбірлі додада ол 6 рет (1999, 2002, 2008, 2012–2014) дараланды.

Былтырғы АҚШ-тың ашық біріншілігінде Новак Джоковичке тең келер ешкім табылмады. Жартылай финалда ол америкалық Бен Шелтоға шаң қаптырды – 6:3, 6:2, 7:6. Финалда ресейлік Даниил Медведевтен мерейі үстем болды – 6:3, 7:6, 6:3. Осылайша, Сербияның саңлағы аталған турнирдегі төртінші титулын ие­ленді. Әйелдер сайысында Кори Гауффтың асығы алшысынан түсті. Жартылай фи­нал­да 19 жастағы Фло­рида штатының тумасы че­хиялық Каролина Мухованы қапы қалдырды – 6:4, 7:5. Ақтық сайыста беларусьтік Арина Соболенкоға сан соқтырды – 2:6, 6:3, 6:2.

Отандастарымыздың арасынан US Open турнирінде ең тәуір көрсеткішке қол жеткізген Ярослава Шведова екенін айта кеткен абзал. Америкалық Ваня Кингпен жұптасып өнер көрсеткен ол 2010 жылы бас жүлдені олжалады. Сол сәт күні бүгінгідей көз алдымызда. Финалда Надежда Петрова (Ресей) мен Лизель Хуберге (АҚШ) қарсы кездесуде камбэк жасап, күміс кубокті төбесіне көтерді. Дәл сол маусымда Шведова Уимблдонда да теңдессіз деп танылды. Бұл Қазақстан теннисшілерінің «Үлкен дулыға» турниріндегі тұңғыш титулдары еді.