Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі әдеби саланы дамытуға және жас авторларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – Алматы облысынан бастау алған жас ақын-жазушыларға арналған әдеби тур.
Министрлік жанынан құрылған «Alqa» жастар клубының мүшелері Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай жазушының ауылы Қостөбеге барып, қаламгер оқыған тарихи мектеппен танысты.
Сонымен қатар мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазға табан тіреп, ақынның өмірінен сыр шертетін әдеби-мемориалды музейге барды.
Мұражайдың үш экспозициялық залында ақынның 1200-ден аса экспонаты, жұмыс үстелі мен қолданған заттары және қолжазбалары қойылған. Сапар барысында жас ақындар жыр оқып, әдеби кеш өткізді.
Әдеби іс-шара аясында қатысушылар Райымбек батыр ескерткішіне тағзым етіп, Көлсай, Шарын шатқалында да болды.
Әдеби тур Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай Жетісу облысында жалғасады.