• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Тамыз, 2024

Халал өнімдерге талап күшті

100 рет
көрсетілді

Халал ұғымы денсаулыққа зиянсыз өнімдер мен қызметтерді білдіреді. «Халал тағам» дегенде оның құрамында тек шошқа етінің болмауын ғана білдіру шарт емес. Осыған сәйкес, Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті қабылдаған стандарттарда біраз шаралар кешені қарастырылған.

Бүгіндері халал өнім­дер­ге деген сұраныс әлем­нің мұсылман емес тұр­ғындары арасында да арта түс­кенін байқауға болады. Өйткені қазір дүкен сөре­ле­­рінде құрамында шошқа еті, жануарлардың қаны мен ГМО бар өнімдер қаптап кеткен. Жалпы, халал белгісі бар өнімдерде канцерогенді, түрлі зиянды консерванттар мен тағамдық қоспаларға тыйым са­лынған. Күнделікті өмірде пайдаланатын тағамдары мен тұтынатын заттарына жіті көңіл бөлетін сатып алушылар сапа­ның бірінші кезекте тұруын талап етеді. Сондықтан халал белгісі сапа мен қауіпсіздіктің синониміне айналған деуге болады.

Дүниежүзінде халал азық-түлік нарығы бүгінде 1,5 млрд доллардан 2,2 млрд дол­ларға дейін бағаланады. Сарап­шы­лар­дың зерттеуі бойынша, бұл көрсеткіш 2028 жылы 4,1 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтіледі. Сонымен қатар әлем­де­гі мұсылман халқының өсу факторына сәйкес, 2025 жылға қарай аталған өнімнің үлесі өндірілетін барлық өнімнің кем дегенде 20%-ын құрауы мүмкін.

Елімізде осы өнім түрін өндіретін 4 мыңнан астам кәсіпорын бар. Адам азғасына қауіпсіз, тексерістен өткен, сертификаты бар өнімге деген сұра­­ныстың артуы отандық халал өнімдердің экспорттық мүм­кіндігін ұлғайтып отыр. Бізде бұл өнімді дамытуға мем­ле­кеттік деңгейде 18 ұлттық стандарт, ТМД елдері үшін мемлекетаралық стандарттың 11 жобасы әзірленген. Онда мал сою, опа-далап, туризм, қызмет көрсету, сертификаттау жөніндегі органдардың жұмыстарына байланысты талаптарды қамтыған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жа­нындағы «Халал даму» орта­лығы, «ҚазСтандарт» респуб­ликалық кәсіпорны, «Қазақ­стан халал индустриясы» қауым­дас­тығы мен «Halal Quality Center» ЖШС халал серти­фикатын берумен айналысады. Былтыр бірінші жарты­жыл­дықта халал ет және ет өнімдері 83 млн долларға, ал жан­уарлар мен өсімдіктерден алынатын дайын азық-түлік тауарлары 2,7 млрд доллар шамасында экспортқа шығарылған. Бұл көрсеткіш биыл 122 млн долларға немесе шамамен 5 пайызға өскен. Тех­никалық реттеу және метрология комитетінің мәліметтеріне қара­ғанда, еліміздің тамақ өнім­деріне бірыңғай техникалық регламент бойынша 100-ден астам аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Оның 37-сі компоненттердің, соның ішінде шошқа етінің ДНҚ-сын анықтайды. Сертификаттау ерікті негізде жүргізілетініне қарамастан, аталған ұйымдар соңғы 10 жыл ішінде шұжық, ұн, кондитерлік өнім, сусын, жартылай фабрикат, сүт және бал өндіретін отандық кәсіп­орын­дарға 1 300-ден астам сертификат берген. Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде ет өнім­де­рінің 70-75%-ы және тауарлар мен қызметтер негізгі нары­ғының 65%-ы өздерін халал ре­тінде көрсетеді.

Біздің халал өнімдер Еуро­одақ, АҚШ пен Қытай елде­рі арасында жоғары сұра­ныс­қа ие. Сонымен бірге Түркия, Иран, Ресей, Орталық Азия елдеріне экспорттау белсенді жалғасып келеді. Алайда тұты­ну­шылар арасында халал өнімі­не күмәнмен қараушылар да жеткілікті. Серти­фикатты оңды-солды таратушы ком­па­ния­­лардың да, халал белгісін өзді­гінен өнімдерге жабыстыра беретін өндірушілердің де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің ресми мәлі­ме­­тін­ше, 2015 жылдан 2022 жыл аралығында іріктелген 1 406 өнімнің 3-4%-ынан шошқа етінің компоненттері табылған. Сондықтан сарапшылар жалған халал заттарға ұрынып қалмау үшін өнімге мұқият мән беруге, тек халал өнімдерін сататын маман­дандырылған дүкендерге баруға кеңес береді.