• RUB:
    5.28
  • USD:
    482.78
  • EUR:
    536.66
Басты сайтқа өту
Университет Бүгін, 10:30

Аризонамен байланыс орнатқан университет

41 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында жалғыз жоғары оқу орны – қазіргі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 1955 жылы алдымен педагогикалық институт болып ашылды. 1994 жылы университетке айналды.

Институттың алғашқы ректорлары А.Санников, В.Цатурян есімді ғалымдар болған. Ал 1969 жылдан 1987 жылға дейін, яғни 18 жыл оқу орнын экономика ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Қанаш Шәкенов ағамыз басқарды. Ол қызмет атқарған жылдары жоғары оқу орнына арналған 3 оқу корпусы, 4 студенттер жатақханасы және оқытушылар мен қызметкерлерге арналған 2 көп­қабатты тұрғын үй салынды. Сондай-ақ жаңа 4 факультет ашылып, кейін оның санын 9-ға жеткізді. Осы жылдары Мәскеу мемлекеттік университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, атақты университеттен білікті профессорлар келіп, студенттерге дәріс оқыды. Ал 1987 жылдан 1994 жылға дейін институтқа биология ғылымдарының докторы А.Малыгин ректор болды.

1978 жылы Петропавлда Қарағанды политехникалық институтының жалпы-техникалық факультеті ашылып, 1982 жылы жеке филиалға айналды. Оның алғашқы директоры болған Қайырбек Оразов аталған оқу орнына бірнеше оқу корпусы мен жатақхана тұрғызды. Кейін ол Парламентке депутат болып сайланып кетті де, оның орнына белгілі ғалым Ғалымқайыр Мұтанов директор болып келді. 1996 жылы аталған филиал университетке қосылып, оның ректоры болып Ғ.Мұтанов тағайындалды. Іскер ректор аз уақыт ішінде университетті сол жылдардағы экономикалық дағдарысқа қара­мастан, солтүстік өңірдегі үздік жоға­ры оқу орындарының біріне айналдырды. Студенттердің санын 10 мыңға жеткізді.

Биыл Солтүстік Қазақстан универ­ситетіне басқарма төрағасы – ректор болып Ербол Исақаев конкурс арқылы тағайындалды. Оның алдында оқу жылын университет ректорсыз аяқтағанын «Egemen Qazaqstan» газетіне жазған едік. («Ректорсыз университет»., 25.05.24). Сол мақаламыз әсер етті ме, басқа ма, арада бір ай уақыт өткенде Е.Исақаевтың ректор болып тағайындалғаны жарияланды.

Қазір университет мамандарды бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша үш деңгейде даярлайды. Соның ішінде бакалавриат – 85, магистрант – 71 және PhD 7 білім бағдарламасы бойынша даярланады. Ректор Ербол Иса­қаевтың айтуына қарағанда, қазір с­­туденттер саны 5 610, соның 5 262-сі бакалавриаттар, оның 3 347-сі мемлекеттік тапсырыс­пен оқитындар. Сондай-ақ 268 магис­транттың 180-і, 15 докторанттың барлы­ғы мемлекет есебінен даярланады. Ме­дицина факультетінде оқитын 65 студент­тің 38-і де мемлекет есебінен білім алады.

Биылғы 1 шілдеге дейінгі мәліметке қарағанда, университетте 544 студент қос диплом және бірлескен білім бағдарлама бойынша оқиды. АҚШ-тың Аризона университетімен халықаралық жобаны іске асыру жобалық кеңсесінің менеджері Қайрат Сапаровтың айтуынша, бұл жоба 2022 жылы қолға алынған. «Жобаның нәтижесінде университетіміздің аты шығып, елімізге таныла бастады. Осы уақыт аралығында біздің басшылық пен америкалықтардың арасында ынты­мақтастық бойынша бірқатар табысқа қол жеткізілді», деді ол. Қазір бұл бағ­дар­ламамен еліміздің 15 облысы мен Ас­тана, Алматы, Шымкент сияқты рес­пуб­ликалық маңызы зор қалалардан сту­дент­тер білім алып жатыр. Барлық 544 сту­денттің 171-і қос дипломдық, 373-і ха­лықаралық білім бағдарламасы бо­йын­ша оқиды. Биылғы бірінші курсқа түскен­дермен бұл бағдарламаға тағы жүз шақты студент қосылады.

Халықаралық білім бағдарламасы биотехнология, ІТ, инклюзивтік білім, химиялық сарап, өсімдік және технология­лар, электроника және телекоммуникация, астрономия, бизнес және менеджмент бағыты бойынша оқытылады. «Студенттер жинау үшін біз жыл сайын еліміздегі әр қаладағы мектептерге барып, америкалық диплом алу мүмкіндігі туралы ақпарат береміз. Сонымен бірге университеттің вебсайты мен инстаграм арқылы оны жарнамалап отырамыз. Биылдан отандық студенттермен бірге басқа елдің азаматтары да ақылы негізде оқуға қабылданады», деді Қайрат Сапаров.

Студенттер америкалық Тусон қаласындағы Аризона университетіне бір семестр оқиды. Барлық шығынды М.Қозыбаев университеті көтереді. Келесі 2025 жылдан бастап ІТ мен биотехнология бағдарламасы бойынша 40 студент Америкаға аттанады. Одан кейінгі жылдары Америкаға барушылар көбейе түспек. 2026 жылы жоғарыда айтылған бағдарламалардың үстіне инклюзивті білім бағдарламасы қосылып, 131 студент мұхит асып, Америкаға ұшады. Сонымен бірге биылғы оқу жылында әртүрлі бағдарлама бойынша 4 америкалық профессордың Қызылжарға келіп, дәріс оқитыны туралы келісімге қол жеткізілді. Ал қыркүйек айында Аризона университетінен құрамында 5 адамы бар арнайы делегация келіп, жаңа оқу жылының жұмысымен танысады.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақ­стан университетінде бірлескен бағдар­ламалар бойынша Әзербайжан, Арме­ния, Гер­мания, Грузия, Үндістан, Иран, Қы­тай, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Түрік­менстан, Түркия, Өзбекстан елдері­нен 373 студент оқиды.

«Биылғы оқу жылында бакалавриатқа 1 390 студент қабылданды. Ал білім грант­тарының саны – 1 139. Оқуға түсетіндердің барлық саны болжам бойынша 2 мыңнан асатын шығар», дейді Е.Исақаев. Қазір Солтүстік Қазақстан университетінде жоғары санатты оқушылар құрамында 12 ғылым докторы, 39 PhD, 108 ғылым кандидаты, 226 магистр бар. «Атамекен» рейтингі бойынша университеттің 30 бағдарламасы 1-ден 10 аралығындағы орынға ие болған. Былтырғы түлектер­дің 82 пайызы жұмысқа орналасқан. Өндіріс орындарында университет кафедра­ларының 54 филиалы жұмыс істейді.

Өткен оқу жылында университет облыстың түрлі өзекті мәселелерін шешуге бағытталған 351 млн теңге тұратын 23 жобаны іске асырды. Мәселен, астық дақылдары тұқымдарын тиімді құрғату, экологиялық тұрғыдан таза тыңайт­қышқа қол жеткізу сияқты жобалар диқандар тарапынан жоғары бағаланды.

Жоғар оқу орнының материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Қазір М.Қозыбаев университетінің 9 оқу корпусы, 1 365 орынға арналған 5 жатақханасы бар. Петропавл қалалық әкімдігінің қолдауымен 306 орындыққа арналған тағы бір ғимарат жатақханаға берілмек. Сондай-ақ 1 200 орынға арналған 11 қабатты жаңа үлгідегі жатақхана құрылысы жалғасып отыр. Осы күндері жаңа салынған оқу-зертханалық корпусын тапсыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал жазда университеттің жатақханалары мен 5 оқу корпусына толық жөндеу жұмысы жүргізілді.

              

ПЕТРОПАВЛ