• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2015

«Барыс» қатарынан екінші рет жеңіске жетті

284 рет
көрсетілді

АСТАНА. 23 қаңтар. Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын астаналық «Барыс» өз айдынында Новосибирскінің «Сибирін» 3:2 есебімен жеңді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. «Барыс» ойынды бірден шабуылмен бастады. «Қазақстан» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер 9-минутта қақпаға алғаш енген шайбаның куәсі болды. Кезекті шабуылдың бірінде Константин Пушкаревтан пас алған Талғат Жайлауов есеп ашып, командасын алға шығарды. Арада 6 минут өтпей жатып, нәтижелі пас шығарған Пушкарев ойын соңына дейін айдыннан қуылды. Төрешінің мұндай шешім қабылдауына Костяның қарсылас команда ойыншысының басына өте қауіпті соққы жасауы себеп болды. Осы жайттан кейін, ережеге сәйкес біздің команда 5 минуттық айып уақытын алды. Сондай-ақ, аталмыш қақтығысқа қатысқаны үшін қос командадан да бір ойыншыдан екі минутқа айдыннан қуылды. Соған сәйкес, командалар қақпашыны санамағанда 3:4 форматында ойнауға мәжбүр болды. Дәлірегі, қонақтар ойыншылар саны жағынан басымдыққа ие болған еді. Аталмыш мүмкіндікті мүлт жібермеген сібірліктер 16-минутта ПатрикХерслидің көмегімен есепті теңестіріп кетті. Екінші кезеңде ойын тең жағдайда өрбіді. Екі тарап та бір мәртеден ойыншылар саны бойынша басымдыққа ие болғанымен, таблодағы есеп өзгермеді. Тек, үзіліске 3 минут қалған кезде ресейлік команда сапынан Степан Санников мергендігімен көзге түсіп, «Сибирь» 1:2 есебімен алға шықты. Соңғы шешуші кезеңде Андрей Назаров баптайтын команда аянып қалмады. Кездесудің 48-минутында төреші «Сибирь» сапынан Д.Кургишевті таяғын өте жоғары көтергені үшін екі минутқа айдыннан қуды. Өздеріне берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланған «Барыс» хоккейшілері Николай Антроповтың арқасында таразы басын теңестірді. Нәтижелі шабуылға ұйытқы болғандар Роман Старченко мен Кевин Даллмэн екенін айта кетейік. Арада екі минут уақыт өтпей жатып Р.Старченконың да «»қанжығасы майланды». Қорғаушы Майк Ландиннің көк жолақтың бойынан жасаған соққысын «Сибирь» қақпашысы А.Салак қайтарғанымен, дер кезінде қажет жерден табылған Роман есепті еселеп, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Бұл Романның осы маусымдағы 19-шайбасы. Негізі аталмыш ойын өте дөрекі өтті. Оны қос командадан алты ойыншыдан екі минуттық айып уақытымен жазаланғанынан көруге болады. Сондай-ақ, ойында соғылған бес шайбаның үшеуі командалар басымдыққа ие болған кезде жүзеге асты. Осы жеңісінен кейін «Барыс» Шығыс конференциясындағы 6-орнын сақтап қалды. Қоржынымызда әзірге 72 ұпай бар. Келесі ойынды 28 қаңтар күні өз айдынымызда ресейлік «Северстальға» қарсы өткіземіз. Ал бізбен бірге Шығыс конференциясында ойнайтын сібірліктерге бұл жеңіліс айтарлықтай ауыр тиді деуге негіз жоқ. Себебі, бізден 20 ұпайы көп олар конференцияның турнир кестесінде 4-орынға нық табан тіреп тұр. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.
Соңғы жаңалықтар