• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Тамыз, 2024

«Құдайға күпірлік жасама!»

84 рет
көрсетілді

Біздің ауыл тартылған теңіз жағасында. Бір кездері атағы дүрілдеген іргелі шаруашылық болған деседі. Болса болған шығар, оған дау айту қиын. Ал қазіргі тірліктеріне қарадай-қарап қарның ашады. Іштегі күңкіл ғой... Есті кісі туған жерін қиянатқа қия ма? Теңіздің «тірі» кезіндегі берекеден бүгінде тұтамдай белгі қалмаған. Балық өңдейтін шағын зауыттың күнге күйген қамыс қабырғалары сонадайдан ырсиып-ырсиып көзге қораш көрінеді. Төбедегі өрлік бөренелерін біреулер ұрлап әкеткен. Қора соқсақ та неміз кетеді деген шығар.

Бір ғажабы, арадан сонша жыл зымырап өтсе де, сол тұстан әлі күнге дейін тұзға піскен балықтың тәтті иісі мұрын жарады. Сыртына шып-шып майы шыққан қаязды таласа-тармаса жеген қайран күндер еске түседі. Аптасына бірер мәрте аудан орталығымен қатынап тұрған он екі адамдық «АН-2»-ні кімнің ұшырмай қойғаны беймәлім... Жә, балық зауыты істен шыққанымен, ел атажұрттан үдіре көшпестен, табиғаттың қатал мінезімен тайталасып, сол орында әлі отыр. Яғни аралда қалғандай ауылдың үлкен жермен қарым-қатынасы пышақ кескендей үзілсе, келешегі не болмақ? Бұл сұраққа кімдердің жауап берерін білмеймін. Білетінім, біз секілді өмірдің ащы-тұщысын енді ғана тата бастаған жас бөрілерге қиын-ақ. Бөрілер дейтінім – кешеге дейін теңіздің асау толқындарымен алысып өскен ұрпақ бойындағы бұла күш бабында-тын, жаңалықты көруге, жақсылықты қолы­мен ұстауға құштар-ды.

Пойыз туралы түсінігіміз тіпті кісі күлерлік. Пойызға алғаш рет Алматыға оқуға аттанарда отырғанбыз. Содан бері жүрдек пойыздың жанға жайлы рақатын да біршама сезініп үлгердік-ау. Десе де сол пойызға тырнақ іліктірудің өзі ақырзаман. Ауылдан артынып-тартынып, аудан орталығына келесің. Келесің және күтесің. Аралдың, не Қазалының үстінен өтетін жолаушылар пойызына жаз мезгілінде билет табу азаптың-азабы. Оқуға түсіп, жаздың соңына таман оқу басталмай Алматыға жетіп алғысы келетін жасөспірімдердің қара­сы қарақұрым.

Вокзал бастығы, кассир дегеніңіздің танауы аспанда, жердегілердің төбе­ле­ріне зәу биіктен қарайды. Кезек күткендердің арасына тұмсық батпайды. Соны білген соң Қазалыға екі-үш күнді алға салып келеміз. Вокзалға барамыз, кері қайтамыз. «Ертең кел» әбден еңсені езеді. Күтпеске амал қанша. Бүгінгідей ұзыннан ұзақ созылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолы атымен жоқ. Әйтпесе, пойызға телмірмей, автобусқа отырып-ақ жүре бермейміз бе? Жұмсақ орын жамбасыңды тесе ме? Вокзалдан басың салбырап, Қазалыдағы Тәңірберген көкемнің үйіне қайта келеміз. Көкем – тынымсыз адам. Жасының сексенге таяғанына қарамай өте жылдам, жиырмадағы жігіттей жүріс-тұрысына көз ілеспейді. Дымнан-дымсыз қарап отыру – ол кісі үшін үлкен айып. Тірлігі жоқтарды қылмыскерлердің қатарына қосады. Атшаптырым ауласынан алақандай бос жер табылмайды. Қауын-қарбызды былай қойғанда, неше түрлі қызылды-жасылды жемістер көздің жауын алады. Жоңышқаны екі мәрте орады. Күнделікті уақ малынан ауысқанын есек арбасына тиеп алады да, базарға апарып сатады. Үлкен қызметтердің құлағын ұстаған ұлы мен келіні әлденеден намыстанғандай, көрші-көлемнен қуыстанғандай әкесіне әлденеше ескерту жасаған-ды. Ақсақал ондай ескертпені құлағының сыртымен тыңдайды: «Өзімнің маңдай терім, ешкімнен ұрлап-жырлап алғаным жоқ, не істесем де өзім білем!» деп одан әрмен қыңыраяды.

Тәңірберген көкем сауат жағынан да анау-мынауға дес бермейді. Құранды судыратып түпнұсқадан оқиды, газет-журналдарыңды шемішкеше шағады. Бір кездері теңіз жағалап, балықшы болғандығы және бар. Көнебөгенді жиі-жиі есіне алады. Жастық шағы сонда өткен. Ұлы теңіздің түбі тарты­латындығын ерте сезген тәрізді, сосын ағайындарын сағалап Қазалыға көшіп келген. Анамыздың ағасы. Киім киісі, өзін-өзі ұстауы, сақал-мұртын әдемілеп айнаға қарап қыратыны көп жұртты таңғалдырады. Тіпті құс­тың қауырсынынан қиып жасаған тіс шұқығышына дейін өзгеше.

Жиын-терін көтерілген, күз хабары сезіле бастаған шақ. Ол кісі үшін өмірдің көп бөлігі әлі алда. Келер көктемге дейін жердің қыртысын аударып, топырақты бір «демалдырып» алған абзал. Пойызға билет табыл­­мағанына ол кісі де, біз де кінә­лі емеспіз. Қарап жату қайда? Өзі ауланың бір бұрышында атпа шығырдың әр жер-әр жерін жөндеп, жамап жатады. Тық-тық. Балғаның төске ұрғылаған даусы тынымсыз. Жайлап жанына жақындайсың.

– Ертеңге дейін қолың бос па?

– Бос.

– Ендеше сен жассың ғой, мына жерді аударып таста. Саған арнап, есекке соқа жегіп қойдым.

Қолға ыңғайлы соқа. Аударатын жер көлемі айтарлықтай көзге көп көрінбейді. Пойызға билет табылғанша бұл не тәйірі? Бойға қан тарағаны пайда. Оның үстіне қарияға қолғабыс. Есекті қамшылап ауланың ана басы мен мына басын екі-үш мәрте айналып шығамын. Сырдың саз топырағы су тигенде зымыстан боп қатып қалатыны ежелден белгілі. Екі қарым тала ма, әлде жердің соншалық қаттылығы ма, соқаның тісі топыраққа батпай сумаң етіп шыға келеді. Құлға да жан керек. Кішкене аялдап, аяқ суытып алғанға не жетсін? Бүгін бәрін тындырып тастау міндет емес шығар, ертең де күн бар. Соқа­ның шошаңдап топырақ бетіне шыға келетіндігін байқай ма, байқамай ма білмеймін. Сірә, «қарасам басым пәлеге қалар, одан бір адым болса да, алға жылжығаны олжа» дейтін болар.

Бір қауымнан соң: – Көке, аздап дема­лайық, – деймін шыдамым таусылып. Ол кісі үндемейді, естімегендей әрнені тықылдатып отыра береді. Тағы да бір айналам: –Көке, демалайық. Үнсіздік. Ақырында екі қарымның ауырғаны соншалық, көтертпеуге айналды.

– Көке, демалайық.

– Не дейсің?

– Демалайық...

Көкем орнынан созбалақтана тұрып, маған қарай жүзін бұрды: – Бері, бері жақында.

Бір нәрсе айтатын шығар деп ойладым.

– Сені Алматыда үлкен оқуға түсті дейді.

– Иә. «Үлкен оқудың бұл араға қажеті не?»

–  Десе де ой-өрісің, ойлау қабілетің діттеген жерден шықпапты, қалқам.

Не жазып қалғандығымды қайдам.

– Құдайға неге күпір боласың?

– Түсінбедім.

– Оның түсінбейтін несі бар? Осы тұрғанда Құдайға тіл тигізіп тұрсың.

– Қалай?

– Қалай екендігін түсіндірейін. Әрине, мен сені оқытатын үлкен мұғалім емеспін. Менікі қарапайым түсінік. Сен менен демалыс сұрайсың... Құлағым қағыс естімесе солай ғой.

– Солай.

– Ал мен саған қалай демалыс бере­мін? Құдай саған демалсын деп екі танау берді. Екі танауыңмен демал да жүре бер. Мына жалған дүниеде саған мұнан артық ешкім де демалыс бере алмайды. Ал сен Құдайдың бұл кеңшілігіне қанағаттанбай, тағы менен демалыс сұрайсың. Мұның жарамайды, құлдығым! Тағы ескертемін, мұнан былай ешкімнен демалыс сұрама!

Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей, кішкене арық бойына жалп етіп отыра кеттім. Ойым сан-саққа жүгірді. Тауып айтылған және ток соққандай тұла бойыңды дір еткізген аталы сөзге құлақ қоймасқа шараң қайсы? Ауыл-үйдің арасынан алыс ұзап шықпаса да, дария-көңіл, өмір көрген дарқан мінезді данагөй қарттарым-ай! Осы өсиетті әлі күнге дейін жадымнан шығарған емеспін. Жастығына қараймай шау тартып, болар-болмас алдынан ауыр­лау кедергілер кезіксе шаршап, шалдығып қалатындарға сабақ болсын деп Тәңірберген көкемнің осы әңгімесін үнемі айтып жүремін. Қандай табылған тұжырым! Арасына сына қаға алмайсың. Сірә, көп пенденің қолынан келмейтін әрі ыңғайын келтіріп айта алмайтын шеберлік дегенің осы болар. Айтары жоқ, «ондыққа» тиген оқшау ой!..

 

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

жазушы