• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Тамыз, 2024

Оқушыларға қуаныш сыйлады

55 рет
көрсетілді

Елордадағы Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйым­дас­тыруымен «Мектепке жол» акциясы өтті. Қайырым­дылық науқан аясында 200-ден астам балаға оқу құралдары берілді. Сыйлықты этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Аналар кеңесі, «Жомарт жан» орталығы тарту етті.

Материалдық көмектің жалпы сомасы 4 млн теңгені құрайды. Жомарт жандар балаларға қызықты ойын-сауық бағдарламасын да ұсын­ды. Игі іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қатысып, акцияға қолдау көрсеткен барлық жанашыр жанға алғыс білдірді.

– «Мектепке жол» республикалық акциясы жыл сайын дәстүрлі түр­де жалғасып келеді. Бұл акция Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының қолдауымен өтіп жатыр. Балаларға мектепке қажетті барлық құрал-жабдық берілді. Осы орайда акцияға атсалысып, көмек көр­сет­кен демеушілерге алғысымды білдіремін, – деді басқарма басшысы.

Жыл басынан бері қалалық Ассамблея мүшелері көрсеткен қайырымдылық және гуманитарлық көмектің жалпы сомасы шамамен 49,5 млн теңгені құрайды. Өз кезегінде Астана қаласы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әміржан Әлпейісов акцияның мақсатына тоқталды.

– Біздің көздегеніміз – оқу­шы­лар­ды мектепке қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, тұрмыс жағдайы төмен және көп­балалы отбасыдан шыққан балаларға жаңа оқу жылы аясында әлеуметтік қолдау көрсету, – деді ол.

1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға «Мектепке жол» рес­пуб­ли­калық акциясы аясында демеушілік қаражаты есебінен керек-жарақтары бар мектеп сөмкелері түрінде көмек көрсетіледі. Игі іс аясында барлығы 8 500-ден аса баланы қамту жоспарланып отыр.