Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ICDIM-2024 «Диэлектрлік материалдардағы ақаулар» атты ХХІ халықаралық конференция өтті. Оған әлемнің 15 елінен 100-ге жуық физик-ғалым жиналды.
Бұл конференция 1956 жылдан бастап дүние жүзінің әр елінде төрт жылда бір рет өтеді. Сондықтан айтулы жиын биыл елімізде ғана емес, Орталық Азия көлемінде алғаш өтіп отыр. Оған АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Бразилия, Түркия, Оңтүстік Африка, Чехия, Ұлыбритания, Канада, Португалия, тағы басқа елдерден келген беделді ғалымдар қатысып, олар бір апта бойы изоляторлар мен металл емес материалдардағы ақауларға қатысты пікір алмасып, іргелі және қолданбалы зерттеулер жөнінде дәріс оқыды.
Мазмұнды іс-шараның ашылуында сөз алған Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ғалымдар арасындағы ынтымақтастықтың бір көрінісі – халықаралық ғылыми конференциялар өткізу екенін атап өтті.
«Біздің физик ғалымдарымыз осыдан бес жыл бұрын, яғни 2019 жылы 20 елдің ғалымдары қатысқан REI-20 мерейтойлық конференциясын өткізген еді. Бүгін біз сондай маңызды ғылыми форумның бірі – 1956 жылы АҚШ-тың Аргонна қаласында басталған конференциялар сериясының ХХІ конференциясын өткізіп отырмыз. Жаңа ғасыр басталғаннан бері ICDIM конференциялары – Оңтүстік Африка, Латвия, Бразилия, АҚШ, Францияда өткені белгілі. Ал ұйымдастыру комитетінің шешімімен 2024 жылы конференцияны Қазақстанда, оның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізу ұйғарылды. Енді төрт жылдан кейін, яғни 2028 жылы тағы осындай халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр», деді ректор.
Конференция жұмысына Еурзия ұлттық университетінің профессоры Алма Дәулетбекова мен ғылым докторы, Латвия университетінің қатты дене физикасы институтының профессоры Анатолий Попов төрағалық етті. «Қазақстанда алғаш рет өтіп отырған конференцияға жас ғалымдардың қатысуы мені қуантты. Өйткені қазіргі жастар өте білімді, белсенді. Олардың арасында халықаралық деңгейде танымал жас ғалымдар да бар. Бұл басқосу оларға шетелдік әріптестерінен жаңа білім алуға ғана емес, сонымен қатар болашақта тағылымдамадан өтуге, Еуропалық ғалымдармен бірлесіп жаңа зерттеу жұмыстары туралы келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді», деді Латвия университетінің профессоры А.Попов.