• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Тамыз, 2024

Теріскейдің рухани темірқазығы

253 рет
көрсетілді

Әр өңірде ұлт мүддесінің те­мірқазығы болады ғой. Солтүстік Қазақстан облысында сондай жігіт Кемел Қарашаұлы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызмет саласында 27 жыл тер төгіп, облыста қазақ тілін дамыту, мәдениет, ішкі саясат басқармаларында басшылық қызметтерді тапжылмай атқарып келеді. Әсіресе руханият саласын­дағы еңбегі зор.

Қарашаұлы болмаса қайтер еді...

Бұл басқармалардың жұмысы әкімнің тікелей қолдауымен ғана сәтті болатыны белгілі. Кейбір әкім­дер мемлекеттік тілді дамыту, оған қанаттас жер-су атауларын қазақыландыру, әдебиет, мәдениет мәселелерін қолдау, БАҚ сала­сы қызметін үйлестіру сияқты жұмыс­тарды басқалардың шамына тиіп кетер деген оймен қорғалақтап, мұндай істердің тек «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» ғана атқарылуын қалайды. Алайда істің ығын табам дегенге әрдайым жол ашық.

Көп жылғы еңбегінде Кемел Оспанов осындай олқылықтармен күресіп келеді. Кейбір басшылар­ға жақпаса да, алған бетінен қайт­пай, небір шетін, нәзік жұмыстар­дың оң шешілуін қамтамасыз етті. Әсіресе ол солтүстіктен шығып, республика деңгейінде елге еңбек сіңірген, тарихымызға, ғылым мен мәдениетке, өнерге, әде­биетке айтарлықтай үлес қосқан тұл­ға­лар­дың есімдерін мәңгі сақтау үшін үлкен ұйымдастырушылық жұ­мыс атқарып жүр. Алаш қай­раткерлерінің еңбектерін елге танытуда да атқарған еңбегі зор. Ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың шы­­ғар­машылығын насихаттауда рес­публикалық іс-шаралар­дың бастамашысы болып, бес рет «Мағжан көк­темі» атты республикалық өнер фестивалін өткізді. Бұл іс-шаралар­ға ұлтымыздың озық тұлғалары Әбіш Кекілбаев, Кәкімбек Салы­қов т.б. белгілі қайраткер­лер қа­тыс­ты. «Алаш» қозғалысы мен Мағ­жан ақынға байланысты Астана, Алматы қалалары мен Фран­ция, Түркия, Әзербайжан елдерін­де өткен ТҮРКСОЙ мен ЮНЕСКО-­ның Париж қаласындағы штаб-пәте­рін­де болған республикалық, халықара­лық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. М.Жұмабаев­тың «Туған жер» атты өлеңдер жи­на­ғын, «Батыр Баян» поэмасын көр­­­кемделген сурет кітап түрінде шы­ғарды. М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетінің ұс­таздарымен бірлесіп Мағжан­ның екі томдық кітабын құрастырды. ­Оған ақын туралы Санкт-Петер­бург, Мәскеу, Қазан, Ташкент, Омбы мұрағаттарынан алынған тың деректер енгізілді.

Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғын атқаруға қосқан үлесімен қоса Қожаберген жыраудың 350 жылдығын мерекелеу бойынша халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларды, Кәкімбек Салықовтың, Герольд Бельгердің, Сафуан Шай­мерденовтің, Есләм Зікібаев, тағы басқа тұлғаларды ұрпаққа үлгі етуде еңбегі зор. Осындай іс-шара­лар­ға құрметті қонақ болған атақты аға­лар аузында Кемел есімі қала­тын. Қонақтарды күтумен бірге көңіл­дендіріп, елдің, жердің жетістіктерін көрсетіп, тамаша ән-күй айтуда да ол жарқырап көзге түсетін.

1998 жылдың қарашасынан об­лыстық тiл саясатын үйлестiру бө­лiмiне қызметке кіріскеннен бері бұл мәселеден ешқашан алыстап көрген емес. Барлық жұмыс орнында тегін қазақша үйрету курс­тарын ашу, облыстық, аудандық тілді оқып-үйрету орталықтарын құру сияқты жұмыстардың бел ортасында Кемел Оспанов жүреді. Тіпті Ресей Федерациясының Қорған, Омбы, Түмен облыстарын­дағы қазақ диаспорасы өкілдері­нің ­ана тілін үйренуге деген талпы­­ныс­тарына қолдау көрсетіп, мұға­лім­дер жіберіп, оқу құралдары­мен қамтамасыз етуге де белсене қатысты.

Әрине, тіл үйрету жұмыс­та­ры бәлендей жақсы нәтиже берді деп айта алмайсың, оған алдымен әркімнің ниеті керек. Бірақ сол ниет жұрттың бәрінің бойынан табыла қоймайды. Басшылардың да ұстанған саясаты бұл істе бірізді емес, ала-құла көңіл басым, жиналыстарда халыққа былай айтып, іс жүзінде айнып шыққан талай бастықтар болды. Тілді дамыту саласы қызметкерлерінің қалауын қайшымен қиған да басшылар же­тіп артылды. Өйткені ондайлар­дың өздері де тілді білмейтін, ал үй­ренуге мойын жар бермейтіні белгілі. Осындай басшылардың қылы­ғы­на жігері құм болған Кемел Оспанов күйіп-пісіп, шындықтарды айтып салатын. Бір қызығы, ол үшін Оспановты орнынан алмайтын, керісінше көңілін табуға тырыса­тын. Бұл да бір қасиеті шығар. Бірақ сон­дай әкімнің бірі Кемелге әлі жетпегені­мен, Тіл басқармасын жауып тынды. Алайда тіл жанашырлары­ның дүмпуінен ығысып, оны Ішкі саясат басқармасының басшы­сы етіп тағайындады. Осындайда Қызылжар өңірі Кемел Қарашаұлы болмаса қайтер еді деген ой туындайды...

 

Тарихи атаулар қайтарылды

Ономастикалық жұмыстарды жандандыру, қала, ауыл-село, көше атауларына жергілікті жер-су аттарын беру, танымал тұлғалардың есімдерімен атау жұмыстары да Мемлекеттік тілді дамыту басқар­масы жұмысының бір саласы болды. Облыста ондаған ауыл-селоның, жүздеген көшенің атаула­ры өзгеріп, транскрипциясы өзгерген ­58 елді мекен дұрыс аталды. Мыса­лы, Чаглинка – Шағалалы, Даут – Дәуіт, Карлуга – Қарлыға, т.б. Қа­­зір Солтүстік Қазақстан облысында 1­3 аудан бар. Соның екеуі ғана өзге тіл­де. Булаевтың – М.Жұмабаев, Сер­геев­тің – Шал ақын, Целинныйдың – Ғ.Мүсірепов ауданы аталуына Кемел Оспанов тікелей еңбек сіңірген.

Жалпы, К.Оспанов Тіл басқар­масына басшылық жасаған жылдарында Петропавл қаласында­ғы 57 көшеге жаңа атау, еліміздің көр­­некті қайраткерлерінің есім­дері 26 білім және мәдениет меке­месіне берілді. Құжаттарын Кемел Оспанов өткізген Тимирязев ­ауда­­нының ғана атауы өзгермеді. Оның­ да барлық құжаты дайын бол­ғанымен, бір керауыздардың жазушы Сәбит Мұқанов есіміне қайта-қайта шүйліккенінен жоғарыдағы шенеуніктер өткізбей тастады. «Ол ұсыныс та бір кезде шешімін табарына сенімдімін. Бірақ апталап жатып, барлық министрлікті мойындатқан есіл еңбек қор болды», дейді Кемекеңнің өзі. Ел мен жерге қатысы жоқ атауларды өзгертуге басқа емес, кейбір марғау басшы­лар қарсы болғаны Кемекеңнің жүре­гіне талай салмақ салған. Мы­салы, Чапаев селосының атауын өзгер­туге ономастикалық комис­сия көп күш салып, халық мақұлда­ға­ны­мен, облыстық мәслихат­тың бекітуіне әкелгенде хатшы болып отырған қазақтан шыққан біреу қарсы шығып, өткізбей тастаған.

Ономастика, топонимика мәсе­лелерін қамтып, ол университет ғалымдарымен бірге аумақтық жер-су, елді мекен атауларын тарихи және этнолингвистикалық тұрғы­дан зерттеген «Атамекен атаулары» атты кітап шығарды. БАҚ-та тіл­дерді дамыту, өнер, қоғамның рухани құндылықтары, ономастика ­проблемалары бойынша сарап­тамалық мақалалары жиі жарияланып тұрады.

 

Батырдың әнші жиені

Кемел Оспановтың әншілік өнері – бөлек әңгіме. Туған ортасы кәдімгі Ақан серінің елі, алтыншы атадан қо­сылады. Мәскеу (қазір Есіл) ауданы­ның Бұлақ ауылында дүниеге келген оның құлағына әсем ән мен тәтті күй бөбек кезінен сіңген. Қараша Оспанов ағамыздың алты ұлының ең кішкентайы, құлдыраңдаған ­сүй­кімді Кемелді ата-анасы ғана емес, исі Бұлақ ауы­лы тілінің тәттілігі­не, ән салғыш батылдығына қарап жақсы көретін. Бірде ауылға Кеңес Одағының ба­тыры, атақты Жәлел Қизатов жұ­байымен келе қалады. ­Ол – Кемел­дің анасы Қарапаның ­туған ағасы. Ал­дынан жүгіріп шыққан ­3-4 ­жа­сар сүйкімді жиенін көтеріп ­ал­­ған нағашы бастап ­­оны жанынан тастамайды. Ақырын­­да «осы баланы маған беріңдер» деп қарындасына бір-ақ бұйырып, оны өзімен бірге Қызылорда қаласына алып кетеді. Алайда оқу жасына іліккенде Жәлел ағамыз Кемелді туған жерге қайтадан әкеліп, Бұлақ орта мектебіне береді. Мектепті бітірген соң баланың өнерге бейімі барын көрген нағашысы қайта­дан Қызылордаға шақырып, сондағы пединституттың «Әуен және ән мұғалімі» факультетіне оқуға түсіреді.

Кемелдің Жәлел Қизатовтың шаңырағында өсуі оның өнерге бейімделуіне, жақсылармен қатар отырып, дәмдес болуына, олар­дан үлкен үлгі алуына мол мүмкін­дік тудырады. Елімізге белгілі Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов, Роза Бағланова, т.б. атақты адам­дардың оң тізесінен орын алып, бала Кемел неше түрлі қызық әң­гіме естіп, ән тыңдаған, өзі де талай рет ән салған.

Әскер қатарында Қиыр Шы­ғыстағы Благовещенка қаласында жүргенде әншілігін танып, генерал В.Шатковский бірден ансамбльдің құрамына алынасың деген шеші­мін айтып кетеді. Арада бір-екі ай өткенде КСРО қорғаныс ми­нистрі Д.Язовтің бұйрығымен Ке­мел Новосібір қаласына ауыс­тырылып, ансамбль­дің құрамын­да ән салады. Ансамбль басшылары да «осында қал, бар­лық жағдайың­ды жасаймыз» депті. Алайда Кемел­дің батыр нағашысы оны әскери міндеті аяқталған соң туған жер­ге қайтарады. Өйтпесе Кемел Оспа­нов жат елдің азаматы болар еді.

Кемекең өзі туған Мәскеу ауда­нының орталығы Корнеевка селосында Балалар музыка мектебінің оқытушысы, кейін сегіз жыл директоры қызметін атқарады. Сонсоң М.Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн бiтiріп, жоғары қызметтер атқарды.

Облыстағы бірде-бір рухани-мәдени іс-шара онсыз өтпейді. Алма­тыдан, Астанадан келген атақты қо­нақ­тың бәрі де оның есі­мін, жасаған қызметін ұмытпай, ауыздарынан тастамай мақтап оты­ратынын біле­міз. Соның бірі – атақты филолог-ға­лым Тұрсын­бек Кәкішев. С.Мұқанов­тың 100 жылдық мерейтойына кел­ген сапарында өзін күтіп алып, қыз­мет қылған баланы Тұрсекең «Кемел паша» деп атап, қат­ты сыйлап ­өт­­кен екен. 85 жылдық мерейтойы­на ­арнайы шақырып, таңғы 4-те келетін пойызға өзі шығып қарсы алғаны – бөлек әңгіме.

Сондай-ақ ұлтымыздың ардақты тұлғалары Әбіш Кекілбайұлы, Аман­жол Қошанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер, Тұманбай Молда­ғалиев, т.б. Кемел Оспановты ауыздарынан тас­тамай мақтап отыратынын көргендер көп.

 

Солтүстік Қазақстан облысы