Аударыспақтан ұлттық құрама мүшелері оқу-жаттығу жиынын енді Астана қаласында жалғастырады. Бұған дейін Алматы облысында жаттығу жүргізіп, 6 тамыздан бастап додаға дайындықты күшейтті.
Аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұрсаев шәкірттерінің дайындығы қалай екенін айтып берді.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындықты екі рет өткіздік. Ұлттық құрамаға қабылданған балуандар жоспарлы жаттығуды өткізіп, физикалық, тактикалық тұрғыдан кемшін тұсын бүтіндеп жатыр. Жігіттердің мінген аттары да үйренісіп келеді. Біздің мақсат – елімізде өтетін аламанда топ жару. Осы межеден көрінуге білек түрініп әзірленіп жатырмыз», деді бас бапкер.
Ұлттық құраманың мүшесі, аударыспақтан екі дүркін әлем чемпионы Дарын Өткелбай өзі тұңғыш қатысатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіске жетуге барын салатынын айтты.
«Аударыспақ ойынына бала күнімнен қызығушылығым артты. Ерлердің ат үстіндегі қайрат-күші сыналатын сайыста аянып қалмаймыз. Өзім 80 кг салмақта додаға түсемін. Негізгі қарсылас Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден келетін спортшылар болмақ. Дегенмен өз елімізде өтетін аламанда топ жару – бәрінің арманы. Мен де чемпион атануға барымды саламын», деді Д.Өткелбай.