Шешем терезеге телміріп тұр. Менің бала күнімде де солай еді. Бүгін де өзгермепті. Сондағысы мектепте мұғалім болып істейтін әкейді күтеді. Кейде қайнап жатқан қазанның көбігін алып жатып:
– Әкең көрінбей ме? – дейді.
Мұндайда етпеттеп жатып кітаптан көз алмаған күйі менің жауабым біреу-ақ.
– Жоқ!
Оған қанағаттанбай, өзі қарайды. Терезеден бес жүз метр жердегі мектеп анық көрінгендіктен, әкемнің сұлбасы алыстан-ақ байқалады.
– Балалар шықты. Әкең де көрінді. Тамақты түсірейін. Ішегің қабысып жатқанда мұндай сөздер расымен сүйкімді естілетін.
Бала күнгі осы отбасы қағидасы, әкең келмей дастарқанға отырмау, үлкен асты бастамау әлі күнге дейін бір үзілмепті ғой. Аштан бұратылып, көзің қарауытса да, ол дастарқанға келмей қарныңа ас бармайды.
Кешегі демалыста барғанымда, шешем сол дағдысынан жаңылмапты. Бес-алты жылдан аса дүрбелеңі көп қалада кез келген уақытта тамақтанып, қу жаққа бір тыным бермейтін мына мен, шал-кемпірдің баласы болған еркіндігімді алға тартып:
– Ау, кешкі тамақ жемейтін бе едік? Інім мырс етті.
– Асқазаның хабарлама жазып жатыр ма?
– Сағат 9 болды ғой.
– Папаны күтеміз. Осы кезде шешем сөзге араласты.
– Әкең мектепке жиналысқа кеткен. Тым шыдамай жатсаң, тоңазытқыштан бірдеңе талғажау ете тұр.
– Қайдан білесіңдер, жиналыс түнгі он екіде бітетін шығар, – дедім мен қисық сөйлейтін әдетіммен. Көп күттірмей-ақ, «кемпірім, ас-суың дайын ба еді?» деп шешемнің мұғалім шалының да төбесі көрінді ғой...
Былай қарасақ, байқалмайды да ғой. Қазақ әйелі ежелден үй иесін алдында ұстап, көтермелеп отырған. Қарап отырсам, екеуінің ренжісуі де, татуласуы да тез. Одан бөлек, жоғары сыныптарда менің есімде қалғаны «әкеңнің көйлектерін өтектеп қой», «аяқкиімін шөткеле», «сырт киімі мен құлақшынын тазала, жоғарыға қой» сияқты сөздер еді.
Бүгінде бұл тірлікті үйдің кенжесі, кіші ұл мінсіз атқарып жүр екен.
Шешемнің ерді сыйлау, әке құрметтеуді айтып емес, көрсетіп үйреткенінің өзі ғажап. Оның да ерлігі осында жатыр екен-ау...
Ержан ҚОЖАС