• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2024

Отбасы банктің игілігі: Аягөз тұрғындары баспаналы болды

103 рет
көрсетілді

Отбасы банк ірі қалалармен қатар өңірлерге баса мән беріп, халыққа баспана алып берудің әртүрлі тетігін жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу жастары» бағдарламасы. Жобаның ертеректегі аңыздың есімімен аталуында символикалық негіз бар. Себебі бұл бағдарлама қос ғашық – Қозы мен Баянның өткен жері Аягөз ауданында жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Аягөз ауданы – Абай облысына қарайтын, халқының саны 80 мыңға жуықтайтын іргелі өңір. Төрт жылдан кейін ауданның құрылғанына тура 100 жыл толады. Ғасырлық тойы алдында жергілікті жұрттың қуанышы еселеніп, баспаналы болып жатыр. Атап айтқанда, таяуда жастарға арналған аймақтық бағдарлама бойынша жас отбасыларға жаңа кілттерді тапсыру рәсімі өткен. Бұл – Аягөз ауданы әкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен бағдарламасы. Бастапқы кезеңде жергілікті әкімдік өз бюджетінен 81 млн теңге көлемінде қаражатын бөліп отыр.

Аягөз ауданында құрылыс қарқыны жыл сайын артып келе жатқанын да атап өту керек. Мәселен, ресми мәліметке сүйенсек, 2024  жылдың қаңтар мен сәуір айларында ауданда 4189 шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңіне қатысты 107,8% деңгейінде.

Ауданда аталған бағдарлама жылдың басында іске қосылған. Отбасы банктің өңірлерге назар аударуы керектігін бұған дейін естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтқан еді.

«Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға аударған жөн», деді Президент былтырғы Жолдауында.

Әкімдіктер белсенді болса баспаналы болған отбасылардың саны артады. Бүгінде Отбасы банкінің өңірлерде сәтті жұмыс істеп тұрған «Өңірлік бағдарлама» атты жобасы осы сөзіміздің дәлелі болады. Тек облыс әкімдіктері тарапынан белсенділік керек, сонда ғана банк пен жергілікті атқарушы билік ынтымақтасып, елдімекен тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етпек. Ал бұл жобадан бас тартпай, банкпен ымыраға келген Аягөз ауданы әкімдігінің және аудан әкімі Әділбай Серікқанұлының арқасында биылғы жылы жергілікті тұрғындар қоныс тойларын бірінен кейін бірі атап өтпек. Ал Аягөз жастарының баспаналы болуы арқылы аудан әкімі Президенттің тапсырмасы орындалып жатқанын хабарлады.

«Ауданымызда осындай игі бағдарлама іске асырылып жатқанына қуаныштымыз. Мемлекет басшысы жүзеге асырып жатқан мемлекеттік өңірлік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне және баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Игілігін біздің аудан жастары көріп, қуанып жатыр. Мұндай бағдарламалар жастарды ауданда қалып, еңбек етуге ынталандырады. Сонысымен пайдасы мол. Еліміздің әр ауданында жас қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар жүзеге ассын деп тілейміз», дейді аудан әкімі Қанат Әділбай.

Бұл тапсырманы бұлжытпай орындау – өңір басшылықтарына міндет. Осы мақсатта Отбасы банк Аягөз ауданы әкімдігінің және аудан әкімі Әділбай Қанат Серікқанұлының қолдауымен аудан тұрғындарына бағдардаманы жүзеге асырудың басты бағытын өзгерту бойынша белсенді жұмыс атқаруда.

«Жаңа үйден баспаналы болып отырғанымызға қуаныштымыз. Қалаға көшеміз деп ойлағанбыз. Бірақ ауданда осындай жап-жақсы үйлер беріліп, жұмысымыз тұрақты болса, жайлы өмір деген осы емес пе!?», дейді Салтанат есімді жас ана.

Бағдарламаның шарттары қандай

Аягөз ауданының жастары әрлеуі таза жаңа үйден жеңілдетілген несиелеу шартымен баспанаға қол жеткізді. Ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін), бастапқы жарнасы 10% құрайды. Тұрғын үйді алғашқы нарықтан сатып алуға мүмкіндік берілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 9 млн теңге. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер қатысқан.

Жалпы айта кетерлігі, Отбасы банк Семей қаласында да әкімдікпен бірлесіп, «Абай жастары» бағдарламасының екінші кезеңін де бастаған болатын. Оны қаржыландыруға 300 млн теңге бөлінген. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі әкімдік кезегінде тұрған мәдениет пен спорт, денсаулық сақтау салаларының жас қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатыса алады. Оған ниетті азаматтар Абай облысы Семей қаласында тіркелген болуы тиіс. Некеде тұрған, сондай-ақ 18 жасқа толмаған балалары бар тұлғалар үшін – осы елдімекенде отбасының барлық мүшелерін тіркеу міндетті.