• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 28 Тамыз, 2024

1-сыныпқа 18 мың оқушы барады

101 рет
көрсетілді

Бірінші қыркүйекте Ақтөбе облысының 433 мектебінде қоңырау сыңғыры ес­тіліп, 180 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастайды. Ал 1-сыныпқа 18 мыңнан астам балдырған қабылданды. Тамызда «Мектепке жол» акциясы аясында жергілікті бюджеттен әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларына оқу құралдары мен киім-кешек сатып алуға жергілік­ті бюджеттен 761 млн 445 мың теңге бөлініп, ата-аналары­ның есепшотына аударылды. Жазғы демалыс күндерінде өңірдегі 48 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүр­гізіліп, 41 мектепте жаңа пәндік кабинеттер жасақталды.

Мектеп кітапханалары 87 120 жаңа кітаппен толықты. Оның ішін­де ғылыми-көпшілік бағыттағы кітаптар, энциклопедиялар, балалар қызығушылығын тудырған әдеби шығармалар бар. Жаңа оқу жылында ерекше қажеттілігі бар 9 148 баланың өз қатарластары­мен бірге білім алу мүмкіндіктері қарастырылды. Олардың көбі был­тырғы сыныптастарымен бірге пар­таға отырады. Өкінішке қарай, жыл сайын өңірде денсаулығында туабітті кінәраты бар балалар саны көбейіп келеді.

Өңірдегі 30-дан астам колледж­де 18 202 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуды бас­тайды. Осы оқу жылында кә­сіптік білім беру ұйымдары түлек­терінің жұмысқа орналастыруын жедел­дететін халықаралық тәжі­рибе негізінде «Мамандықтар атласы» әзірленеді. Биыл өңірдегі оқушылар саны 1000-нан асатын 150 мектепте оқыс қимылдар мен күдікті заттарды анықтап, жедел ор­талыққа дабыл беретін цифр­лық бейнебақылау жүйелері орнатылады.

Жазда 150 мыңнан астам оқу­шы қала сыртындағы, мектепіші­лік және қосымша білім беру ұйымдары жанындағы лагерьлерде демалды. Су тасқынынан зардап шеккен аудандардың, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 30 мың баласы тегін жолдамамен қамтамасыз етілді. Көктемдегі су тасқынынан 14 білім мекемесі зардап шексе, алты мектеп мүлде жарамсыз болып қалды. Жаңа мек­теп құрылысына Үкіметтің ре­зерв­тік қорынан қаражат бөлінді. Соған қарамастан Ойыл ауданының Екпетал ауылы мен Ырғыз ауданы Нұра ауылының мектептері оқу жылына дайын емес. Өйткені Ырғыз ауданында төтенше жағдай режімі әлі аяқталған жоқ. Нұра ауылында Торғай өзенінің суы қайтпады, ауыл үйлері әлі де су ортасында тұр. Осыдан алты жыл бұрын салынған Нұра орта мектебі де бес айдан бері су ортасында, ғимараты мүлде жарамсыз. Қазір осы ауылдың іргесіндегі биіктеу қыратта 60 орындық мектеп жеке инвестордың қаржысына салынып жатыр. Алайда қара күз­ге дейін жаңа мектеп аяқтала қой­майтыны анық. Облыстық білім бас­қармасының хабарлауынша, Нұра мектебінің 100-ге жуық оқушысы қашықтан білім алады. Көктемде су басқан Екпетал негізгі мектебінің 35 оқушысы да аудан орталығындағы Ойыл аграрлық колледжі ғимаратында білім алады.

Жаңа оқу жылында 70 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары мен ерекше санаттағы отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Ақтөбе облысындағы 56 ауыл мектебін толық жаңғырту жұмыс­тары басталып кетті. Бұл күндері 50 мектепке жаңа жиһаздар сатып алынып, 56 мектепке турникеттер орнатылды. Білім басқармасының мәліметіне қарағанда, 2025 жылға дейін өңірдегі барлық ауыл мекте­бін толық жаңғырту жұмыстары аяқталмақшы.

 

Ақтөбе облысы