«Ауылда адам бар болса – ауыл ада болмайды, Ел иесі бар болса – елі ала болмайды». Бұқар жырау бабамыздың осы қанатты сөзі «Ауыл аманаты» сынды бағдарламаның қазіргі кезеңде ерекше маңызды екенін аңғартып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай қолға алынған осынау ауқымды жоба ауылдарымыздың ахуалын жан-жақты жақсартуға бағытталған. Президент ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымын көркейтіп, білім беру тетіктерін дамытуға байланысты қолдауды бір сәтке де назардан тыс қалдырған емес. Үкімет те осы жобаның жүйелі жүзеге асуын қадағалап отыр. Бұл демеуді елді мекен тұрғындары да анық сезініп, өсірген төлінің, еккен өнімінің нақты жемісін көре бастағаны да көңілге үлкен медеу.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының аймақтарда қаншалықты қарқынды жүзеге асып жатқанын бағамдау мақсатында он шақты облысты арнайы аралап қайттым. Көрген-білген, көкейге түйген дүние аз емес. Бастысы бағдарлама бір арнаға түсіп келеді.
2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 17 мың микрокредит беру жоспарымен 100 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Бұл ауылда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ұйытқы болмақ. Бүгінде 14,5 мың микрокредит берілді, оның есебінен 15,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ауыл халқының табысын арттырудан басқа, жобаның тағы бір мақсаты – жеке шаруа қожалықтары, диқандар мен фермерлердің, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту екенін атап өткен жөн.
Бағдарламада жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беру көзделіп отыр. Оның игілігін көріп отырған ағайын да бар. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 9,2 млн теңге. Ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 29,5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бүгінде 6,2 млрд теңгеге 300-ге тарта кооператив қаржыландырылды. Кооператив бойынша төменде кеңінен тоқталамын. Бұл өте қолайлы әрі қажетті бағыттардың бірі.
Бағдарламаның тиімділігін түсініп, жұмысты жүйелі атқарып отырған Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда мен Түркістан облыстарын ерекше атап өтуге болады. Жобаны іске асыру нәтижесінде: 1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 701 жұмыс орны құрылады деген жоспар бар. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 90 отбасы немесе 360 адамға қысқарады, ал орташа жалақыны 125%-ға ұлғайту көзделген. Анықталған ауыл округтері бойынша жүргізілген сауалнамалар мен скрининг нәтижесінде әр ауылдық округтің мамандандырылуына қарай басым бағыттар картасы әзірленді.
«Ауыл аманаты» жобасын қолға алғандағы негізгі мүдде жалғыз-ақ – тұрғындардың ауылдан алыстап кетпеуін, елді мекендердің қай мағынасында да гүлденуін, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуін қамтамасыз ету. Өйткені ел тұрғындарының 37 пайызы қазір ауылда тұрады. Өкініштісі, тұрақты жұмыстың жоқтығын алға тартып, қалаға көшіп жатқан жастар саны кейбір аймақта аз емес. Көптеген ата-ана балаларының ауылда қалмай, қалада жұмыс істегенін жөн деп санайды. «Балам қалада, бизнеспен айналысып жүр» деуі де мүмкін. Қазақы болмыс сондай. Алайда перзенттері екі қолға бір күрек таппай, титықтап күн көріп, базарда арба итеріп жүруі ғажап емес. Көптеген жастарымыз шынында да орталыққа келіп, кәсібінің нәсібін көріп жүр. Бірақ бәрінің бірдей жолы бола бермейтіні анық қой. Одан да өзінің туған өлкесінде, қара шаңырағында адал еңбегіңнің несібесін тергені дұрыс емес пе? Бұл да біздің өскелең ұрпақтың санасында жүретін негізгі сұрақ болуға тиіс. Себебі қазір елді мекендерден орталыққа көшіп кеткендердің 60 пайызы жастар болып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет ұсынып отырған зор мүмкіндіктердің келешегі туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары әлі де дұрыс жүргізілсе деген ой түйдім. Бұл әсіресе, аудан, ауыл әкімдіктері мықтап қолға алатын шаруа.
Алдымен облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен ауылдардың өзінде әлеуметтік-экономикалық даму жоспары құрылуға тиіс. Мәселен, біздің көптеген ауылдарда даму жоспары жоқ. Бұл жоспар болса елді мекендердегі түрлі бағытты толық қамтитын еді. Бір мысал келтірейін. «Amanat» партиясы жүргізген скринингке сәйкес, Ақтөбе облысы бір жылда 65 өнім түрін тұтынады. Оның 13 түрі о бастан облыста шығарылмайды. Алдағы уақытта бұл жұмысты да қолға алады деген үміт бар. Өңір 65 өнім түрінің 7 түрімен ғана 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал өзге өнімдерді шетелден импорттайды. Тауық 5,4 пайызын өздері тұрып жатқан аймақтан алса, қалған 94,6 пайызы – импорт. Яғни бір өңір бір жылда тек тауық етін алу үшін 11 млрд теңгені өзге елдің қазынасына құяды. Есептеп көрсеңіз сол қаражатқа елді мекендерде қаншама жұмыс орнын ашуға болатын еді. Бір қызығы, ауылдағы ағайынның көбі тауық өсіруге дағдыланбаған. Бір отбасының 500 тауығы болса, күніне 360 жұмыртқа алады екен. Соны арзанға бағалағанның өзінде бір күнде 20 мың теңге табыс түседі. Бір айда 500 мың теңгеге жуық таза пайда құйылып тұрған шаңырақтың жағдайы жаман бола ма? Қобда ауданында Жұмағалиевтер әулеті тұрады. Басында 500 тауық алған. Қазір өздері ғана емес, өзге жерлестерін жұмыспен қамтып, толық бір аудан орталығын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Облыс бойынша 200 мың тауық берілді. Соның несібесін көріп, кәсіптерін дамытып отырған ағайынның тіршілігіне қалай қуанбайсың. Тауық өсіруге ғана емес, ауылдастар арасында бір-бірінің шаруашылықтарында еңбек етуге намыстанатын азаматтар да жоқ емес. Ай сайын жалақы төлеп, тұратын үйіңді беріп отырайын десе де келіспейді. Біздің көптеген аймақтағы негізгі мәселелердің бірі осы. Жұмыс қолының жетіспеушілігінен ірі шаруа қожалықтарының иелері өзге өңірлердің тұрғындарына жүгінуге мәжбүр.
Ауылдың мәселесі шешілмейінше, қаланың мәселесін шеше алмаймыз. Соны ешқашан естен шығармау қажет.
Сондықтан біз әр аудан, әр ауыл ғана емес, әр аулаға жағдай жасау тетіктерін ойластыра бастадық. Оған түрткі болған себептер де жеткілікті. Бір ғана мысал келтірейін. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында Құтым Қасенов деген жетпістен асқан ақсақал бар. Өз үйіндегі 600 шаршы метр аумаққа жылыжай салып, қияр, құлпынай, көк жуа, аскөк, жүзім өсіріп отыр. Ешкімнің көмегінсіз-ақ тамшылатып суару технологиясын жасап алған. Сол зейнеткер бір жылда 9 тонна таза, табиғи өнім алады. Осындай қарияларды көпке үлгі қылу арқылы, жастарды ынталандыру маңызды. Зейнеткер мемлекеттік бағдарламаларға қатыспай-ақ қыруар шаруаны атқарып жүр. Демек, әркімнің ынта-жігері болса қолдан келетін іс қой. «Жердің жерге қаратпайтынын» жақсы білетін Құтым Қасеновтей азаматтар жеткілікті. Өз ауласынан 18-30 тоннаға дейін өнім алатын ел тұрғындары бар. Ойлап көріңіз. Әр аулада осынша өнім алып отырған жандар болса, бүкіл ауыл жұмылса қаншама мың тонна өнім алар едік. Мен басында айтып кеткен ақпараттық жұмыс арқылы да осындай қарапайым еңбек адамдарын жан-жақты насихаттау қажет.
Ауылдардың даму жоспары қолда болса, әр аудан қандай тұқым егу керектігін, нендей дақылды көбірек өндіру қажеттігін жоспарлап, шаруаларды сол бағытқа бұрып отыратын еді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қайсысы сұранысқа ие? Соны сорттап, реттеп, екшеп, бөліп, не қажет соны егіп отыру жүйесін қолға алса деген тілек бар. Бұл алдымен жоғарыда айтып кеткен тұрғындар тұтынатын өнімдерді өзгеден емес, өз елімізден, туған аймақтан алып отыруға жол ашады. Мәселен, Абай облысында бағдарлама арқылы бөлінген қаржының 80 пайызына, Жамбыл облысы 90 пайызына мал алған. Сонда халық еттен басқа тағам түрін тұтынбай ма? Президентіміз бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, халыққа қажет өнім шығару керек дегенін ескерсек, бір ауылдан екінші ауылға мал сатуды тоқтату керек. Одан сол ауылда еттің де, сүттің де көлемі өспейтіні айдан анық.
Әрбір қанатқақты жобада кемшіліктер болуы да түсінікті. Содан сабақ алып, алға қарай дұрыс қадам жасай аламыз ба, мәселе сонда. Жақсы мысалдар да баршылық. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы 37 ауыл жұмыссыздықты толық жойған. Бұл жақсылық басқа өңірлерге де жұғысты болса, қалада жөнді жұмыс, жайлы баспана таба алмай жүрген мыңдаған азамат туған өлкелеріне қайтып келеді деген үмітіміз де жоқ емес. Әсіресе шекаралас аудандардағы ауылдарға қайтып келсе жақсы болар еді. Өйткені шекара бойындағы мекендер үлкен стратегиялық маңызға ие. Мемлекет басшысы да елдің шебінде орналасқан аудандар мен ауылдарды барлық жағынан дамытуды қадағалап отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолға алынған «Тауарлы несие» жобасы туралы көптеген тұрғынымыз естімеген де екен. Көбінің кепілге беретін дүниесі болмағандықтан «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыса алмайды. Соған байланысты ауылда тұратын атымтай жомарт азаматтардың көмегімен ешқандай пайызсыз, кепілсіз «Тауарлы несие» жобасын Ақтөбе облысында жүзеге асырдық. 4 800 мал басы халыққа таратылып берілді. 460-қа жуық отбасының мәселесі шешілді. Жобаның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды кәсіпкерлікке тарту және жеке табысын арттыру. Тетігі де өте қолайлы. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын жұмсалмайды. Әр аймақтағы ірі шаруа қожалықтары есебінен ауыл тұрғындарына мал түрінде «Тауарлы несие» беріледі. Мәселен, ірі қара малдың аналығы он бастан, қой аналығы он бес-жиырма бастан, биелер бес бастан бастап үлестіріледі. Осы несие түріне қол жеткізгісі келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді. Жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды. Тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы үш жақты шарт жасалады. Демек, малды берген кәсіпкердің тәуекелі болмайды. Өйткені ауыл әкімі кепіл ретінде қол қойып отыр. Алынған мал 7 жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайтарылады. Берілетін төл 50%-дан аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі – несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады (2 тараптың келісім бойынша). Бұл – бизнесті дамытып алуға өте жақсы мүмкіндік. Кей аймақтарда несиені мал сүтімен өтеп жатқандар бар. Бұл шаруа мен несие алушы келісімінің аясында жүзеге асыруға болатын қолайлы тетіктер.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының ажырамас бір бөлшегі – кооперативтер құру. Кооператив құрған шаруашылықтар қажетті техниканы сатып алса, 50% инвестициялық субсидия ала алады. Қарағанды облысының, Абай ауданында сүт өнімдерін өндіру цехы жұмысын 2019 жылы бастапты. Ал ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2017 жылы құрылған. Кооператив мүшелігінде 100-ге тарта адам бар екен. Жеке кәсіпкер Берден Башаров басқаратын цех жұмысы жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып отыр. Мұздатқыш, сүт, қаймақ пастерлеуге арналған аппараттар, бірнеше тонна сүтті тартатын сеператор, сары май мен құрт дайындайтын аппараттар және өзге де құрылғылары жеткілікті. Сүт цехында Берден ағамыздың екі баласы Ақжол мен Ақтілек бірге жұмыс істейді. Сонымен қатар сүт цехындағы он бес жұмысшының алтауы жұмыспен қамтамасыз ететін орталықтан келген. Цех тәулігіне 2-3 тонна сүтті қабылдап, қаймақ, сары май, ірімшіктің бірнеше түрін, тіпті брынза жасап шығарады. Бұл сүт өнімдерін Астана, Қарағанды, Алматы қалаларына жөнелтеді. Биыл цехта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күніне 10 тонна сүтті өңдеу межесіне талпынып жатыр екен. Шетелден қосымша гомогенизатор, диспригатор құрылғылары алынып, іске қосылған. Жеке басында бірде-бір малы болмаса да тәуекелге бел буған осы азаматқа о баста аудан, өз ауылының тұрғындары ғана емес, өз ұлдары да сенбеген. Екі ұлы қалаға қоныс аударған. Кейін әкелерінің атқарып отырған ісі тиімді екенін түсініп, ауылдарына қайтып келген. Тамаша мысал.
Түркістан облысы кооператив бойынша 112 шаруашылықтың басын біріктіріп, тиімді жұмыс істеп отыр. Батыс Қазақстан облысы да «Бір ауыл – бір кооператив» мүддесіне жұмылған. Тағы бір тоқтала кететін жайт – мал өнімдерін өңдеу мәселесі. Қазір баяу болса да бұл іс жолға қойылып келеді. Ұлытау облысының, Жаңарқа ауданында жылқы етін өңдеп, консервілеп жан-жаққа жөнелту жұмыстары басталмақшы. Бұл – өзге де өңірлерге үлгі болатын қадам.
Болашақта біздің елді алға сүйрейтін қозғаушы күш ауыл шаруашылығы болары сөзсіз. Жақында ауыл шаруашылығы бағытын қолдауға байланысты 27 талапты қысқартып, 7-ақ талап қалдырдық. Демек, тіршілігімді бастап, шаруамен айналысамын деген ел тұрғындарына тосқауыл да азайды.
Ауыл шаруашылығын дамытумен қатар атқарылатын міндеттер қатарында елді мекеннің білім, байланыс саласын, инфрақұрылымын дамыту, мәдени ошақтарын жандандырып, денсаулық сақтау саласын да серпілту ерекше маңызға ие. Бұл ретте де мемлекет те жұмыстарды рет-ретімен атқарып жатыр.
«Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады», деген еді Мемлекет басшысы. Бұл бүкіл ел тұрғындарының еңсесін тіктеп, халық көңіліне зор сенім ұялатты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы осы жүрісінен жаңылмай, кемшін тұсы жетіліп, қамту көлемі ұлғая түссе аз жылда ауыл азаматтарының да жағдайы оңалып қалары күмәнсіз.
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Премьер-министр кеңесшісі