• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 28 Тамыз, 2024

Ауыл өнімдерінің жәрмеңкесі

114 рет
көрсетілді

Семейде ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесі өтті. Бұған ауылдық жерлерде өз ісін дөңгелетіп, өнім шығарып нәпақасын тауып отырған 21 жеке кәсіпкер қатысты. Көрме-жәрмеңкені тамашалаған қала тұрғындары киіз бен ағаштан жасалған бұйымдарды, ет, пен сүт және кондитерлік өнімдерді қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды.

Абай облысының кә­сіп­­кер­лер пала­та­сының ұйымдас­тыруымен аймақтағы биз­нес-қауымдастық өкілдерінің басын қосып отырған бұл ша­раға қатысушылардың өнімін әділ қазылар алқасы баға­лап, шешім шығарады. Қазылар тарапынан және жоғары сұ­ранысқа ие болған тауар өн­дірушілер алдағы уақытта мем­­лекеттен грант алып, өз кә­­сібін көркейтуге жол ашады.

«Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәр­меңкесі биыл екінші рет өтіп жатыр. Аталған шара­ның аясын кеңейту арқылы ауыл тұрғындарының кәсіп­керлік әлеуетін арттыру, қарапайым азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында жаңа кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың санын арттыруға мүмкіндік туады. Осы көрмеге келген және қазылар алқа­сының шешімімен үздік деп танылған жеке кәсіпкерлер болашақта өз өнім­дерін экспорттауға, нарықта өз орнын табуға біздің тарапымыздан қолдау көреді. Бұл жоба ісін жаңадан баста­ған кәсіпкерлердің өсуіне трамплин ретінде қызмет етеді. Қатысушылар­дың арасында шағын бизнес субъекті­лері де, жеке тұлғалар да бар», деді салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз алған Абай облысы кәсіпкер­лер пала­тасының директоры Мақсат Әнуарбекұлы.

Көрме қорытындысы бойынша 10 кәсіпкер жартылай финалға шығады. Олардың бизнес жобалары өңірлік бренд комитетінің отырысында қаралып, нәтижесінде үздік үш жоба республикалық және халықаралық көрмелерде бақ сынап, бес миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант алу мүмкіндігіне ие болады. Бұған қоса үздік деп танылған жоба иегерлері Абай облысының кәсіпкерлер палатасының қолдауымен маркетинг саласынан хабар алып, электронды коммерция бо­йынша тренингтер мен өнімді жақсар­ту, тауар пайдаланушыларын тарта­­тын тартымды логотип әзірлеу, қапта­ма жасау бо­йынша әдіс-тәсілдерді иге­ріп шығады.

Мемлекетік гранттан үмітті жан­дардың бірі «Керім» атауымен тіркелген жеке кәсіпкер Мақсат Көшербаев осы көрмеге Ақсуат ауданынан арнайы келіпті. Ауыл шаруашылығы қалдықтарынан отын дайындайтын оның өнімі көрме қонақтарының қызы­ғушылығын тудырды. Кәсіпкер сөзінше алдағы күнде көмірді алмастыратын бұл отынды дайындау үшін арнайы автоматтандырылған қалыптар керек екен. Егер мемлекеттік қолдау болса, жұмысшы тартып, пайдалы отынның өнімділігін арттырғысы келетінін айтты.

«Бала күнімнен бері темір ұстасы ретінде қызмет еттім. Сондықтан мал­дың тезегі мен қора-жайдың айнала­сындағы қалдықтарды іске жарату үшін арнайы қалып ойлап табу қиынға соққан жоқ. Бұл ой маған қоқыс полигондарына тасталатын және ауыл-аймақта өртеліп жататын қоқыстарды көргеннен кейін келген еді. Бастапқы кездері шөп-шалам қалдықтарынан осындай отын жасау керегін түсініп іске кірісіп кеттім. Бізде қазір «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүріп жатыр, қоқыс полигонындағы заттарды осылай пайдаға жаратуды ойласақ, онда күн сайын қымбаттап жатқан көмірді алмастыратын осындай отын керек-ақ», дейді ауылдағы ауласынан басталған кәсібін көпшілікке таныстырған жеке кәсіпкер Мақсат Көшербаев.

Сонымен бірге ұлттық тағам дәс­түрін жалғастырушы ретінде өз өнім­дерін ұсынған Жарма ауданының тұрғыны Айгүл Ерғалиқызы осы көр­ме-жәрмеңкеге шұжық өнімдерін әкелген. Аз ғана уақыттың ішінде өздері тұратын Қалбатау ауылы жұрт­шылығының сұранысын тудырған өнімдерді алдағы уақытта цех ашып, кәсібін ұлғайтуды мақсат тұтыпты. Осы секілді ет өнімдерімен айналысатын Семей қаласының тұрғыны Меруерт Нұржанқызы да ежелгі дәс­түр бо­йынша етті ыстап, шұжық­­тың әр түрін шығарып келеді. Бүгінде қоластында үш жұмысшы бар іскер әйел келешекте үлкен кәсіпорын болып құрылуды қалайды. Ауыл кәсіпкер­лері мен өнімдерінің көрме-жәрмеке­сін ұйымдастырушылар алдағы уақытта аталған кіші бизнес өкілдерінің өркен жаярына сенімді.

 

Абай облысы