• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Тамыз, 2024

Сот жүйесін реформалау кімге керек?

78 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы судьялар қауымдастығының III съезі өткеннен кейін осы уақытқа дейін жүргізілген сот реформасының жетістігі мен кемшілігін талдап, талқылап «Сот жабық корпорация емес» деген тақырыпта республикалық баспасөз бетінде («Ana tili» №44 (1564) 29 қазан–4 қараша, 2020 жыл) сыни мақала жарияланған болатын. Мақала Президент назарына ілігіп, сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа бірқатар тапсырма берген еді. Нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізіліп, сот тәуелсіздігін қамтамасыз ететін жаңа толықтырулар енгізуге ұсыныстар да жасалды.

Содан бері 3-4 жыл көле­­мінде аталған заң­­ға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілді. Сот жүйесінің құрылымы жайлы айтылған ұсыныстар туралы жуыр­да өткен Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар аталған конституциялық заңға өзгеріс енгізу жөніндегі жобаны бірін­ші оқылымда мақұлдады. Пар­ламент депутаттары бастамашы болып дайындаған конс­титуциялық заң жобасы сот төрелігінің атқару сапасын жақ­сартып, судьялардың кәсіби дең­гейін арттыру мақсатында әзірленді деп көрсетілген.

2016 жылы сот реформасын жүргізу кезінде қабылданған заңдарда қателіктер кеткені, яғни сотта іс қарау сатыларын алмастырып, облыстарда кас­сация­лық сатыда қаралатын іс­терді Жоғарғы соттың қарауы­на өткізуден кассациялық ша­ғымдармен сотқа жүгіну көлемі төмендеп кеткені ашық айтылды. Салдарынан халықтың Президент пен Парламентке наразылық шағымдары артқанын ескеріп, бұл тәртіпті басқаша қарау керектігі ашық талқыға түскен еді. Жаңа заң жобасында Жоғарғы соттың қарауынан қылмыстық, азаматтық, әкім­шілік іс қарауды алып, осы үш сатыда кассациялық іс қарай­тын жаңа сот жүйесін Астанада құрып, Жоғарғы сотты кас­са­циялық істерді қараудан босатып, сот практикасын жүр­гізуді бақылаумен айналысатын етіп қайта құру керек екендігі аңғарылды.

Бұл өзгеріс Жоғарғы сот судья­ларының санын қысқартып, жаңа құрылатын сот сатыларына беріліп, бұл негізінен сот тәуел­сіздігін нығайтуға жасалған құтты қадам болмақ деп көрсетілген. Мақалада кассациялық сот сатысын Жоғарғы соттан облыстық соттарға бақылау сатысы ретінде өткізіп, халықтың арыз-шағымы Астанаға жолданбай, жергілікті жерде шешімін табу керек деген де нақты ұсыныс айтылған еді.

Сол ескертпе кассациялық сатыны Жоғарғы сотқа өткізуде 2016 жылы сот реформасына ұсыныстар енгізген азаматтардың мүдделігінен туындап, қате өзге­рістер заңға енгізілгені жуыр­­­да өткен Парламенттің жалпы отырысында ескеріліп, сот реформасына жаңа өзгерістер енгізу керектігі анықталды. Бұл жерде Астанада кассациялық қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот жүйесін жаңадан құрып, Жоғарғы сотпен облыстық сот­тар­дың арасында жаңа буын енгізбей-ақ, Жоғарғы соттың кас­сациялық сатысын бақылау сатысы етіп, облыстық сот деңгейіне түсіріп, соттың іс қарауын жер­гілікті облыстық соттың қа­рауымен аяқтау халыққа тиім­ді болатынын ескерткенбіз. Мұн­дай үрдіс бұрында екі рет заң жүзінде қайталанғаны Жоғарғы сотта келеңсіз жағдайлар болуы­на (парақорлыққа) байланыс­ты облыстық соттың қарауына жіберілгені халыққа мәлім. Сон­дықтан бұл ұсынысты балама түрде Парламенттің осы мәселені екінші оқылымда қара­ғанда талқыға салса, орынды болар. Аталған кассациялық үш сатыны Жоғарғы соттан бөліп алып, жаңа буын сотты Астанада құрғаннан не ұтамыз? Сол баяғы жағдай қайталанады, арыз-шағым одан қысқармайды. Оны алқада қандай құрамда қарау мәселесін өзгерту қажет болса, процессуалдық заңды өзгертумен-ақ істі қараудың жаңа тәртібін қалыптастыруға болады. Жалпы, мемлекеттің билік жүйесін (децентрализация) орталықтандырмай, жергілікті органдарға өткізу бірнеше жылдан бері айтылып та, ішінара орындалып та жатқанын ескерсек, сот реформасына өзгерістер енгізуде сот жүйесінде де осы бағыттың ескерілгені халыққа тиімді болар еді.

Мемлекет басшысы мем­лекет­тік басқаруды қайта құрып, саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттыра отырып, басқаруды жергілікті орган­дар­ға өткізудің қажеттілігін баса айтып келеді. Парламент осы талапты мүлтіксіз орындау бағытында заңға, халыққа қажетті өзгерістерді енгізуі қа­жет.

 

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор