Қазір кітап шығару жаңалық болмаса да, бұл жолғы еңбектің ептеген ерекшелігі бар. «Құрмет» орденінің иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы Тұрғанбек Қанаевтың «Шардарадан шырқалған әндер» атты кітабы жарық көрді. Алматы қаласындағы «Қазақ кітабы» баспасынан шыққан бұл жинаққа аты айтып тұрғандай, автордың сөзіне жазылған әндер топтастырылған. Мұнда әндер нотасымен берілсе, сол нотаның астына QR-коды қоса енгізіліп отыр. Яғни осы код арқылы шығарманың орындалуын тыңдай аласыз.
Кітапта Т. Қанаевтың сөзіне жазылған 52 ән мен автордың өзі шығарған күйлері енгізілген. Алғашқы беттерінде Тұрғанбек Қанаев жазған ғұмырнамасы, Нартай ақыннан, Майлықожа ақынның немере інісі Айтқожа ақыннан, елімізге белгілі шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтен бата алған сәттері, өнер жолындағы жетістіктері баяндалған.
«Шардарадан шырқалған әндер» жинағы – Тұрғанбек Қанаевтың төртінші кітабы. Бұған дейін «МЭРС» препаратының тиімділігі туралы ғылыми негізде жазылған алғашқы еңбегі жарық көрген еді. «Еңбегім туған еліме», «Елдің сөзін сөйледім» атты кітаптары оқырмандарымен қауышқан. Енді міне, таза ән әлеміне арналған жаңа туындысы өмірге келді.
«Музыка кітаптарында әннің нотасы жазылған болса да, ол көпшілік қауымға түсініксіз. Сол себепті әр әнімнің жанына QR-код енгізуді жөн көрдім. Сол арқылы оқырман қауым кітапты оқып қана қоймай, ондағы музыкалық шығармаларды телефон арқылы тыңдай алады. Бұл кітап ісіндегі цифрландырудың озық нәтижесі деп білемін», дейді автор.
Автордың күй өнеріне де құлаш ұрғанын байқадық. «Сүткент толғауы», «Шардара шалқымасы», «Толғау» деп аталатын күйлері беріліпті. Сондай-ақ Шыңғыс Бөріұлы «Тұрғанбек толғауы», Қ. Әбіш «Тұрғанбек» деп аталатын авторға арналған туындыларын қоса енгізген.
Жүрегінен шыққан әрбір дүниесіне ұқыптылықпен қарап, қағазға қаттап отырған автордың еңбекқорлығына, ізденімпаздығына тағы да тәнті болдық.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ,
Журналистер одағының мүшесі