Шайбалы хоккейден еліміздің ұлттық құрамасы Астанада өткен Президент кубогі жолындағы жарыс аяқталған бетте қысқы Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын турнирге дайындығын бірден бастап кетті.
Алғашқы күндері «Барыс Аренада» жаттыққан жерлестеріміз жексенбіде Чехияға сапар шекті. Сол жерде жергілікті «Хомутов» клубымен жолдастық кездесу өткізді. Кезінде бұл ұжымды даңқты хоккейші, Олимпиада және әлем чемпионы, сол жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, аталған елдің ұлттық командасын екі рет дүниежүзілік доданың жеңімпазы атандырған атақты бапкер Владимир Ружичканың жаттықтырғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы 4:2 есебімен жеңіске жетті. Біздің команда сапындағы ойыншылар арасында Максим Мұхаметов, Артем Лихотников, Роман Старченко және Никита Михайлис мергендік танытты. Келесі күні Олег Болякиннің шәкірттері Братиславаға аттанды.
Қысқы Олимпия ойындарының жолдамалары таратылатын турнирде отандық шайбалы хоккейшілеріміз мынадай құрамда өнер көрсетеді: Қақпашылар – Никита Бояркин («Барыс»), Максим Павленко («Рязань-ВДВ»), Андрей Шутов («Слован»). Қорғаушылар – Әділ Бекетаев, Тамирлан Гайтамиров, Самат Данияр («Барыс»), Дмитрий Бреус («Торпедо»), Леонид Метальников («Адмирал»), Эдуард Михайлов («Арлан»), Валерий Орехов («Металлург»), Иван Степаненко («Хумо»). Шабуылшылар – Әлихан Әсетов, Александр Борисевич, Дінмұхамед Қайыржан, Максим Мұхаметов, Руслан Оспанов, Михаил Рахманов, Кирилл Савицкий, Роман Старченко («Барыс»), Руслан Демин («Сарыарқа»), Артем Лихотников («Хумо»), Кирилл Панюков («Амур»), Евгений Рымарев («Юнисон»), Аркадий Шестаков («Адмирал») және Никита Михайлис («Металлург»). Бапкерлер құрамында Болякиннен бөлек, Георгий Верещагин, Талғат Жайлауов, Павел Бессонов сынды мамандар бар.
Осы сапар алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Олег Болякин: «Олимпиаданың лицензиясына иелік етуге мүмкіндігіміз зор. Өйткені алдына биік мақсат қойған бәсекеге қабілетті команда жасақтай алдық. Президент кубогі жолындағы жарысты дайындық жұмыстарының бастапқы кезеңі ретінде қарастырдық. Кейіннен қатарға Никита Михайлис, Валерий Орехов, Евгений Рымарев, Артем Лихотников, Иван Степаненко. Андрей Шутов, Аркадий Шестаков, Леонид Метальников сынды сақа хоккейшілер қосылды. Сондықтан да ел құрамасы осы жауапты жарысқа сақадай сай әзірлікпен аттанып барады деп айтуға толық негіз бар», деп мәлімдеді.
Словакияда шымылдығы түрілетін іріктеу турниріндегі тұсаукесер кездесуін жерлестеріміз 29 тамызда Мажарстан құрамасына қарсы өткізеді. Келесі күні Аустриямен шеберлік байқасса, 1 қыркүйекте жарыс қожайындарымен күш сынасады.