Сенатор Нұртөре Жүсіп Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол ауылының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында депутат елді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, медициналық қызметтердің сапасын бақылауға және шалғайдағы ауыл тұрғындарының интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік реформалар мен Парламент қабылдаған заңдардың маңызы туралы айтты.
Тұрғындар қолайлы жағдайдың болмауына және аудан орталығына баратын жолдың нашарлығына байланысты ауылдан көшетіндердің қатары азаймай отырғанына назар аударды. Олар аталған мәселелерді шешу үшін шекаралас аймақтарды дамыту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ жергілікті халық «Ауыл аманаты» бағдарламасының қаражаты айтарлықтай қысқарғанына алаңдаушылық білдірді. Депутат айтылған барлық проблема тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын, бұл түйткілдер сенаторлардың ерекше бақылауына алынатынын атап өтті.
Сонымен қатар Нұртөре Жүсіп аудан әкімімен кездесіп, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру шараларын талқылады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барлық ауқымды өзгеріс адамға және оның жасампаздық әлеуетін ашуға бағытталғанын нақты атап өтті. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші азаматтарымыз жақсы жағдайда өмір сүруі үшін бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Жақсы жағдай дегеніміз – сапалы медицина мен білім, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті лайықты бағалау, интернетке қолжетімділік, талапқа сай жол және таза ауызсумен қамтамасыз ету», деді Нұртөре Жүсіп.