Шарайна
Сауд Арабиясының королі Абдалла бен Әбдел Әзиз Әл Сауд 91 жасқа қараған шағында өмірден озды. Өткен айда монарх өкпесіне суық тигізіп алды деген диагнозбен ауруханаға жатқызылған екен. Ол ел астанасы – Эр-Рияд қаласындағы клиникалардың бірінде медициналық тексеруден өтіпті.
Осы айдың басында жасы келген қария «өкпе инфекциясы» деген диагнозбен ауруханадан шығарылып, оның дем алуын жеңілдету үшін арнайы түтікше енгізілсе керек. Соңғы төрт жыл ішінде Әл Сауд омыртқасына да бірнеше рет хирургиялық операция жасатыпты. Алғашқы Саудия королі Абдул-Әзиз ІІ-нің үлкен ұлы болып табылатын монарх таққа 2005 жылы отырған болатын.
Жаңа премьер-министр тағайындалды
Корея Республикасының президенті Пак Кын Хе елдің жаңа премьер-министрі лауазымына билік партиясы фракциясының жетекшісі Ли Ван Гуді тағайындады.
«Ренхап» агенттігінің хабарлауынша, ол Чон Хон Вонды ауыстырған. Жаңа премьер-министр заңгерлік білімді АҚШ-та алған екен. Ол оппозициямен үнқатысуды жолға қоюға тырысатынын және президент Пак Кын Хемен барлық мемлекеттік мәселелер бойынша ашық пікірталасқа шығатынын мәлімдепті. Президент, сондай-ақ, өзінің бірқатар кеңесшілерін қайта тағайындаған көрінеді.
Президенттің отставкасын қабылдамады
Иеменнің президенті Абд Раббу Мансуру Хади ел парламентіне отставкаға кететіні жөнінде өтініш берді. Парламент мемлекет басшысының отставкасын қабылдамады.
Жергілікті телеарналардың хабарларына қарағанда, депутаттар елдегі жағдайға байланысты палатаның шұғыл отырысын өткізуі ықтимал. Ал президенттің отставка сұрауына мемлекеттік төңкеріс сипатындағы жағдай себеп болып отыр. Бұдан екі күн бұрын президент шииттік хоуситтер қозғалысы өкілдерімен келіссөз өткізіп, ел конституциясына өзгерістер енгізуге келіскен еді. Иемен билігі шииттік содырларға Иран қолдау көрсетіп отыр деп санайды.
Ассамблея спикері қамауға алынды
Нью-Йорк штаты ассамблеясының спикері Шелдон Сильвер сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша қамауға алынды. Бұл жөнінде «Ассошейтед пресс» агенттігі ФТБ-ға сілтеме жасай отырып хабарлады.
Тергеушілердің болжамына қарағанда, ол өзінің қызметін асыра пайдалану арқылы ақшалай пара алып келген. Оның көлемі 1 миллион долларға жуықтайды. Жетпіс жастағы саясаткерге қарсы бес түрлі айып тағылып отыр. Спикердің адвокаты оған тағылған айып «негізсіз» деп атады. Жоғары лауазымдағы шенеуніктің тұтқындалуы нью-йорктік заң шығарушы органы үшін күтпеген жағдай болды.
Қысқа қайырып айтқанда:
*«Шрек», «Кунг-фу панда» және «Мадагаскар» фильмдерімен танымал DWA студиясы осы жылы өзінің барлық бөлімшелерінен 500-ге жуық қызметкерін қысқартады. Оған студияның соңғы жылдары прокатқа шығарған мультфильмдерінің сұранысқа ие бола алмағандығы себеп болған.
*АҚШ Өзбекстанға 328 бронды машина беруі ықтимал. Бұл қорғаныс техникалары қайтарымсыз негізде берілмек.
*Мәскеудің орталық әкімшілік округі аумағында полицейлер заңды ұрылар «жиынының» жолын кесті. Ұсталған 15 адамның арасында іздеуде жүргендер де бар екен.
*Америкалық режиссер Мартин Скорсезе АҚШ-тың экс-президенті Бил Клинтон туралы деректі фильм түсіруді саясаткермен келіспеушілікке байланысты кейінге қалдырды.
Кепілдегілердің тағдыры әзірше белгісіз
«Ислам мемлекеті» дегеннің содырлары ультиматум мерзімі өткеннен соң, кепілге алынған екі жапондыққа қатысты жаңа бейнеүндеуді жария етті.
Онда «Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ өтірікті жалғастырып келеді. Ол тұтқындағы екі жапондыққа қатысты аяушылықты сезінбеуде. Жапондықтар ешқандай жаманшылық жасаған жоқ. Біз уәдемізді орындайтын боламыз», – делінген бейнероликте. Ультиматум мерзімі кеше бітті. Кепілдегілердің тағдыры әзірше белгісіз.
Чиннаватқа да қауіп төнген сияқты
Таиландтың бас прокуратурасы елдің бұрынғы премьер-министрі Йинглак Чиннаватқа күріш саласын субсидиялау барысында жауапсыздық танытты деген айып тағуы ықтимал.
«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, оған қатысты қылмыстық іс Таиландтың жоғарғы сотында қаралатын болады. Қылмысы дәлелденетін болса, экс-премьер 10 жылға сотталуы мүмкін. И.Чиннават оппозицияның талап етуімен 2013 жылдың қарашасында отставкаға кеткен болатын.
Бір-біріне оқ ату жиілеп барады
Армения қарулы күштерінің екі әскери қызметшісі Әзербайжанның арнайы мақсаттағы бөлімшесімен жарты сағатқа созылған ұрыс кезінде қаза тапты.
Армения қорғаныс министрінің баспасөз хатшысы Арцрун Ованнисянның айтуынша, жұмаға қараған түні уақытша бітім режімін Әзербайжан тарапы шамамен 300 рет бұзған. Сондай-ақ, ол жұма күні ертеңгілік әзербайжандық әскерилер Арменияның солтүстік-шығысындағы бірқатар әскери бекіністерге шабуыл жасағанын айтып отыр. Ал кеше Әзербайжан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі өз сайтында Арменияның қарулы күштері оқ атпау режімін 87 рет бұзғаны жөнінде хабарлады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.