• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Тамыз, 2024

«Tatulyq» – береке бастауы

40 рет
көрсетілді

Әлемді алаңдатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі елімізде де өзектілігін жойған жоқ. Тіпті бұл мәселеге Мем­лекет басшысы да тереңірек мән беріп, зорлық-зомбы­лыққа қарсы жазаны күшейтетін заңға қол қойды.

«Сенімен болашақ» республи­калық ата-аналар қоғамдық бірлес­тігі де бұл көкейкесті мәселеден айналып өткен жоқ. Жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі ретінде қолға алып, бірлестіктің Астана филиалы тоғыз айдан бері «Қоғамда зорлық-зомбылықсыз мәдениетті қалыптастыру» тетігін зерттеп шықты.

Биылғы 6 айда Астана қаласына қ­арасты Алматы ауданының өзін­де телефон арқылы 1515 ша­ғым келіп түскен. Әкімшілік жа­заға тартылғандар саны 1 727 болса, сот тарапынан 1 637 іске шешім шығарған. Астана қалалық полиция департаменті­нің мәліметіне сүйенсек, қалада бір тәулікте 40–70-тің арасында қоңырау ша­ғымы келіп түсіп, 20 мен 40-қа жуық шағым сотқа жолданады екен.

«Tatulyq» әлеуметтік жобасы ая­сында 148 жәбір көрсетушіге уақыт­ша ұстау изоляторында кез­десулер мен тренингтер өткі­зі­ліп, 52 жәбірлену­шімен психо­терапиялық кездесу ұйымдас­тырылған. «Отбасылық кикілжің туын­да­ғанда оны дер кезінде тал­қы­лап, сөйлесіп, саламатты шеше алмаудың кесірі – зор­лық-зомбылыққа алып келеді». Жобаға қатысқан сарапшылар мен тәртіп сақшы­ларының пікірі осындай.

«Полиция мамандары қоғам­ның тыныштығын күзетуші болға­нымен, әркімнің отбасындағы же­ке мәселелерінен бейхабар. Бірақ сол мәселе ушықпас үшін алдын алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Құқық бұзушы өз кінәсін түсініп, мойындай бастаса, бұл болашақта тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ агрессор мен психолог арасындағы әңгіме полиция қызметкерінің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Бұған жоба кезінде куә болдық», дейді Алматы аудандық полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айжан Аралбаева.

Жоба барысында жүргізілген сауалнама нәтижесінде отбасылық дәстүрлер мен шаңырақ ынтыма­ғын арттыру үшін ортақ қағида­ларды қалыптастырудың маңызы зор екенін аңғаруға болады. Өкі­ніштісі, сауалнамаға қатысқан жәбір­ленушілердің дені эмоция­ларды тани білмейтіндігін және ком­муникациялық дағдының қалып­таспағанын растап отыр. Тре­нинг барысында олардың ішкі сезім­дерін тануда және қалау­ла­рын сауатты жеткізуде қина­ла­тындығы анықталса, терапия кезінде отбасында зәбір көрген­дердің ата-анасымен саламат­ты қарым-қатынасының болмаған­дығы, қорқыныштарын өздігі­нен шеше алмайтындығы айқын байқалған. Сондай-ақ бала кезін­де жақындары мен туыстары тарапынан эмоционалды және сексуалды зорлық-зомбылыққа түсу, алкогольді-наркологиялық тәуелділік, ойынқұмарлық пен эмо­ционалды-психологиялық тә­уел­ділік те бар.

Сондықтан да тұрмыстық зор­лық-зомбылық тек ерлі-зайып­тылардың ортасында болатын кикілжің деп қарау – қисық ұғым. Отбасындағы мүшелердің ара­сында, яғни ата-ана мен бала, бауырлар, ерлі-зайыптылар және туыстар арасында туындайтын кез келген мәселе, кикілжіңді сала­уатсыз шешу тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келетінін ескер­геніміз жөн.

 

Шерхан АРАПБАЙ,

«Сенімен болашақ» РҚБ Астана қалалық филиалының басшысы