Ақмола облысының Ақмол ауылында орналасқан «Capital projects ltd» ЖШС жылына 20 мың тонна қуаттылықпен тауық етін өндіріп келе жатыр. Кәсіпорынның «Курочка ряба» брендімен шығаратын өнімдері тұтынушылардың ауқымды сұранысына ие. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен жақын арада өндіріс қуатын 30 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Кәсіпорын тауық еті мен жұмыртқа өндірісінің толық циклін (аналық мал – инкубациялық жұмыртқа – инкубатор – репродуктор – тауық еті және жұмыртқа – тарату) құрған «Шаңырақ» компаниялар тобына кіреді. Сонымен қатар жем өндіру және экспорттау үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіреді. Кәсіпорын ең аз қалдықпен жұмыс істейді, тіпті тауық сыңғырығы да дақыл өсіруде пайдалану үшін органикалық тыңайтқыш ретінде өңделеді.
Қазіргі уақытта салынып жатқан майлы дақылдарды қайта өңдеу желісі жемшөп өндірісін 25 пайызға арзандатуға мүмкіндік береді. Бұл тауық жұмыртқасы мен құс етінің бағасына оң әсер етеді, өйткені жем осы өнімдердің өзіндік құнының негізгі және ең қымбат құрамдас бөлігі болып саналады.
Кәсіпорын тәулігіне 1 млн жұмыртқа өндіретін пастерленген сұйық және құрғақ жұмыртқа өнімдерін шығарумен айналысады. Бұл тауық жұмыртқасын өңдейтін еліміздегі алғашқы зауыт болмақ. Кәсіпорын қазірдің өзінде технологиясы елімізде белгіленетін, жұмыртқа өнімдерін өндіру бойынша әлемдік көшбасшы «Тhornico» (Sanovo) компаниясымен эксклюзивті келісімге қол қойды. Жобаны келесі жылы жеңілдетілген несиелеу түрінде мемлекеттің қолдауымен жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Таяуда кәсіпорынға вице-премьер Серік Жұманғарин де барып, өндіріс үдерісімен танысып қайтқан еді. Вице-премьер аталған жобаны қолдап, оның еліміздегі агроөнеркәсіп кешені саласында терең қайта өңдеуді дамытуда маңызды рөлге ие болатынын айтты.
Кәсіпорында ылғал астықты сақтаудың жаңа әрі қолжетімді әдістері қолданылады. Мұнда 8 жылдан бері ылғалдығы 18-20 пайыз болатын астықты сақтауға арналған пластик қапшықтар пайдаланылады. Бұл пішінде оны 6 ай бойы қауіпсіз сақтауға, көктемде ашып, кептіріп, әрі қарай сақтауға болады. Кәсіпорын басшысы Максим Божконың айтуынша, оттегінің болмауына байланысты астық жыл бойына өте жақсы сақталады.