Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сыртқы саясат ведомствосының басшылығымен жұмыс отырысын өткізді. Министр отырыста 2015 жылдың еліміз үшін ерекше жыл болатынын және биыл бірнеше мерейтойлық оқиғалар, атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы атап өтілетінін айтты.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының Қазақстан үшін маңызы ерекше. Одан басқа, 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығы, ЕҚЫҰ құрылуына әкелген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылғанының 40 жылдығы атап өтілетін болады, деді Сыртқы істер министрі.
Е.Ыдырысов, бұған қоса, Қазақстанның 2015 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесінде төрағалық ету аясында жұмыстың жеке бағыттарын айқындады.
Жаһандық үнқатысу алаңдарына айналған форумдарды – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезін (маусым), Еуразиялық медиа форумды (сәуір), Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияны (мамыр) ұйымдастыруға қолғабыс көрсету жұмысының маңыздылығы атап көрсетілді. Бұл орайда, Хатшылығы Астанада орналасатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жақын арада аталған ұйымның жарғысына Біріккен Араб Әмірліктері қол қойып, ұйым мүшесіне айналғаны атап өтілді.
Жалпы өңір үшін және жеке Қазақстан үшін бұл ұйым құрылуының маңызы зор. Ол қажетті жедел және гуманитарлық көмек көрсету, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі қорларын құру мәселелерімен айналысады деп күтілуде. Сонымен қатар, ұйымның іске қосылуы қазақстандық астықты және өзге де азық-түлік түрлерін ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерге жеткізуге, Қазақстан мен өзге де елдерде ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады деп күтілуде. Министр Қазақстанның шетелдік әріптестермен Үкіметаралық комиссиялардың жұмысын жүйелендіру бойынша оң үдерістер байқалып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Е.Ыдырысов Сыртқы істер министрлігі тарапынан атқарылып отырған негізгі ұзақ мерзімді сыртқы саяси бастамалар бойынша бірізді жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Бұл жерде әңгіме Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілету, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары, «KazAID» ресми даму көмегі тетігін іске қосу мен Алматыда БҰҰ көпжақты дипломатия хабын құру мәселелері туралы болып отыр.
Министр құрлықтың ірі ұйымдары – Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ арасына «көпір салу» жұмысына ерекше назар аударды. Бұл 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің күшіне енуінен бастап өзекті мәселеге айналған.
Отырыста, сонымен қоса, екіжақты пішімде және Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ), Ауғанстан бойынша Ыстамбұл үдерісі және басқа да аймақтық, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен форумдардағы еліміздің басшылығымен өтетін халықаралық іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Сәулебек БІРЖАН.