• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Инвестиция 29 Тамыз, 2024

Инвесторлар қалаға қолдау көрсетеді

112 рет
көрсетілді

Еліміздегі моноқалалардың бірі – Сәтбаев қаласына экономиканы әртараптандыру ауадай қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашудың да орайы оңайлықпен келе қоймайды. Өңірдегі логистикалық түйткіл шағын қалаға қалталылардың келуіне қолбайлау жасап тұр. Дегенмен жергілікті билік мүмкіндікті мүлт жібермесе, инвесторды да иілдіруге болады екен. Жуырда қала әкімдігі мен қытайлық «Stecol Сorporation» және отандық «Siena» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қала әкімі Мұрат Бөрібаевпен бірге меморандумға «Stecol Сorporation» жетекшісі Янг Хонвэй және «Siena» компаниясының директоры Руслан Шарипов қол қойды. Әкім қыз­ме­тіне шілде айының бас кезінде та­ғайын­дал­ған Мұрат Бөрібаев қала бюджеті небәрі 11 млрд теңге екенін айтып, қазынаны толтыру басты міндет деген еді. Жаңа басшылық іс орайын тапқан секілді. Талай жыл жырға айналған «Жезқазған – Қызылорда» көлік жолының күрделі жөндеуі ақыры басталатын болды. 8 лотқа бөлінген жұмысты қытайлық 4 компания жеңіп алды. «Stecol Сorporation» – сол 4 компанияның бірі. Ал «Siena» – Қытайдың осы компаниясымен бірне­ше жылдан бері серіктес болып келе жат­қан отандық компания.

Жол салуға құм да, қиыршық тас та керек. Сәтін салғанда, Сәтбаев қа­ла­­сының аумағында осының бәрі де табылады. Қала әкімі дереу «Stecol Сorporation» компаниясының бас­шы­лығына хабарласады. «Жол құ­ры­лысына қажетті материалдарды біз­ден алады екенсіздер, ендеше неге екіжақты тиімді жұмыс істемеске? Сіздер біздің қалаға тірке­ліңіздер, салатын зауыттарыңызға тиісті жер бөліп беруге әзірміз» деген әкімнің ұсынысы компанияның да көңілінен шыға келді. Сөйтіп, «Stecol Сorporation» өзінің сенімді серіктесі «Siena» компаниясымен бірге Сәтбаев қаласына келді.

«Біздің тарапымыздан қытайлық «Stecol Сorporation» компаниясына қызығушылық танытуымыз бекер емес. Өйткені бұл компания – Қытай еліндегі атақты «China Power» мемлекеттік корпорациясының еншілес құрылымы. Компания елімізде жұмыс істеген үш жыл ішінде өзін сенімді және жауапты серіктес ретінде көрсете білді. Ал «Siena» – отандық құрылыс нарығында орны бар, алдыңғы санатты компания. Олар жол құрылысына қажетті материалдарды жеткізумен айналысады. Қосалқы мердігер ретінде жөндеу жұмыстарына да тікелей араласады. Сондықтан бірімен-бірі байланысты қос компанияны бірге жұмыс істеуге шақырдық. Ұсынысымызды қабыл алғаны үшін аталған компания басшыларына қала халқының ризашылығын жеткізгім келеді», дейді Мұрат Бөрібаев.

Компаниялардың қалаға келіп тір­келуі салық түсімін молайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болады. Қаныш қаласына келген қос инвестор қалада асфальт-битум зауытын тұрғызады. Мұнда кем дегенде жаңа 30 жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге сыйымдылығы 0-15 мың тонна болатын битум қоймасын салады.

«Жол құрылысына жақын жерден зауыт пен қойма салу өте пайдалы. Бұл өз кезегінде тасымал шығын­дарын азайтады. Сонымен қатар құ­ры­лыстың неғұрлым жедел жүр­гізілуіне де ықпалын тигізеді. Зауыт­қа қажетті шикізаттарды да қолсозым жерден аламыз. Сәтбаев қаласы бас­шылығының ұсынысына көп ойлан­бастан келісім бергеніміз де сон­дықтан», деді меморандумға қол қою салтанаты кезінде сөз алған инвесторлар.

Бір сүйсінерлігі, инвесторлар қаланың әлеуметтік-мәдени өміріне, инфрақұрылымына, кескін-келбетіне өз үлестерін қосуға ниетті. Айталық, компаниялар қала көшелерінің жолын жөндеуден өткізуге, демалыс аймақтарын және балалар ойын алаң­дарын салуға да қатысып, қаржы құюды көздеп отыр. «Біз осылайша қала­да қолтаңбамызды қал­дыр­ғымыз келеді» дейді.

Қос бірдей инвестордың келуі Сәтбаев қаласының экономикасын да­мы­туға ойдағыдай оң әсерін тигізетіні кү­мәнсіз.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы