Ирландияның Дублин қаласында өткен IGeO-2024 Халықаралық география олимпиадасында озат оқушыларымыз бір күміс және үш қола медальға қол жеткізіп, жүз пайыз нәтиже көрсетті.
Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді жеті олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Соның бірі – халықаралық география олимпиадасы жыл сайын жоғары сынып оқушылары арасында ұйымдастырылады.
«IGeO алғаш рет 1996 жылы Халықаралық географиялық одақтың (IGU) қолдауымен Нидерланд мемлекетінің Гаага қаласында өткен еді. Ал Қазақстан құрама командасы аталған сайысқа 2012 жылдан бері қатысып келеді. Биыл төрт оқушымыз тамыз айында Ресейдің Тверь облысындағы оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Нәтижесінде, төртеуі де елге олжалы оралды. Жарыс үш кезеңнен тұрды. Жазбаша кезеңде алты тапсырма беріледі, ал оның нәтижесі жалпы сайыстың қырық пайызын құрайды. Ал екінші, далалық кезеңде оқушылар ақпаратты өңдеп, талдап, жоспар құрады. Соңғы кезең мультимедия деп аталады. Мұнда қатысушылар 40 сұраққа 60 минут көлемінде жауап берулері тиіс», дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.
Биыл үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан командасының құрамында Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ақжол Болат, Жамбыл облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Жомарт Сабыр, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Арсен Сыдықов, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қанат Серікбай бар.
«Биылғы білім бәсекесіне 50 мемлекеттің 200-ге жуық оқушысы қатысты. Солардың арасынан топ жару, әрине оңай емес. Дайындығыңа сай нәтиже көрсетесің. Өз басым бес жыл тынбай тер төктім. Міне, бүгін сол еңбектің жемісін көріп отырмыз. Әлбетте бұл – ғылымдағы жолымның бастауы ғана. Осы жылы күмісті қанағат тұттық, бұйырса келер жылы алтыннан алқа тақсам деген мақсатым бар. Осы орайда географияға қызығушылығымды арттырып, дұрыс бағыт-бағдар берген жетекшім Нағима Бекетқызына алғыс айтқым келеді», дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ақжол Болат.