Конституция күні қарсаңында Теректі ауданының Аңқаты ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Бұл баспаналар су тасқынынан зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетуді тапсырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуымен салынған.
Аңқаты ауылындағы үйлер «Жайықмұнай» ЖШС демеушілігімен тұрғызылды. Мерекелік іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы ауыл тұрғындарын қоныстоймен құттықтап, үйлердің кілтін табыс етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен халыққа заң аясында тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Көктемгі су тасқыны нәтижесінде Теректі ауданы бойынша барлығы 160 үй апатты деп танылып, 30 үй сатып алынып, 130 үйдің құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына қолдау көрсеткен демеушілер мен компанияларға шын жүректен алғысымды білдіремін», деді Н.Төреғалиев.
Аңқаты тұрғындары көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.
«Су тасқынынан отбасымыз әбден әбігерге түсті, бірақ мемлекет бізді далада қалдырған жоқ. Міне, біз бүгін жаңа, кең, жарық үйімізге кіріп отырмыз. Қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан Мемлекет басшысына мың алғыс», деп ауыл тұрғыны Серікқали Төрәлиев ағынан жарылды.
Бүгінге дейін облыста мыңнан аса тұрғын үй сатып алынып, зардап шеккен отбасыларға берілген. Су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындары Бөрлі, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарындағы 253 үйдің кілтін алды. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында зардап шеккендерге 775 тұрғын үй салынды.