Бұл күндері күллі жанкүйер назары – Нью-Йоркте. Атлант мұхитының жағалауында орналасқан әсем шаһарда «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің бірі US Open додасы басталды. Жүлде қоры рекордтық 75 млн долларды құраған жарыста жер-жаһанның барлық мықты теннисшілері өнер көрсетеді.
Өткен аптада АҚШ-тың ашық біріншілігінің іріктеу турнирін тамашаладық. ТОП теннисшілердің қатарына енбегендер өзара шеберлік байқасып, жарыстың негізі бөлігінде өнер көрсетуге кімдердің лайық екенін анықтады. Бұл бәсекелерде еліміздің бірнеше ойыншысы бақ сынады. Өкінішке қарай, тұсаукесер кездесулерінде Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко аргентиналық Марко Трунгеллити мен Тьяго Агустинге, Зарина Дияс қытайлық Ма Есиньге жол берді. Денис Евсеев алғашқы айналымда эквадорлық Альваро Гильен Месаны ұтқанымен, іле-шала нидерландық Йеспер де Йонгке есе жіберді. Тимофей Скатов пен Бейбіт Жұқаев та жарысты сәтті бастады. Алғашқысы Аргентинаның тағы бір өкілі Факундо Багнистен басым түссе, екіншісі швейцариялық Марк-Андреа Хюслерге шаң қаптырды. Содан қос жерлесіміз бір-біріне қарсы ойнады. Бұл дерби Скатовтың пайдасына шешілді. Шешуші сайыста ұлыбританиялық Билли Харристі қапы қалдырған ол басты додада күш сынасу құрметіне ие болды.
Ал әлемдік рейтингте жоғары сатыларға жайғасқан төрт теннисшіміз US Open турниріне еш алаңсыз даярланды. Жарыстың алғашқы күні екі ойыншымыз кортқа шықты. Александр Бублик (№27) Цзюнчэн Шанмен (№72) кездесті. Осындай дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, қытайлықтың қарқыны күшті болды. Бес сеттік бәсекеде Шан 6:4, 3:6, 5:7, 6:3, 6:4 есебімен басым түсті. Көп кешікпей Александр Шевченко (№61) мен германиялық Доминик Кепфер (№80) күш сынасты. Бұл кездесуде жерлесіміздің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ – 6:3, 7:5, 5:7, 6:2. Енді Шевченко америкалық Фрэнсис Тиафомен (№20) шеберлік байқасады.
Елена Рыбакина (әлемнің № 4 ракеткасы) аустралиялық Дестани Айаваны (№180) оңай еңсерді – 6:1, 7:6. Екінші кезеңде Елена франциялық Джессика Поншенің (№143) әлеуетін байқап көреді. Юлия Путинцева (№32) чехиялық Линда Носковадан (№25) басым түсті – 7:6, 6:4. Жерлесіміздің келесі қарсыласы – қытайлық Ван Синью (№40). Іріктеу сынынан іркілмей өткен Тимофей Скатов (№188) бірден өте мықты қарсыласқа тап болды. Тұсаукесер кездесуін ол әлемнің жетінші ракеткасы Хуберт Хуркачқа қарсы өткізеді. Бірінші сетте Польшаның дүлдүлі 6:3 есебімен жеңіске жетсе, қалған екеуі тай-брейке дейін ұласты. Десек те азулы теннисшіге отандасымыздың әлі жетпеді – 7:6, 7:6.