Бір жылдан аса уақыт қызу дайындық жұмысы жүргізілген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуына да санаулы күн қалды. 21 спорт түрін қамтитын аламанда спортшылар 97 медаль жиынтығы үшін тартысқа түседі. Дүбірлі дода қарсаңында ұлттық құрама саңлақтары елорда төрінде әзірлікті пысықтап жатыр. Алдағы күндері өзге мемлекеттен келетін командалар да ат басын Сарыарқаға бұрады.
Ой додасына әзірлік
Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бақ сынайтын ұлттық құрама мүшелері қорытынды жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Назарбаев университетінің спорттық алаңында тоғызқұмалақ, овари және мангаладан еліміздің ұлттық құрамасы БАҚ өкілдеріне жаттығу барысын таныстырды. Этноспорт аламанында тоғызқұмалақ пен түріктің мангала және Африка елінің ұлттық сайысы саналатын овариден ой жарыстыратын саңлақтар жүлдеден үмітті.
Тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақыпбаева қорытынды жаттығу жиыны жоспарға сәйкес өтіп жатқанын айтты.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында тоғызқұмалақтан – 4, овариден – 4, мангаладан 4 спортшы сайысқа түседі. Он жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының деңгейі жоғары. Елімізде тұңғыш рет жалауы желбірейтін айтулы додада топ жаруға барымызды саламыз. 27 тамыздан басталған қорытынды жаттығу жиыны 7 қыркүйекке дейін жалғасады», деді ұлттық құраманың бас бапкері.
Этноспорт додасында тоғызқұмалақ, мангала, овариден сайыс Астанадағы «Думан» қонақүйінің мәжіліс залында өтеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев зияткерлік ойындарға қатысатын спортшыларға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Осы үш спорт түрінен додаға қатысатын делегация мүшелері «Думан» қонақүйіне орналасады. Жатын орны мен сайыс өтетін алаң да – бір жерде. Спортшылар жол жүріп уақытын шығындамайды», деді ол.
Батыс Африка елдерінің зияткерлік додасы - овариді екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты ойық болады. 48 шармен ойналатын сайыста өз тақтасындағы ойыққа шарды көп жинаған қатысушы жеңіске жетеді. Командада екі ер, екі әйел ойыншы болады. Ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақыпбаева овариден алғашқы ел чемпионаты наурыз айында Қызылорда қаласында өткенін, біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұлттық құрамаға алынғанын жеткізді. Зияткерлік ойындар сайысында жанкүйерлер тоғызқұмалақтан еңбек сіңген спорт шеберлері Серік Ақтаев, Әсел Дәлиева, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие Ернұр Мерешев пен Аңсаған Қожанәсіптен медаль күтеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысатын Африка елдері мен Антигуа-Барбуда және Қырғыз Республикасының спортшылары да овари сайысының жүлдесінен дәмелі.
Назарбаев университетінің спорттық алаңында асық ату, бес асық және қырғыздың ұлттық ойыны ордодан еліміздің ұлттық құрамасы да БАҚ өкілдеріне арнайы ашық жаттығу өткізді. Ұлттық спорт асық ату, бес асық және қырғыз елінің ұлттық ойыны саналатын ордодан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қорытынды жаттығу жиынға қатысушылар әзірлікті күшейткен. Ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы асық атудан 4 және бес асықтан 4 спортшы, қырғыздың ұлттық ойыны ордодан 8 мерген сайысатынын айтты. 16 саңлақ та – халықаралық дода көріп ысылған тәжірибелі спортшылар.
Жомарт Сабыржанұлы барлық облыс пен үш мегаполисте федерация жұмысы қарқынды жүріп, асық ату ойыны кең қанат жайғанын атап өтті.
«2023-2024 оқу жылынан бастап орта мектеп оқушылары арасында «Алтын сақа» республикалық олимпиадасы өтіп, бір мезетте 2 миллионнан аса оқушы қолындағы сақасын шиырып, асық ойнады. Қырғыздың төл ойыны ордодан алтын медаль бұйырады деу қиын, себебі олар төл спортын ежелден ойнап келе жатыр. Ал асық ату мен бес асық сынынан барымызды саламыз. 2022 жылы Азия чемпионатында біздің мергендер қырғыз қарсыластарынан басым түскен еді», деді бас бапкер.
Этноспорт додасында асық ату, бес асық және ордо сайысы «Алау» мұз сарайында өтеді.
Мерейтойлық пошта маркасы
Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында «Қазақстанның мәдениеті мен спорты» аясында мерейтойлық пошта маркасы шықты. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова БАҚ өкілдеріне мерейтойлық марканың мөрлеу шарасын өткізді. Наиль Нұров игі істің маңыздылығын атап өтіп, «Дүниежүзілік көшпелілер ойындары – бұл тек спорттық дода ғана емес, дәстүріміз бен мәдени мұрамызды да насихаттайды», деді.
Әсел Жанасова этноспорт ойындары қарсаңында мерейтойлық пошта маркасын шығару арқылы дүниежүзілік доданы насихаттауға басқарма ұжымы да ықыласты екенін айтты.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арналған мерейтойлық пошта маркасы бірегей филателиялық өнер туындысы саналады. 5 000 дана таралыммен шыққан марканың номиналды құны – 500 теңге.
Ұлт мұрасына арналған көрме
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуына да санаулы күн қалды. Елімізде өтетін айтулы дода аясында бірнеше маңызды іс-шара да жүзеге асырылып жатыр. Этноспорт додасына орай Сығанақ көшесі, 60/5 мекенжайында ашылған көрме 17 қыркүйекке дейін елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады. «Көшпелілер рухы: шексіз көкжиек» атты фотосуреттер мен арт-жұмыстар көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ» басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Қатар елшісі Абдулла Хусейн Джабер, Үндістан елшісі Нагендра Прасад, Канада дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Дэвид МакКиннон, Оман дипломатиялық миссия басшысының орынбасары Талал Әл Якуби, Қырғызстан елшілігінің үшінші хатшысы Эрнис Абдирашитов, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері туындыларға жоғары баға берді.
Көшпелілер мәдениетінің әлеміне тереңдей үңілуге жетелейтін көрмеге келушілер еліміздің танымал фотографтары Анзор Гасаев пен Александр Кузнецов, ұлыбританиялық шебер Коннор МакНил (TheFella), мажарстандық режиссер Карачонь Шандордың ерекше туындыларын тамашалай алады. Бұл суретшілер көшпелілер өмірінің әсерлі һәм қызықты сәттерін, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен алынған таңғажайып пейзаждарды алғаш рет көрермен назарына ұсынып отыр.
Көрме бірнеше тақырыпты қамтып, көшпелілер өмірінің әртүрлі қырларын және олардың табиғатпен терең байланысын әйгілейді. Көшпелілер әлеміне кіріспе бөлімінде Қазақстан табиғаты мен халықтың күнделікті өмірінен сыр шертетін туындылар қойылған.
Көшпелілер рухы бөліміне топтастырылған сырлы суреттер көшпелі халықтың дәстүрін, рәсімін және табиғатпен үндестігін сипаттайды.
Көкпаршыларға сәттілік тіледі
Астана төрінде өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қалың жанкүйер көкпар мен қырғыздың көкбөрі ойнынан өтетін доданы асыға күтетіні анық. Себебі қазақ пен қырғыз арасындағы көкпар тартысы ежелден қызықты һәм қиқумен өтеді. Ақылбай Манкеев баптайтын көкпардан ұлттық құрама мүшелері де қорытынды оқу-жаттығу жиынын Астана қаласында өткізіп жатыр.
Дүбірлі дода қарсаңында Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаев, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры Бақдәулет Сәбитов, Жаппай көкпар федерациясының президенті Ғани Дірманов, Дүниежүзілік көкпар федерациясының вице-президенті Әлібек Мұқатаев құрама команда мүшелерімен кездесіп, оқу-жаттығу барысымен танысты.
Көкпар федерациясының президенті спортшыларға сәттілік тілеп, ел абыройын халықаралық аренада қорғаудың жауапкершілігі зор екенін жеткізді. Федерацияның спортшыларға қолдау көрсету және көкпар спортын дамыту бағытындағы қолға алынған іс-шараларынан хабардар етті.
Тартысқа дайындық қызу
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында арқан тартыстан додаға қосылатын ұлттық құрама мүшелері қорытынды жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Щучинск қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығында әзірлікті күшейткен құрама мүшелері чемпион атанудан үмітті. Ұлттық құрамаға қабылданған спортшылар қаңтар айында өткен ел біріншілігінде іріктелді. Арқан тартыс федерациясының вице-президенті Нұрлан Жабаев басты қарсылас саналатын командалардың әзірлігін зерттеп, тыңғылықты әзірлену қажеттігін айтты.
«Арқан тартыстан Англия, Пәкістан, Қырғызстан құрамалары тегеурінді. Дегенмен де өз елімізде өтетін дүбірлі додада қыздарымыз да, жігіттер де олжа салатынына сенеміз», деді Н.Жабаев.
Арқан тартыс федерациясының бас директоры Расул Тіленов ұлттық құрама мүшелері Ресейдің Екатеринбург, Түмен қалаларында өткен халықаралық турнирлерге қатысып, жеңіске жеткенін айтты. Арқан тартыс кенже дамыған спорт түрі саналады. Федерация биыл жыл басында ғана құрылды.
Көршілер де осал емес
Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына көкпар мен көкбөрі ойнына қатысатын Қырғызстанның ұлттық құрамасы Ыстықкөл жағасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ресей ұлттық құрамасымен бірлескен жиында жолдастық кездесу өткізіп те үлгерді. Қырғызстан ұлттық құрамасының капитаны Рустам Тыналиев жігіттердің әзірлігі жоғары деңгейде екенін атап өтті.
«Бұған дейін көкпардан Дүние-жүзілік көшпелілер ойындарына, әлем чемпионатына, өзге де халықаралық турнирлерге қатыстым. Қазақстанда өтетін этноспорт аламанының маңызы зор. Біз көкбөріден де, шеңберге ойналатын көкпардан да сайысқа түсеміз. Көкпар ойынының айырмашылығы – тек шеңберде ғана емес, уақыты да қысқа: екі тайм ғана. Ал көкбөріні біз үш тайм ойнаймыз. Аттарымызды да бабында ұстап, жігіттер физикалық, тактикалық әзірлікті пысықтап жатыр. Бабаларымыздан мирас ұлық өнерді құрметтейтін әр қырғыз ұланы улақ (серке) тартуға ынтасы артып, додаға кіруге ұмтылады. Дүйім қырғыз халқы сенім артатын сайыста жеңіске жету үшін барымызды саламыз», деді Р.Тыналиев.
Ал Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына тұңғыш рет қатысуға мүмкіндік алған ұлттық құрама мүшесі Өмірбек Есенұлы командадағы тәжірибелі ойыншылардан тәлім алып, дүбірлі аламанда барын салуға ұмтылатынын айтты.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпионы атану – зор бақыт, орасан мерей. Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылатын додада жеңіске жетсек, сенім ақталғаны», дейді көкпаршы.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпар мен көкбөрі додасы «Қазанат» ипподромында өтеді.