Мемлекет экономикадағы жеке сектор үлесін арттыру бағытына қарай белсенді ойысып келе жатыр. Кейінгі жылдары, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау кешенді түрде іске асырыла бастады. Шағын және орта кәсіппен айналысатын кәсіпкерлердің қаржылық ресурстарға қол жеткізуіне, бизнесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуіне жағдай жасау дәл қазір мемлекеттің басты міндетіне айналған.
Кәсіпкерлерді қолдау шаралары сан қилы. Қаржыландыру тетіктерінің қатарында субсидия, грант, жеңілдетілген несие мен салық жеңілдіктері ескерілген. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, кәсіп иелері жаңадан жабдықтар сатып алады, өндірісті кеңейтеді, қызметкерлер біліктілігін арттырып, бизнестің дамуы мен өсуіне ықпал ететін түрлі мақсатқа мойын бұрады.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмриннің айтуынша, кейінгі жеті айда шағын бизнес саласында 2 млн 25 000 компания жұмыс істеп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 10%-ға өскен.
«Ал орта кәсіпкерлік сегментінде шамамен 3 000-ға жуық компания бар. Олардың өсу деңгейі өте төмен, 0,5%-ды әрең құрайды. Мемлекет басшысы орта бизнестің тұрақты дамуына қатысты нақты тапсырма берді. Біз шағын бизнестің орта бизнеске өтуіне, ал орта бизнес санының одан әрі арта түсуіне мүдделі болуымыз керек», дейді.
Сарапшылар шағын бизнестің орта бизнеске ауысуға асықпайтынын, ал орта бизнестің жасанды түрде ұсақ фирмаларға бөлшектену үрдісі бар екенін айтады. Оның төркінін мамандар заңнамадағы тұрақсыздық пен салыққа қатысты өзгерістерден іздейді.
«Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Мөлшерлемеге қатысты нақты ұсыныстар бар. Мәжілістің жұмыс тобы іске кірісіп, орта бизнесті қолжетімді құралдармен қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қаржы шағын бизнес үшін де қажет. Қаржыландыру туралы сөз болғанда, әлбетте, мемлекеттік бағдарламалар алға тартылады. Таяуда Үкімет шағын және орта бизнесті қолдау бағытында бизнестің жол картасы мен қарапайым заттар экономикасын біріктіретін кешенді шаралар бағдарламасын қабылдады. Онда несиеге кепілдік беру тетіктерінің қолданылу аясын кеңейту мен мемлекеттік шығындарды оңтайландыру мәселесі қарастырылған. Бизнесті қолдауға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың бүгінде қаншалықты тиімді болып жатқанын бағалау әрі талдау маңызды», дейді «Атамекен» өкілі.