• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ата заң 30 Тамыз, 2024

Көппартиялық жүйе – өркениет өлшемі

79 рет
көрсетілді

2022 жылғы референдум еліміз­дің Ата заңына «әділдік рухын» дарытты. Мемлекет басшысы айт­қандай, конституциялық реформа мемлекеттің іргета­сын бекітіп, елдің ұзақ мерзімге арналған даму белесін айқындап берді. Қысқа уақыт ішінде негіз­гі билік институттарының жаңа әрі сапалы кескіндемесін қалып­тастырып, шешім қабылдауға азаматтардың қатысу мүм­кін­діктерін кеңейтті. Адам құқық­тары мен бостандықтарын қор­ғау жүйесі кешенді түрде нығай­тылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәти­жесі халқымыздың бірлігін және елімізді ­жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті. Біз заң үстемдігі, әділдік және жалпыға бір­дей мүмкіндік қағидаттарын ұстанып, Әділетті Қазақстанды құруға кіріс­тік. Еліміздің әрбір жауапты азаматы­ның реформаларды іске асыруға белсене қатысып, мемлекетіміздің дамуы­на үлес қосатын кезі келді. Консти­ту­цияда белгіленген демократия құн­ды­лықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері Қазақстан Республикасы дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқын­дайды» деген болатын.

Содан бері елімізде жан-жақты жаңғыру үрдістері жүріп жатыр. Конституцияға өзгерістер енгізуден басталған бұл реформа әлі де жалғасып келеді. Елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырады: Парламенттің ықпалы артып, Үкіметтің жауапкершілігі күшейтілді, қоғамда саяси партиялар­дың рөлі жоғарылады. Ел азаматтары­ның өз пікірлерін білдіріп, әлеуметтік белсенділіктерін көрсетуге мүмкіндік беретін тетіктер жасалынды. Ауылдар мен аудандар әкімдерін тікелей сайлау қолға алынды.

Сонымен қатар әділеттілік, инклю­зивтілік және сындарлылық қағи­да­ларына негізделген жаңа экономикалық курс қалыптасты. Бұл өзгерістердің бар­­лығы – біздің алдыңғы қатарлы ел бо­луы­мызға мүмкіндік беретін алғышарттар.

Еліміз алға қойылған стратегиялық бағыттан айнымай, болашаққа қадам жасап келеді. Біздің саясатымыздың бастапқы қағидаттары – Заң мен Тәртіп болса, соны қамтамасыз етуге қауқарлы қуатты демократиялық институттары мен дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құру жалғасын тауып жатыр. Бұл жерде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек мемлекеттің ғана емес, азаматтардың да тікелей міндеті екенін айта кету керек. Осыған орай ел тұрғындары да аталған қағидаттың қоғамда орнығуына атсалысқаны абзал.

Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум отандас­тары­мыз­дың ауызбірлігі мен жауап­керші­лігі жаңа деңгейге шыққанын көр­сет­ті. Біз бұл көріністі содан кейін бол­ған президенттік және парламенттік сай­лаудан да байқадық. Ал біздің Ата заңымыз БҰҰ халықаралық стандарт­тары мен құқықтық актілеріне толық ­сәй­кес келеді, яғни ол ең алдымен аза­мат­тар­дың құқық­тары мен мүдделерін ­қор­ғау­ға бағытталған.

2023 жылдың 1 қаңтарынан еліміз­де Конституциялық сот қызметін бас­тады. Бүгінде мыңдаған ел тұрғыны оған өтініш-арыздарын жазып жатыр. Мысалы, осы жылдың алғашқы жартысында Конституциялық сотқа азаматтардан 2 мыңнан аса арыз түскен. Нәтижесінде, Конституциялық сот 39 шешім шығарып, соның ішінен азаматтардың 7 өтініші бойынша Үкімет пен уәкілетті органдарға заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныс жазылған қорытынды шешімдері қабылданды. Міне, бұл Конституциялық соттың пайда болуымен отандастарымыз үшін өз құқықтары мен заңды мүдделерін қор­ғаудың қосымша тетігі өмірге келгенін көрсетеді.

Елдегі саяси реформалардың нәти­жесінде қоғам өміріне енген тағы бір маңызды жаңалық – Президенттің 7 жыл­дық мерзімге бір рет қана сайлануы. Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің айтуынша, мұндай тәжірибе 90-жылдары болған, кейін ол мерзім 5 жылға қысқартылды. «Бұл уақыт талабынан туындаған қажеттілік болатын. Сон­дықтан Конституцияға енгізіліп, халықтың қолдауына ие болды. Екінші тағы бір өзгеріс – Мәжілістің құзыреттілігі кеңейе түсті. Сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайлануы – со­ның айғағы. Олар Парламенттегі көп­те­ген өзгеріске түрткі болды. Соны­мен қатар «Күшті Президент – ықпал­ды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген формулаға сәйкес келді. Бұдан бөлек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп беретін болды. Өйткені Парламент қазіргі таңда бюджетті бекітетін негізгі орган болумен қатар, оның дұрыс игерілуін де қадағалап, аталған палатадан талап етуге толық құқығы пайда болды», дейді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, биыл Мәжіліс заң шығарушы орган ретінде қоғамдағы аса өзекті мәселелер бойынша бірнеше заң жобасына бастамашылық етіп, оларды қабылдады. «Қазіргі таңда Мәжілістің өзінде алты фракция бар. Осы өзгерістің ішінен ерекше атап өткім келетіні – бұл партияішілік бәсекелестікті арттырумен қатар, алты партия арасындағы өзара бәсекелестікті де күшейте түсті. Себебі енді партия өкілдері қоғамдағы маңызды мәселелерді өздері анықтап, Үкіметті тоспай-ақ заң жобаларына бастамашылық білдіре алады. Мұндай құзырет Парламентте бұрын да болған. Бірақ қазіргі көппартиялық жүйе осы құзыретті одан әрі тиімді пайдалануға өз әсерін тигізді.

Бір сөзбен айтсақ, Конституцияның 33-бабына енгізілген өзгеріс – тарихи тұрғыдан алғанда уақыт талабынан туындаған өте дұрыс шешім. Рефе­рен­дум арқылы болғандықтан, біз мұны халықтың қалауы деп айта аламыз. Бұл көптеген оң өзгеріске алып келді. Мәсе­лен, петиция жариялауды алайық. Бұрын адамдар тарапынан айтылып жататын талаптар мен ұсыныстар көп жағдайда ескерусіз қалатын болса, қазір кез келген адам көшеге шықпай-ақ петиция жариялап, халықтың дауысын жинай алады», дейді Болат Керімбек.

Еліміздегі әрбір тұрғын халықтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін Ата заңымыздың талаптарына бойсұнып, өмір сүруі керек. Заң мен Тәртіп үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құру үшін конституциялық қағидаттар қоғамдық сананың бөлінбес бөлшегіне айналып, күнделікті тірші­лігіміздің тірегі болуға тиіс.