2022 жылғы референдум еліміздің Ата заңына «әділдік рухын» дарытты. Мемлекет басшысы айтқандай, конституциялық реформа мемлекеттің іргетасын бекітіп, елдің ұзақ мерзімге арналған даму белесін айқындап берді. Қысқа уақыт ішінде негізгі билік институттарының жаңа әрі сапалы кескіндемесін қалыптастырып, шешім қабылдауға азаматтардың қатысу мүмкіндіктерін кеңейтті. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі кешенді түрде нығайтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті. Біз заң үстемдігі, әділдік және жалпыға бірдей мүмкіндік қағидаттарын ұстанып, Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Еліміздің әрбір жауапты азаматының реформаларды іске асыруға белсене қатысып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын кезі келді. Конституцияда белгіленген демократия құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері Қазақстан Республикасы дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқындайды» деген болатын.
Содан бері елімізде жан-жақты жаңғыру үрдістері жүріп жатыр. Конституцияға өзгерістер енгізуден басталған бұл реформа әлі де жалғасып келеді. Елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырады: Парламенттің ықпалы артып, Үкіметтің жауапкершілігі күшейтілді, қоғамда саяси партиялардың рөлі жоғарылады. Ел азаматтарының өз пікірлерін білдіріп, әлеуметтік белсенділіктерін көрсетуге мүмкіндік беретін тетіктер жасалынды. Ауылдар мен аудандар әкімдерін тікелей сайлау қолға алынды.
Сонымен қатар әділеттілік, инклюзивтілік және сындарлылық қағидаларына негізделген жаңа экономикалық курс қалыптасты. Бұл өзгерістердің барлығы – біздің алдыңғы қатарлы ел болуымызға мүмкіндік беретін алғышарттар.
Еліміз алға қойылған стратегиялық бағыттан айнымай, болашаққа қадам жасап келеді. Біздің саясатымыздың бастапқы қағидаттары – Заң мен Тәртіп болса, соны қамтамасыз етуге қауқарлы қуатты демократиялық институттары мен дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құру жалғасын тауып жатыр. Бұл жерде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек мемлекеттің ғана емес, азаматтардың да тікелей міндеті екенін айта кету керек. Осыған орай ел тұрғындары да аталған қағидаттың қоғамда орнығуына атсалысқаны абзал.
Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум отандастарымыздың ауызбірлігі мен жауапкершілігі жаңа деңгейге шыққанын көрсетті. Біз бұл көріністі содан кейін болған президенттік және парламенттік сайлаудан да байқадық. Ал біздің Ата заңымыз БҰҰ халықаралық стандарттары мен құқықтық актілеріне толық сәйкес келеді, яғни ол ең алдымен азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
2023 жылдың 1 қаңтарынан елімізде Конституциялық сот қызметін бастады. Бүгінде мыңдаған ел тұрғыны оған өтініш-арыздарын жазып жатыр. Мысалы, осы жылдың алғашқы жартысында Конституциялық сотқа азаматтардан 2 мыңнан аса арыз түскен. Нәтижесінде, Конституциялық сот 39 шешім шығарып, соның ішінен азаматтардың 7 өтініші бойынша Үкімет пен уәкілетті органдарға заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныс жазылған қорытынды шешімдері қабылданды. Міне, бұл Конституциялық соттың пайда болуымен отандастарымыз үшін өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың қосымша тетігі өмірге келгенін көрсетеді.
Елдегі саяси реформалардың нәтижесінде қоғам өміріне енген тағы бір маңызды жаңалық – Президенттің 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайлануы. Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің айтуынша, мұндай тәжірибе 90-жылдары болған, кейін ол мерзім 5 жылға қысқартылды. «Бұл уақыт талабынан туындаған қажеттілік болатын. Сондықтан Конституцияға енгізіліп, халықтың қолдауына ие болды. Екінші тағы бір өзгеріс – Мәжілістің құзыреттілігі кеңейе түсті. Сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайлануы – соның айғағы. Олар Парламенттегі көптеген өзгеріске түрткі болды. Сонымен қатар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген формулаға сәйкес келді. Бұдан бөлек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп беретін болды. Өйткені Парламент қазіргі таңда бюджетті бекітетін негізгі орган болумен қатар, оның дұрыс игерілуін де қадағалап, аталған палатадан талап етуге толық құқығы пайда болды», дейді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, биыл Мәжіліс заң шығарушы орган ретінде қоғамдағы аса өзекті мәселелер бойынша бірнеше заң жобасына бастамашылық етіп, оларды қабылдады. «Қазіргі таңда Мәжілістің өзінде алты фракция бар. Осы өзгерістің ішінен ерекше атап өткім келетіні – бұл партияішілік бәсекелестікті арттырумен қатар, алты партия арасындағы өзара бәсекелестікті де күшейте түсті. Себебі енді партия өкілдері қоғамдағы маңызды мәселелерді өздері анықтап, Үкіметті тоспай-ақ заң жобаларына бастамашылық білдіре алады. Мұндай құзырет Парламентте бұрын да болған. Бірақ қазіргі көппартиялық жүйе осы құзыретті одан әрі тиімді пайдалануға өз әсерін тигізді.
Бір сөзбен айтсақ, Конституцияның 33-бабына енгізілген өзгеріс – тарихи тұрғыдан алғанда уақыт талабынан туындаған өте дұрыс шешім. Референдум арқылы болғандықтан, біз мұны халықтың қалауы деп айта аламыз. Бұл көптеген оң өзгеріске алып келді. Мәселен, петиция жариялауды алайық. Бұрын адамдар тарапынан айтылып жататын талаптар мен ұсыныстар көп жағдайда ескерусіз қалатын болса, қазір кез келген адам көшеге шықпай-ақ петиция жариялап, халықтың дауысын жинай алады», дейді Болат Керімбек.
Еліміздегі әрбір тұрғын халықтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін Ата заңымыздың талаптарына бойсұнып, өмір сүруі керек. Заң мен Тәртіп үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құру үшін конституциялық қағидаттар қоғамдық сананың бөлінбес бөлшегіне айналып, күнделікті тіршілігіміздің тірегі болуға тиіс.