• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Тамыз, 2024

«Amanat» АЭС құрылысын қолдайды

111 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Amanat» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Олжас Бектенов депутаттарға Президенттің Жолдаулары мен 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берді.

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов фракцияның кеңейтілген отырысын ашып, жиын­ға қатысушыларды Конституция күні мерекесі­мен құттықтады. Ол Мемле­кет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттыруға, елді дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер қоятынын атап өтті.

– Президент Жолдау­ларын­дағы, Сайлауалды бағдар­лама­сындағы тапсырмаларды сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының барлық Жолдауы, берген уәде­лері толық орындалып жатыр деп сеніммен айта ала­мыз. Олар әр азаматтың, әр отбасының, әр қаланың, әр ауылдың негізгі мәселелерін шешуге бағытталған. Сондық­тан алдағы уақытта да осы қар­қынды бәсеңдетпеуіміз керек. Парламент, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар мен аза­маттық қоғам үйлесімді әрі тиянақты жұмыс істеуге тиіс, – деді Ерлан Қошанов.

Премьер-министр Олжас Бек­тенов Президент­тің Жолдаулары мен Сайлауалды бағдар­лама­сын іске асыру жөніндегі Үкіметтің жұмы­сы туралы айтты.

– Мемлекет басшысы ай­қын­­дап берген мақсат – 2029 жылға қарай ұлттық эко­но­мика көлемін 450 млрд дол­ларға дейін жеткізу. Бұл – біздің стратегиялық бағ­дарымыз. Экономика құры­лымын тү­бе­гейлі өзгерту бағы­тында белсенді шаралар қабылданып келеді. Қайта өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ақпараттық технологиялар және басқа да заманауи, жоғары технология­лық және инновациялық салалар еліміздің жаңа экономи­касының іргетасы болуға тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Үкі­мет­тің отандық тауар өндіру­ші­лерін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жат­қанын атап өтті. Инвес­тиция көлемі 15 трлн теңгеден асатын 17 ірі жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл 26 мың жұмыс орнын құруға және импортқа тәуелділікті 1,5 трлн теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу аясында отандық кәсіпорындармен жасалған келісімшарттардың саны 1,4 есеге артты, ал олардың жалпы сомасы 40%-ға өсті.

Сондай-ақ Үкімет басшысы елдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға бағыттал­ған заманауи агротехнологияларды дамытуға, ауыл шаруашылығын әртарап­тандыруға арналған шаралар туралы айтып берді.

– Биыл егіс науқанын қар­жылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері негізінен шешілді. Көктемгі дала жұ­мыстарын және егін жинау науқанын қаржыландыру сомасы 4 есеге, 580 млрд теңгеге дейін ұл­ғайтылды. Бұл – кейінгі жылдар ішіндегі ең ауқымды қаржыландыру көлемі. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Кейінгі екі жылда ауыл тұрғындарына 100 млрд теңгеден астам сомаға шағын несиелер берілді. Нәтижесінде, 20 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашты, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов Үкімет әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше назар аударып отырғанын, сондықтан мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті.

– Мәселен, колледж сту­дент­­теріне стипендия мөл­шері – 50, бакалавриатқа – 20, магистратура мен докто­рантураға 15 пайызға артты. 1 қыркүйектен бастап 445 мың студенттің стипендиясы өседі. Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін әлеуметтік төлем енгізілді. Бүгінде 1,7 млрд теңге көле­мінде аталған төлемді 9 мың­нан астам жұмысшы алды, – деп түсіндірді ол.

Премьер-министр сон­дай-ақ жұмысқа орналас­тыру, микрокредит беру, субсидиялау, медициналық сақтандыру жүйе­сіне тарту арқылы өмір­дің қиын жағдайына тап бол­ған отбасылар санын қысқар­ту тетігі туралы айтып берді.

Фракция депутаттарымен баяндаманы талқылау қоры­тын­дысы бойынша Мәжі­ліс төрағасы Ерлан Қоша­нов әлемдегі күрделі геосая­си ахуалға және елдегі таби­ғи апаттарға қарамастан, мем­ле­кеттің негізгі әлеуметтік міндет­темелері толық орындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол халықты алаңдатып, Үкімет тарапынан баса назар аударылуын талап ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Бұл – көктемгі су тасқынының салдарын жою, бағаның өсуі, жұмыссыздық, жылу беру маусымына дайын­дық, мектептер мен ауру­ханалар жетіспеушілігі. Сонымен қатар Мәжіліс спикері еліміз­дің болашағы үшін атом электр стан­сасын салудың страте­гия­лық маңызын ерекше атап өтті.

– Қазіргі уақыттағы қызу тал­қыланып жатқан ең өзек­ті мәселе – Атом электр стан­сасын салу. «Amanat» фрак­ция­сының депутаттары Мем­лекет басшысының референдум өткізу туралы идеясын толық қолдайды. Партия осы науқанды Үкіметпен бірлесіп, жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға, кең ауқымда ақпа­рат­тық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыруға дайын. Елі­міздегі барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар бізбен бірге Президенттің осы прогрессивті бастамасын іске асыруға жұмылады деп сенеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Отырысты қорытынды­лай келе, Мәжіліс спикері Премьер-министр Олжас Бек­теновке, Үкіметтің барлық мүшесіне бірлескен жемісті жұмысы үшін алғысын біл­дірді. Бұл ретте, ол фракция Премьер-министр лауазымына қатарынан екінші рет кандидатура ұсынып отырғанын, ал Мәжіліс комитеттері министрлер кабинетінің әрбір мүшесінің кандидатурасын келісетінін айтты. Сондықтан депутаттар мен Үкімет Мем­лекет басшысының барлық тапсырмасының орындалуы бойынша халық алдында да, Президент алдында да жауапкершілігі ортақ. Мәжіліс төрағасы дәл осы тәсіл Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.