1995 жылы қабылданған ел Конституциясы мемлекеттік құрылымның негіздерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ әділеттілік қағидаттарын айқындайтын негізгі құжат болып қала береді. Өзінің бүкіл тарихында Конституция бірнеше реформалау кезеңін бастан өткерді, олардың әрқайсысы заңдылықты нығайтуға, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Еліміздің Негізгі заңына өзекті өзгерістер енгізілген 2022 жылғы конституциялық реформаның маңызы ерекше. Бұл реформа мемлекеттік институттарды жаңғыртып, Парламенттің рөлін күшейтіп қана қойған жоқ, сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталды. Бұл қайта құрулар еліміздің саяси өміріне оң әсерін тигізіп, демократия мен құқықтық тәртіпті нығайтуға ұмтылысын көрсетті.
Реформа аясындағы маңызды қадам Омбудсмен институтының конституциялық мәртебесін нығайту болды. Бұл институт алғаш рет 2017 жылғы реформа кезінде Конституцияда бекітіліп, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Президенттің ұсынуымен бес жыл мерзімге Парламент Сенаты сайлауды көздеді. Дегенмен 2022 жылғы реформа Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесін айтарлықтай арттырды.
Енді Омбудсменнің құқықтық мәртебесі Конституцияның жеке 83-1-бабында бекітілген, оның тәуелсіздігі мен мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың алдында есеп бермеуі айқындалған. Адам Құқықтары жөніндегі уәкілдің бас прокурормен бірге азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы – маңызды жаңалық. Бұл шешім елімізде адам құқықтарын қорғау институтын нығайтуға байыпты көзқарасты көрсетеді.
Заң сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін ұйымдастыруды айқындайды. Бұл осы мекеме жұмысының нақты ережелері мен қағидаттарын белгілеуге, оның халықаралық стандарттар мен тәжірибелерге сәйкестігіне кепілдік береді.
Жүргізілген конституциялық реформалар құқықтық мемлекетті дамытуда шешуші рөл атқарады. Олар адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға көмектесіп қана қоймай, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасайды, бұл өз кезегінде олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау стандарттарын арттырады. Аталған өзгерістер еліміздің прогрессивті дамуға деген ұмтылысын айқындайды және оның адам құқықтары мен сот төрелігі саласындағы жоғары халықаралық стандарттарға сай болуын көрсетеді.
Артур ЛАСТАЕВ,
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл