Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан аса полицей қызмет етеді. Ата заңымыздың құрдастары орда бұзар жасқа жақындады. Бүгінде олардың әрқайсысы түрлі жетістікке жетіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр. Соның ішінде өңірлік Полиция департаментінде 142 полиция қызметкері мерекелік іс-шарада сап түзеді.
Бұл жас мамандар бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп, еліміздің даму жолында өз іздерін қалдырып келеді. Оның арасында жас та болса бас болып, басшылық лауазымдарда жүргендері де аз емес. Конституциямен құрдас сақшының бірі – облыстық ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының басшысы, полиция капитаны Бек Шамил.
– Мен Ата заңымыз қабылданған жылы дүние есігін ашқан екенмін. Еліміздегі басты құжат – Конституцияның төл құрдасымын. Бақытты балалық шағымды отбасымның ортасында алаңсыз өткіздім. Бұл елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп санаймын. Арманымды іске асыру бағытында ішкі істер саласына қызметке орналасып, бүгінде осы құрылымның қазанында қайнап, шыңдалып жүрмін. Алдыңғы буын ағалардың жолын жалғап, жұмысымдағы жауапкершілікті сезінемін. Мереке қарсаңында баршаңызды құттықтап, елімізге амандық тілеймін, – деді полиция капитаны Бек Шамил.
Рас, елдің негізгі заңы ел халқының ерік-жігерін, олардың мемлекетті демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Айтулы мерекеге орай ерлігімен, еңбегімен көзге түскен полицейлер де марапатталды. Мереке қарсаңында Түркістан облысының 180-нен аса тәртіп сақшысы марапатталып, қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің аналары мен жарларына да сый-құрмет көрсетілді.
Жиын бірінші кезекте қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына сый-құрмет көрсетуден басталды. Жұлдызы ерте сөнген полицейлердің туыстарына естелік сыйлықтар мен Алғысхаттарды облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов табыс етті.
Мерекелік іс-шараларда ұмытпай, елеп-ескеріп, құттықтап, шақырту жіберіп тұратын полиция басшылығына қаза тапқан полицей Мұхтар Дәуренбековтің жұбайы Динара Жипсыбаева алғысын жеткізді.
Сондай-ақ Конституция күні қарсаңында жеке құрамға Ата заңымыздың жалпы тарихы бейнеленген хроникалық-деректі фильм көрсетілді. Фильм Отанға сүйіспеншілік, қызметтік борышқа адалдықты қалыптастырып, қызметкерлердің рухын көтеру мақсатында түсірілген. Деректі фильмді тамашалаған тәртіп сақшылары тәуелсіздік алған жылдан бүгінгі күнге дейінгі аралықта еліміз жүріп өткен жолдар, Ата заңымыздың орнығуы, үстемдігі туралы хабардар болды. Іс-шара соңы елімізге танымал өнерпаздардың ән шашуымен ұласты. Полицей әнші-өнерлі қызметкерлермен қатар сахнада Нұржан Төлендиев, Бақытжан Мұстафаев, «Семсер» тобының жігіттері ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов халық пен елге қызмет етуді өзіне азаматтық борыш санаған тәртіп сақшыларын марапаттарымен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс, қызметте абырой тіледі.
Раушан НАРБЕК,
журналист
Түркістан облысы