Елімізде су тапшылығы, су пайдалану мәселесі өткір тұр. Әрі бұл су дегеніңіз тек өзіміз шешетін сегмент емес. Орталық Азиядағы ағайындармен ақылдасу, көршілермен кеңесудің маңызы аса жоғары. Осы орайда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке бірнеше сауал қоюдың орайы келді.
– Мемлекет басшысы Жолдауда 2040 жылдарға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін екенін айтты. Біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді болғандықтан, көршілес елдермен бұл мәселені қай тарапқа да тиімді болатындай шеше алу өте маңызды. Бұл бағытта қандай жетістіктерге қол жеткізілді?
– Министрлік көрші мемлекеттермен трансшекаралық суайдындарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өткізді. Нәтижесінде, биыл елімізге Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді. Қытаймен 20-дан астам трансшекаралық өзен бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 3 ірі өзен – Ертіс, Іле және Емел бар. Ресеймен Жайық, Ертіс және басқа ірі трансшекаралық өзендердің суын пайдалану, қорғау және зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде келіссөздер өтті.
– Суды үнемдеп пайдалану туралы жиі айтылады. Бірақ содан шыққан қорытынды байқалмайды. Бұл түйткіл әрі қарай да солай жалғаса бере ме, әлде шешімін табу бойынша нақты жоспар қарастырылып жатыр ма?
– Биыл су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды, оның 12 млрд-тан астамы – тасқын суы. Бұл өткен жылдан 15 млрд текше метрге көп. Шардара су қоймасына 4,2 млн текше метр су келді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100%-ға толды. Жыл басынан Балқаш көліне 12 млрд текше метр, Каспий теңізіне 7,4 млрд текше метр су жіберілді. Арал теңізіне 664 млн текше метр су келді. Бұл өткен жылғы көлемнен 2,5 есе артық. Президент Қазақстан халқына Жолдауында тапсырған «Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі» шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу керек. Біз Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледік. Құжатта қосымша су көлемін қамтамасыз етуге 42 жаңа су қоймасын салу қарастырылып отыр.
– Президент «Еліміздің кей өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет» деді. Жолдаудан бері бір жыл уақыт өтті: қандай батыл және шұғыл шаралар қолға алынды?
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар жасалып, әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар берілді. 2030 жылдың соңына қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамту және осылайша, жылына 2,2 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланған.
Әрине, еліміздегі су шаруашылығы инфрақұрылымдарының көбі 30-50 жылдан астам күрделі жөндеу және реконструкциялау жүргізілмей жұмыс істеп келді. Бұл ретте су шаруашылығы нысандарының іс жүзіндегі тозуы 60%-дан асып кетті. Коммуналдық және жеке меншіктегі жекелеген құрылыстарда күрделі жағдай қалыптасқан. Сондықтан 96 гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 30 жобаны іске асыруды бастадық. Нәтижесінде, 1,4 млн адам тұратын 437 елді мекенде ауызсумен жабдықтау сапасы жақсарады.
Шаруаларды суды үнемдеуге, оны тиімді пайдалануға ынталандыру үшін бірқатар іс-шара қабылданды. Ұңғымаларды бұрғылау шығынын субсидиялау көлемі 80%-ға ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнату шығынын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Мемлекет басшысы айтқан маңызды міндеттің бірі – су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасау қажеттілігі. Бұл бойынша қандай өзгерістер бар?
– Су шаруашылығы саласында 10 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жыл басынан 7 000-ға жуық маманның еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Су саласының 450-ден аса қызметкері мамандандырылған орталықтар жанындағы біліктілік арттыру курстарынан өтті. «Болашақ» бағдарламасына су саласының мамандықтары қосылып, биылдан бастап студенттер аталған мамандықтар бойынша шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Министрлік 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, нәтижесінде, 80 студент «Қазсушар» филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті.
– Биылғы тасқын кезінде министрлік атына аз сын айтылған жоқ және ол сынның басым бөлігін негізсіз деп те айта алмаймыз.
– Биылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша жоғарыда айтып өткен тұжырымдамаға қосымша өзгерістер енгізілді. Су тасқынының алдын алу және келтірілген залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделеді. Су тасқынын болжау мен модельдеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар күшейтіліп жатыр.
Сонымен қатар жаңа Су кодексінің жобасын әзірледік. Бұл – бірқатар ауқымды жаңалықты қамтитын және су заңнамасын өзектендіруге мүмкіндік беретін іргелі құжат. Кодексте су ресурстарын тиімді пайдалануға, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін қарқынды енгізуге басымдық беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа кодекс жобасына су тасқыны мен құрғақшылықты болжау, жоспарлау және оған ден қою жөнінде өзгерістер енгізіліп жатыр.
– Үнемі жерүсті сулары туралы мәселе көтереміз. Елдің жерасты су қорлары туралы не айтасыз? Жерасты суайдындары қандай аймақтарда, қалай орналасқан?
– Жалпы, еліміздің аумағы жерасты суына өте бай. Соның есебінен өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы мақсатындағы қажеттіліктерді толық қамтамасыз етуге болады. Алайда жерасты суларының аумаққа таралуы біркелкі орналаспаған. Мысалы, Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның жерасты су ресурстары басқа аймақтардың су қажеттілігінен бірнеше есе көп. Ал Солтүстік, Батыс және Орталық облыстарда жерасты суының тапшылығы байқалады.
Жерасты суының негізгі басым қорлары (шамамен 58%-ы) Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстары шегінде шоғырланған. Бұл негізінен Жоңғар, Іле, Қырғыз Алатауы, Қаратау және Талас тауларының тау бөктеріндегі жазықтардың сулары. Елдегі жерасты суларының жалпы қоры жылына 15,7 текше шақырымды құрайды.
– Су саласын дамыту үшін инвестиция тарту қажеттілігі туындап тұрғаны белгілі. Елдегі су шаруашылықтарының инвесторларға тартымдылығы қандай? Осы күнге дейін салаға келген инвесторлар бар ма?
– Тұтас алғанда, саланың инвестициялық тартымдылығы төмен. Қазір осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Атап айтқанда, Израиль бізде су қоймаларының құрылысына инвестиция салуға ниетті. Ол үшін министрлік Израиль елінің «Value LBH» және «Dan Capital» инвестициялық компанияларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Израильдік бизнесмендер елімізде су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына инвестор ретінде қатысуға дайын екенін білдірді.
Биыл әр өңірде 5 су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. 8 нысанның құжаты әзірленіп жатыр. Жұмыс 2024-2028 жылдар аралығында орындалуға тиіс.
Құрылыс жұмыстары су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес жүргізілетін болады. Қазір жаңа су қоймаларын салуға инвесторларды тарту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жоба елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және трансшекаралық өзендерге тәуелділікті азайтуды мақсат етеді.
– Рахмет.
Әңгімелескен –
Абай Аймағамбет,
«Egemen Qazaqstan»