Түркістан облысының Шардара ауданында «Қызылқұм-1» ирригация және дренаж жүйесі қайта жаңартылып жатыр. Жүйе суармалы суды егіс алқаптарына бағыттайды және жерасты суын қажетті деңгейде ұстап тұрады, деп хабарлайды Egemen.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде жоба аясында 165 шақырым канал, 155 шақырым коллектор және 706 гидротехникалық құрылысты жөндеу аяқталған. Нәтижесінде бірқатар каналдардың тиімділігі артып, пайдалы әсер коэффициенті 60%-дан 90%-ға дейін ұлғайған.
Сонымен қатар жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 12,5 мың гектар егіс алқабына су беру сапасы жақсарады. Сондай-ақ жыл сайынғы су шығыны 45 млн текше метрге азайып, жаңадан 2400 тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының жартысы аяқталды. Қазір Түркістан облысында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен 68 млн текше метр су жинай алатын «Бәйдібек-ата» су қоймасы, сондай-ақ ұзындығы 21,7 шақырым болатын «Сарқырама» каналы салынып жатыр», деді Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Қазыбек Бедебаев.