• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 02 Қыркүйек, 2024

Жолдау: Тоқаев мыңдаған шақырым жолдарды жөндеуді тапсырды

113 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық жиі жүретін облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз.

«Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн», деді ел Президенті. 

Сондай-ақ Қ.Тоқев теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды, яғни теміржол салып жатыр. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Бұл жобалар бекітілген мерзімде және өте сапалы іске асырылуға тиіс», деді ол. 

Сонымен қатар автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселелердің бірі. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды.

«2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек», деді ел Президенті.