Дүниежүзілік көшпелілер ойыны қарсаңында павлодарлық оқушылар ұлттық «Ортеке» биінен еліміздің рекордын орнатты. Бір мезетте 100 домбырашы ортекелерді билетіп, Ертіс жағасын күмбірлеген күйге бөледі.
«Ортеке» арнайы жасалған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, перне басқан саусақтардың қозғалысымен қуыршақ та тықылдап билей жөнеледі.
Былтыр қазақтың «Ортеке» биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне қосылған болатын. Бұл да ұлттық мәдениетіміздің туындыларын әлем мойындай бастағанының көрінісі. «Ортеке» биінен ел рекордын орнату идеясын Павлодар қаласының әкімдігі ұсынған.
– «Ортеке» биін жастар арасында, соның ішінде оқушыларға таныту мақсатында Конституция күніне орай әрі Дүниежүзілік көшпелілер ойыны қарсаңында 100 балғын домбырашыны шақырып, осындай игі мәдени шараны ұйымдастырдық. Бұл жерге кәсіби домбырашыларды да тартуға болар еді. Дейтұрғанмен, таңдауымыз өнерде жолын енді бастап жатқан жас өрендерге түсті. Әкімдіктің тапсырыс беруімен шеберлер 100 ортекені арнайы жасап берді. Бұл бұйымдар кейін жергілікті музыкалық мектептер мен музыкалық колледжге, өзге мектептер мен балалар клубтарындағы домбыра үйірмелеріне таратып беріледі, – дейді Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі Данияр Жұмаділов.
Жас домбырашылардың өнерін жергілікті көрермен Ертіс өзені жағалауында орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында тамашалады. Ел рекордын орнатуға Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық-мектеп интернат кешені, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының өнерпаздары қатысты.
Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық-мектеп интернат кешенінің басшысы Серік Сыздықовтың сөзінше, «Ортеке» – күйшілік өнердегі тартымдылық әрі көрнекілік үшін қолданылатын жанр.
– Күйшілік өнерде жүрген шебер домбырашылар «Ортекені» көнеден бері шебер билете білген. Екінші жағынан, балаларға арналған шығармаларды дәріптеуге таптырмас өнер түрі. Халқымыздың табиғатқа жақындығын, жабайы жануарларға деген қамқорлығын танытатын ерекшелігі де бар. Білім ұйымдары өнерлі балалардың басын қосып, ортекелерді билете отырып, «Қаражорға», «Салкүрең», «Секіртпе» күйлерін сахнада сәтті орындап шықты. Мұндай рекордқа көшпелілер ойыны қарсаңында қол жеткізіп отырғанымызға қуаныштымыз. Ертістің Павлодар өңірі үшін бұл – тарихи іс-шара, – дейді Серік Қасымханұлы.
(КИНЭС) Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов павлодарлықтарды жаңа рекордпен құттықтап, аталған мектептердің өкілдеріне сертификат табыс етті.
Павлодар облысы