Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» алаңында «Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудағы Парламенттің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент депутаттары, ҚСЗИ басшылығы мен сарапшылары қатысып, Мемлекет басшысының елдің одан әрі орнықты дамуына арналған Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудың негізгі басымдықтарын талқылады.Біз Сенат төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ, сенатор Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін ТҰҚЫМОВ, ҚСЗИ бас ғылыми сарапшысы Айгүл КӨШЕРБАЕВА, сондай-ақ Maqsut Narikbayev University-нің қауымдастырылған профессоры Мүслім ХАСЕНОВТІҢ жиын барысында сөйлеген сөздерін «дөңгелек үстел» форматында беріп отырмыз.
Айқын әрі нақты бағыт
Мәулен ӘШІМБАЕВ:
– Біз бүгінгі кездесуімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауында көтерілген негізгі басым бағыттарды талқыламақпыз. Бұл құжат стратегиялық сипатқа ие және ел дамуының көптеген саласын қамтиды. Мемлекет басшысы Үкіметтің, Парламенттің, мемлекеттік органдардың алдына айқын әрі нақты міндеттерді қойды. Оларды жүзеге асыру барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жұмыла іске кірісуін талап етеді.
Соның бірі – ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою мәселесі. Мұндағы басты ой – «көрпеге қарап көсілу». Қазіргі таңда ел бюджеті макроэкономикалық жағдайға әсерін тигізген сын-қатерлерге тап болып отыр. Біздің шығынымыз кірістен екі есеге жуық артып кетті. Осыған орай Президент Үкіметке бюджет шығындарын оңтайландыру және олардың тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту бойынша қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттырып, жергілікті жерде тиімсіз жұмсалуының алдын алу үшін жетілдіруді талап етіп отырған бюджетаралық қатынастарды да оңтайландыру міндеті қойылды.
Салық саясаты сапалы экономикалық өсуді ынталандырудың құралы болуға тиіс. Осыған орай фискалды саясаттың және экономика дамуының тиімді құралы болатын жаңа Салық кодексін әзірлеудің маңызы зор. Жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін енгізу мен салық жеңілдіктерін оңтайландыру мүмкіндіктерін қарастырып, тек бизнесті дамытуға шын мәнінде көмектесетін түрлерін ғана қалдыру қажет.
Басым бағыттың тағы бірі – салықтық әкімшілендіру ісін цифрландыру. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтып, жалпы салық жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Жазалау тәсілдерінен бас тарту мен қатерлерді басқару жүйесін жетілдіру де салықтық әкімшілендіру тиімділігін арттыру үшін басым міндеттер.
Президент нақты экономиканы қаржыландыруға банк секторын белсенді қатыстыру және әділетті салық жүйесін қамтамасыз етіп, банк секторындағы финтех-инновациялар мен цифрлы активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай туғызатын жаңа Банктер туралы заңды әзірлеу қажеттілігіне де назар аударды.
Бизнес жүргізу үшін инвестициялық климат пен жағдайларды жақсарту – Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт. Ол үшін әкімшілік кедергілерді жойып, инвесторларға қолайлы жағдай туғызу қажет. Ұлттық экономикаға инвесторларды тарту – мемлекет тарапынан нақты қолдау табуға тиіс басым міндет.
Үшінші мәселе – өңдеу өнеркәсібін дамыту мен өндіріс үдерісіне алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу бойынша жүйелі шараларды қабылдаған жөн. Мұның бәрі тұрақты дамуға негіз болады. Біз отандық ресурстарды белсенді пайдаланып, ірі кәсіпорындар мен аралас өндірістер кооперацияларын дамытуымыз керек.
Еркін ТҰҚЫМОВ:
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда экономика салаларындағы жүйелі өзгерістерге қатысты бірқатар маңызды тапсырма беріп, заңнамаға түзетулер енгізуді немесе жаңа заңдар қабылдауды тапсырды. Соның бірі – экономикалық белсенділікті ынталандырудың және финтех секторының одан әрі серпінді дамуының өзекті міндеттеріне жауап беруге тиіс жаңа Банктер туралы заңды қабылдау туралы айтып, қазіргі қолданыстағы заң 30 жыл бұрын мүлдем басқа жағдайда қабылданғанын атап өтті.
Сонымен қатар Президент тапсырмаларының үлкен пакеті жаңа салықтық әкімшілендіруді көздейтін жаңа Салық кодексін әзірлеуге және қабылдауға қатысты болды. Мемлекет басшысы осы құжатты сапалы деңгейде дайындау үшін жаңа кодексті қабылдауды келесі жылға қалдыру мүмкіндігін де жеткізді.
Бұған қоса, Президент мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясатын әзірлеуді, олардың мақсаттарын, функцияларын, түрлерін, қаржыландыру әдістерін және қызметтің басқа аспектілерін заңнамалық тұрғыдан реттеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы инфрақұрылымды жаңғырту саласында да заңнамаға түзетулер енгізу қажет деп санайды. Ол энергетикалық және коммуналдық секторлардағы кәсіпорындар көрсететін әлеуметтік маңызы бар қызметтер түсінігін заңнамаға енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға ресурс тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетігін заңды түрде бекіту, спорт саласындағы заңнамаларды жаңарту қажеттігі секілді маңызды мәселелер көтерілді.
Жолдауда айтылған маңызды жайттың тағы бірі – Президент АЭС салуға қатысты референдумның күнін бекітіп берді. Бұл туралы шешім елдің стратегиялық дамуы мен экономика қажеттіліктерінің өсуін есепке алуға тиіс екенін атады.
Әрине, көмірқышқыл газын бөлуді азайту бойынша міндеттемелерімізді орындау әрі ІЖӨ көлемін екі есеге арттыру үшін бізге энергия өндіретін, әрі экологиялық таза қуат көзі керек. АЭС туралы айтсақ, ол көмір стансаларына қарағанда экологиялық жағынан таза, өйткені атмосфераға парниктік газдарды бөлмейді және қатты қалдықтарды шығармайды.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты осы тақырыпта телефон сауалнамасын өткізген болатын. Ол біздің қоғамда АЭС салуды қолдайтындар мен қарсылар бар екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың жартысы АЭС салу идеясын қолдады. Үштен бірі апат болу мүмкіндігі мен қоршаған ортаға зияндығын алға тартып, қарсы болды. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың жартысы АЭС туралы көп ақпаратты білмейтінін, тіпті кейбірі мүлдем ештеңе білмейтінін жеткізді. Бұл халық арасында әлі де ақпараттық жұмыс қажет екенін көрсетті.
Салық – көп талқыланған тақырып
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ:
– Осыдан бір апта бұрын ғана Астанада Салық Альянсының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге қатысып, кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдап едім. Парламенттік каникул кезінде өткізген кездесулерде де салық мәселесі ең көп талқыланған тақырып болды. Орта және бизнес өкілдері Парламент қарауына күзде келуге тиіс бұл қаржылық құжаттың шикі тұстарын депутаттар түзеп, күзесе де кәсіпкерлердің жұмысына оң әсер беретін Салық кодексі шықпасын ашына айтқан...
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын орта және шағын бизнес өкілдері үшін үкілі үміті мен сенімін күшейтетін нақты шешімдер болды деуге толық негіз бар. Салық кодексін қабылдау бір жылға шегеріліп, қоғам мен бизнес өкілдерімен әбден талқылап, «илеуін қандырып», асығыстық танытпай қабылдау, бастысы – орта және шағын бизнестің дамуы үшін салық саясатындағы тың бағыттар болуына Мемлекет басшысының баса назар аудартқаны кәсіпкерлерді қуантты. Ол басты мақсат-мұратымыз әр қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру екенін айтты. Бюджет түсімінің төмендеуі мен халық табысының азаюының түп-тамыры бір. Экономикалық саясаттағы жылдар бойы шешілмеген «сақалды» мәселелер – салық жүйесіндегі олқылықтар, нағыз өндірісті несиелендіру орнына, «қағаз» жүзіндегі мал шаруашылықтарын субсидиялау, банк, қаржылық ұйымдардың тек «ауадан» ақша жасап, қара халықты несиеге батыруы, нақты экономикаға үлес қосуға немқұрайдылығы, тағысын-тағыларды Мемлекет басшысы ашық айтты.
Сайлаушылармен кездесуде көтерілетін өткір мәселенің тағы бірі – медициналық сақтандыру қорының жұмысына қатысты. Басқа емес, елордамыздың өзінде өткен жылдармен салыстырғанда, медициналық қорға жеке тұлғалар жарнасы айтарлықтай төмендеген. Бұл – халықтың қор жұмысына сенімсіздігінің айқын көрінісі.
Медициналық қызмет көрсету саласына цифрландыру жүйесі толыққанды енгізілмегендіктен, көзбояушылық көп, ашықтық жетіспейді. Ел Президенті бұл келеңсіздіктерге нүкте қою керектігін шегелеп айтты. Ұлт денсаулығына жауапты қор мен денсаулық саласы бюджеттен триллиондап қаражат алып отырып, көп жағдайда дұрыс қызметті айтпағанда, мүлде медициналық көмек көрсетпей, құрғақ есеп беруі ең жоғарғы деңгейде айтылды.
Петицияға өзгеріс қажет
Мүслім ХАСЕНОВ:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі дамыту жолдарын көрсетіп берді. Аталған тұжырымдаманың жарияланғанына бес жылдан асып барады. Осы бағытта көптеген игі жұмыс атқарылды. Оны Сенат жанындағы Сарапшылар кеңесі, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата жұмысынан көре аламыз. Осы екі алаңда да отырыстарға қатысып келемін және бұның тиімді құрал екенін айтқым келеді.
Дегенмен қалың бұқараны Парламент қызметіне тарту мәселесіне қатысты айтарым бар. Бұл жерде бес айдан бері жұмыс істеп келе жатқан петиция институты туралы ойымды ортаға салмақпын. Оның кейбір кемшіліктері бар. Біріншіден, петицияны тек мемлекеттік органдарға, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға ғана жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Неліктен оны Парламентке жолдау мүмкін емес деген сұрақ туындайды. Атқарушы билік, Парламент депутаттарын (бірақ барлығын емес) тарта отырып, петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдайды. Бұл жерде заң шығару бастамасы құқығының субъектісі ретінде Парламенттің билігін шектейтін норма бекітілген. Ал шетел тәжірибелерін қарасақ, петициялар заң шығарушы органдарға да жіберіліп, қаралуы мүмкін.
Екіншіден, мемлекеттік органдардың құзыреттерін, уәкілеттіліктерін, функциялары мен міндеттерін, қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, әкімшілік процедуралық-процестік заңнамаларды және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманы, еліміздің халықаралық келісімшарттарынан туындайтын міндеттемелерін орындауды өзгерту секілді петиция тақырыбы бола алмайтын көптеген сұрақтар тізімі бар. Біздің ойымызша, бұл сұрақтар петиция тақырыптары аясынан негізсіз алынып тасталған және азаматтарымызға түрлі аспектілер бойынша өз ұстанымдарын білдіру мүмкіндіктерін шектейді.
Үшіншіден, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті органның петицияның заңнамалық шарттарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асыруға және петицияны қабылдамау немесе қабылдау туралы шешім қабылдауға жеке-дара құзыреті белгіленген. Бұл жерде заңдылықты қамтамасыз ету және адам құқықтарын сақтау үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және Әділет министрлігінің тұжырымын алу міндетті процедурасын қарастыру керек.
Менің ойымша, петицияда қаралуы тиіс мәселелер тізімін кеңейту қажет. Сондай-ақ азаматтарға петиция арқылы Парламент депутаттарына да жүгіну мүмкіндігін беру керек. Қазір петицияны мемлекеттік орган қарауы үшін 50 мың қол жинау міндет болса, Парламент қарауы үшін 100 мың қол деп бекітейік. Бұл сан еліміздегі жұмысқа қабілетті адамдардың бір пайызы. Яғни мұндай қалың бұқараны алаңдатқан мәселе болса, оны Парламенттік тыңдауларда қарауға негіз бар деп ойлаймыз.
Еркін ТҰҚЫМОВ:
– Әлбетте, конституциялық реформадан кейін жаңа, неғұрлым демократиялық қағидаттар бойынша сайланған Парламент «ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес жаңа тәсілдермен жұмыс істеуге дайын екендігін көрсетті. VIII сайланған Парламент депутаттары заң шығару бастамасы құқығын көбірек пайдаланып келеді. Депутаттар бастамашылық еткен заң жобаларының саны өсті. Бірінші сессияда олар 14 заң жобасына, екінші сессияда 37 заң жобасына бастамашылық жасады.
Сонымен бірге әзірленетін және қабылданатын заңдардың сапасы мен тиімділігі заң шығару қызметін сараптамалық-талдамалық қолдауға, қабылданған заңдарды сарапшылармен, жұртшылықпен кеңінен талқылауға байланысты екенін атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында атап өткендей, «Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында».
Жоғарыда айтылғандай, Парламенттің екі палатасының жанында консультативтік-кеңес органдары жұмыс істейді. Сенат Maqsut Narikbayev University-мен бірге Жобалық кеңсесінің акселераторын іске қосты.
Парламентке Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жанынан құрылған «КИСИ GPS» сарапшылар алаңшасының, Экономикалық даму жөніндегі сапаршылар кеңесінің, Сыртқы саясат жөніндегі сарапшылар кеңесінің және аймақтық сарапшылар кеңесінің де әлеуетін де өз жұмысында пайдалануды ұсынар едім.
Қоғам пікірі ескеріледі
Мәулен ӘШІМБАЕВ:
– Мемлекет басшысы облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеу бағдарламасының ауқымын кеңейтіп, соның аясында кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды.
Одан бөлек, Үкімет жыл соңына дейін энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны қабылдауға тиіс. Жолдаудағы негізгі ерекшеліктердің бірі биылғы 6 қазанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыұлттық референдум өткізу мәселесі екені анық. Бұл референдум маңызды шешімдерді азаматтардың қатысуымен қабылдау арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын көрінісі болары сөзсіз.
Айгүл КӨШЕРБАЕВА:
– Мен Президенттің бұл Жолдауда халықтың табысын арттыру мәселесіне айрықша тоқталғанын айта кеткім келеді. Ол үшін не істеу керек? Әрине, ең бастысы экономикамызды дамытуымыз қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы ақша саясаты, несиелендіру, салық саясаты, энергетикалық мәселелер, т.б. өзекті жайттарды көтерді. Осы айтылған салалардағы олқылықтардың бәрін бір «пазл» ретінде жинастырсақ, экономикамызды тұрақтандырып, қордаланған көп проблеманың шешімі айқындалады.
Мен халықтың әл-ауқатын көтеру саласында еңбек етіп жүргендіктен айтарым, ең алдымен адамдар өз қарым-қабілетін дұрыс анықтап, сол арқылы әрекет етуді үйренулері керек. Президент кешегі Жолдауында «көрпеге қарап көсілу» туралы айтты. Біз өз мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалануымыз қажет. Әр адамның талдау деңгейі мен тәжірибелік деңгейі болады. Осы екі деңгейді қосып, әрекет ете білсек, оң шешім қабылдаймыз және дұрыс іс жасаймыз.
Қазір халықтың несие қарыздарының көбейіп кеткендігі көп айтылып жүр. Бұл да жоғарыда айтқан сөзімнен шығатын мәселе. Бұл проблеманы шешу үшін әр адам қаржылық сауаттылықты үйренуі керек. «Менің төлем қабілетім қандай деңгейде? Бұл ақшаны қалай, қайда жұмсаймын?» деген сұраққа жауап бере алуы қажет. Стратегиялық менеджмент адамға осыны үйретеді. Егер біз керек деген заттың бәрін алу үшін несиемізді көбейте берсек, оны жабуға шынайы табысымыз жетпей қалады. Табыс пен шығын балансын тұрақтандыру үшін не істеуіміз керек? Өткен жылдары елімізде халыққа несиені қалай алу мен жұмсау жолдарын үйрететін жобалар болған еді. Сол жобаларды жалғастырған жөн. Себебі адамның бәрі экономист, қаржыгер емес. Оларға бағыт-бағдар, ақыл-кеңес керек. Халыққа тек ақпарат ретінде айтпай, іс жүзінде көрсетіп, үйрететін жобалар көбірек болған дұрыс деп есептеймін.
Жол апаты және сарбаздар қауіпсіздігі
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ:
– Өзекжарды мәселелердің тағы бір парасы көптің бір кісідей көңіл аударып, бірлесе шешімін қажет етеді. Ол – жыл басынан бері жол көлік апатынан 1 300-ден астам адам қаза тауып, 16 мыңнан астам адам зардап шегуі. Бұл мәселе жайында өткен сессияда Үкіметке арнайы депутаттық сауал да жолдаған едім. Жыл өткен сайын көлік жүргізушілерінің дайындық деңгейі төмендеп барады. Мектепте жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алу фактілері үйреншікті жайтқа айналды.
Осы тұста, Норвегиядағы отандасымыздың әңгімесі еске түседі. Алты жыл көлік жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсырып, ала алмағанын, керісінше, заңгер мамандығының дипломына қол жеткізуі жеңілірек болғанын айтқан еді. Мұндай талап нәтижесінде Скандинавия елдерінде жол көлік апаты өте төмен.
Әскердегі сарбаздар қауіпсіздігіне армия басшылығының жауапкершілігі туралы ел Президентінің сөзі қаншама қамкөңіл болған ата-аналарға демеу екені сөзсіз. Ендігі міндет – қоғамдық бақылауды күшейте отырып, заңнамалық тұрғыдан да бұл мәселені тарқатуды қол алу. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жайлы және қауіпсіз елге айналдыруды өзінің басты басымдықтарының бірі деп атады.
Мемлекет басшысы: «Біздің қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті» деді. Түйсінген жанға алып-қосары жоқ, түйінді сөз осы деп ойлаймын.
Мәулен ӘШІМБАЕВ:
– Сенат заң шығару қызметінің сапасын арттыру үшін ғылыми-сараптамалық қауымдастықпен белсенді жұмыс істеп келеді. Біз сарапшылардың тиімді, өзекті заңнамалық бастамалар әзірлеуге ықпал ететін ұсыныстары мен идеяларын әрдайым ескеруге тырысамыз. Қазір Парламенттің алдында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды іске асыруға арналған сапалы заңдар қабылдау міндеті тұр. Бұл істе Сарапшылар клубы және басқа да алаңдар аясында сарапшылармен жұмыс жандана түседі.
Осы ретте бүгінгі талқылау да Парламенттің заң шығару қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Біз заңнамалық жұмысты сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейтін ұсыныстарға қашанда ашықпыз. Сондықтан сарапшыларды Сенаттың сараптама және диалог алаңдарының жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз.
Дайындаған –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»