• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қыркүйек, 2024

Халық өз таңдауын жасайды

96 рет
көрсетілді

2024 жылғы 3 қыркүйекте 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған респуб­ликалық референдум өткізу жөніндегі науқан шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, онда мынадай мәселелер қаралды: 1. Рес­пуб­ликалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтар туралы; 2. Рес­публикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің ұйымдастырушылық аспек­тілері; 3. Республикалық референдум қарсаңындағы үгіт туралы; 4. Респуб­ликалық референдумды өткізу кезіндегі шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы.

Отырысқа Әділет, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ ВКБ режімінде облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктері аппараттарының басшылары және аумақтық референдум комиссияларының мүшелері қатысты. Отырыс сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, ресми интернет-ресурста және Youtube арқылы онлайн таратылды.

Отырысты ашқан ОРК төрағасы Нұр­лан Әбдіров, Мемлекет басшысының ше­шіміне сәйкес атом электр станциясын салу мәсе­лесі азаматтардың пікірін ескеру ма­қсатында жалпы­ұлт­тық референдум арқылы ше­шілетінін атап өтті. Ре­фе­рендумға қо­йылған мәселе мынадай: «Сіз Қазақ­станда атом электр станциясын са­луға келісесіз бе?».

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қа­зақстан: заң және тәртіп, эко­номикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жол­дауында алдағы референдум кең ауқымды жал­пыұлттық диалогтің тағы бір көрінісі және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі бола­тынын атап өтті. Шын мәнінде, жаңа қоғамдық-саяси мәдениет қалыптастырып, негізгі мемлекеттік ше­шім­дерді қабылдаудың жаңа стан­дарттарының іргесі қаланып жатыр.

ОРК басшысы респуб­лика­лық референдум тағайын­далған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайтынын, референдумды дайындауды және өткізуді ұйымдастыратынын түсіндірді.

Бірінші мәселе бойынша Орталық референдум ко­мис­сиясының мүшесі Шав­хат Өтемісов сөз сөйледі. Ағым­дағы жылдың 5 шілдесінде республикалық референдум туралы заңнаманы же­тіл­діру мақсатында тиісті Кон­ституциялық заңға түзетулер қа­былданған болатын. Ш.Өте­місов қатысушыларға референдум туралы жаңартылған заңнаманы түсіндірді. Негізгі жаңашылықтардың қатарында – ұлттық және халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен мін­деттерін бекіту (бұрын бұл мәселе референдум туралы заңнамамен реттелмеген, осыған байла­нысты сайлау туралы Кон­ституциялық заңға сіл­те­ме нормасы көзделген). Сон­дай-ақ жаңартылған заңнамада бұқаралық ақпарат құрал­дарының референдумды әзірлеу мен өткізу ба­рысын жария ету тәртібі айқын­далады (осы мәселеде бірыңғай қолдану практикасы мақсатында сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес өзгерістер енгізілді). Референдум өткізу кезеңінде қоғамдық пікірге сауа­л салу жүргізудің негізгі аспектілері тү­сіндірілді, олар түзетулерге сәйкес сайлау заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуге тиіс.

ОРК мүшесі референдум комиссия­лары мүшелерінің жұмысындағы жаңашылықтар туралы да айтты. Рефе­рендум комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу сайлау туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Со­нымен қатар жаңартылған референдум туралы заңнамада референдум ко­миссиясының шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану мәселесі де нақты регламенттелген.

Осы мәселе бойынша Нұр­лан Әбді­ров сарап­шы­лардың пікірінше, бай­қаушылар тобын кеңейту, оларды аккредиттеу тәртібін нақтылау, сондай-ақ сайлау учаскелерінде бұқаралық ақпа­рат құралдарының болу қағидаларын айқындау, сауал салуды жүргізу жөнін­дегі түзетулер үдерістің ашық­тығын және азамат­тардың хабардар болуын арттыруға ықпал ететінін, үдерісті ұйымдастыруды же­тілдіретінін, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ұсыным­дарының қабылданғанын айғақ­тай­тынын атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойын­ша Орталық ре­­ферендум комиссиясы төр­ағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Науқанның жалпы ұзақтығы тағайындалғаннан дауыс беру күніне дейін 35 күн болады. Дауыс берушілердің тізімдерін жасау бойынша жұмысты жергілікті атқарушы органдар тағайындалғаннан кейін бірден бастайды. Дауыс беруден 20 күн бұрын, яғни 15 қыркүйекте тізімдер референдум учаскелеріне және электрондық түрде Орталық референдум комиссиясына беріледі. Азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған референдум учаскелері бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азамат­­тардың тізімдері азаматтарға та­нысу үшін дауыс беру күніне 5 күн қал­ғанда ұсынылады.

Сайлау туралы Консти­туциялық заңда азаматтардың болу орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігі бойынша дауыс беру құқығы көзделген. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде референдумның басқа учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді.

Бюллетеньдер референдум учаске­леріне дауыс беруге дейін 3 күннен кешік­тірілмей және 1 күннен кешікті­рілмей жеткізіледі. Дауыс беру 6 қа­занда таңғы 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.

Референдумды ұйымдас­тыру үшін референдум учаскелерінің екі түрі тартылатын болады: азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және азаматтардың уақытша болатын жерлерінде құрылған. Референдум учаскелерінің жалпы саны – 10 327 (оның ішінде азаматтардың тіркелген жері бойынша – 9 709, уақытша болатын жерлерінде – 618), оның ішінде шетелдік учаскелер – 78 (63 елде). Референдум комиссиялары мүшелерінің саны – 70 049 адамды құрайды.

Ағымдағы жылғы 1 шіл­дедегі жағдай бойынша сай­лаушылар тізіліміне тұр­ғы­лықты жері бойынша тұ­рақты тіркелген 12 176 968 азамат енгізілді. Азаматтарға тізімдерде өздерін тексеруге және дауыс беруге арналған учаскенің орналасқан жерін білуге мүмкіндік беру үшін жергілікті атқарушы органдар тиісті онлайн сервис­тер мен интернет-ресурстарды қолдану практикасын жүр­гізеді.

ОКР отырысы барысында 2024 жылғы 6 қазанға та­ғайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жос­пары бекітілді, респуб­ликалық референдум құжат­тарының нысандары белгіленді, сон­дай-ақ республикалық ре­ферендумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізім­­дерімен жұмысты ұйымдастыру туралы, республикалық референдум өткізу кезінде мү­гедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы мәселелер қаралды. ОРК төр­ағасы өңірлерден келген референдум ко­мис­­сиялары мүшелерінің назарын күн­тізбелік жоспарда көрсетілген барлық іс-шаралар белгіленген мерзімдерге сәйкес жүргізілуге тиіс екендігіне аударды.

Ол сондай-ақ жер­гі­лікті атқарушы орган­дар­ға рес­публикалық рефе­рен­думға қатысуға құқығы бар азамат­тардың тізімін қа­лыптастыру бойынша жұ­мыс­ты жандандыруды, респуб­ликалық ре­ферендумға қа­тысуға құқығы бар азамат­тардың тізіміне енгізуді тексеру бойынша ақпараттық сервистердің (Call-орталық­тардың, цифрлық сервистердің, интернет-ресурстардың) жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Орталық референдум ко­миссиясының басшысы әкімдіктерге референдум учаскелерінде мү­гедектігі бар адамдардың сай­лау құқық­тарын іске асыру үшін жағдайларды қам­та­масыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Үшінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасап, республикалық референдум өткізу кезеңіндегі үгіттің негізгі аспектілерін түсіндірді. Мәселен, республикалық референдум туралы Консти­туциялық Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес респуб­ликаның азаматтары мен қоғам­дық бірлестіктері ре­фе­рендумға шығарылған мә­селеге өз пікірін «жақтап» немесе «қарсы» айту құқығына кепілдік беріледі, бұл үгіт болып саналады. Үгіт плакаттар, парақшалар, баннерлер және басқа да электрондық және баспа материалдарын шығару арқылы жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ заңда жиналыстар, митингілер, азаматтар жиындарын өткізу және бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт жүргізу көзделген. Бұл ретте заң­намада үгіт жүргізу кезінде белгілі бір шарттардың сақталуы көзделген.

Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған орны мен таралымы, оларды шығаруға жауапты тұлғалар туралы мәліметтер болуға тиіс. Анонимді үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық үстемдікке, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зом­былыққа табынуға үгіт­теуге жол берілмейді. Үгіт материалдарын орналастыру меншік иесінің келісімімен арнайы бөлінген орындарда және өзге де нысандарда жүзеге асырылуға тиіс. Жабық үй-жайлардан тыс үгіт (жиналыс­тар, митингілер) бейбіт жиналыс­тар туралы заңның талаптарына сәйкес жүр­гізіледі.

Үгіт референдум тағайын­дал­ғаннан кейін басталады. Бұл ретте рефе­рен­думның алдындағы күні (үнсіздік күні) және референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беруге арнал­ған үй-жайлардан тыс жерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдары, пла­каттар сол орын­дарда сақталса болады.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойын­ша ОРК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасап, Қазақстанда рес­публикалық референдум­да ха­лық­аралық байқау инс­титутының ашылғаны туралы хабар­лады. Ол Қазақстан Республикасы көптеген ха­лықаралық ұйымдардың мү­шесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу бойын­ша өзінің халықаралық міндеттемелерін тұрақты орындайтынын атап өтті.

Республикалық референдум туралы Конституциялық заңның 6-бабының 4-тарма­ғына сәйкес референдум өткізу кезінде шет мемлекеттерден және ха­лықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар, шетелдік бұ­қаралық ақпарат құралда­рының өкілдері қатыса алады.

Қазақстанда шет мемле­кеттер мен ха­лықаралық ұйым­­дардың байқаушылары Орталық референдум комис­сия­сының Төрағасы мен Сырт­қы істер министрінің шақыруы бойынша референ­думды бай­қауға қатыса алады. Шет мемлекеттер мен халық­аралық ұйымдардың бай­қау­шылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бо­йынша ОРК жанынан аккредиттеледі.

Ағымдағы сайлау науқа­нында аккре­диттеуді жүргізуді Астана уақыты бойынша сағат 18.00-де дауыс беру күніне 5 күн қалғанда, яғни 2024 жылғы 30 қыркүйекте аяқталады.

Отырыста Нұрлан Әбді­ров дауы­с беру күніне дейін учаскелік референдум комис­сияларының мүшелерін оқыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Ор­талық референдум комиссиясы комиссия мүшелерін оқыту жұмысын ағымдағы жылдың шілде – та­мыз айларында бас­тады. Бірін­ші кезеңде каскадтық әдіс қағидаты бо­йын­ша рес­публикалық деңгейде өкілет­тік­терін тұрақты кәсіби н­егізде жү­зеге асыратын аумақ­­тық референдум комис­сия мүшелерінің ара­сынан 139 жат­тықтырушы да­йын­­далды. Қазіргі уақыт­та сертификатталған жаттық­тыру­­шылар аумақтық референдум комис­сияларының 1 583 мү­шесі үшін тренингтер өткізеді.

15 қыркүйекке дейін учас­келік референдум ко­мис­сияларының (төраға­лар­дың, төраға орынбасарлары мен хатшылардың) бас­шылық құрамы үшін оқыту ұйымдастырылады – 30 981 адам және дауыс беру кү­ніне дейін учаскелік референдум комиссияларының 37 346 бас­қа мүшелері оқы­тудан өтеді. Осы­лайша, рес­публикалық референдумды ұйымдастырушылардың барлық құрамы оқытумен қамтылатын болады.

Дәстүрлі әріптестермен бірлесіп, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері үшін респуб­ликалық және өңірлік деңгейлерде оқыту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының басшысы отырысқа қатысу­шыларды ОРК мүшелерінің референдумды әзірлеу мен өткізу мәсе­лелері бойынша өңірлерге инспекциялық сапарлары жоспарланғандығы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, халықты ақпа­рат­тандыру, дауыс беру күніне учаскелердің дайындығы және азаматтардың дауы­с беруі үшін, оның ішін­де мүгедектігі бар және дауыс беру кезінде ерекше қажет­тіліктері бар азаматтар үшін қажет­ті жағ­дайлар жасау мәселелері қа­рас­тырылады.

Отырыстан кейін бұқара­лық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті.