V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының түңлігі түрілуіне санаулы күн қалды. Ұлттық спорт аламанына әр құрлықтан келетін спортшылар апта бойы елорда төрін дүбірге бөлемек. Қалың жанкүйер көкпар додасы мен қырғыздың көкбөрі ойынын асыға күтетіні анық.
Сақа ойыншыға сенім артпақ
Көкпар мен көкбөрі ойындарының тартысы «Қазанат» ипподромында 9-12 қыркүйек аралығында өтеді. Дүбірлі додаға қатысатын еліміздің көкпар құрамасы Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бас бапкерлік қызметке тағайындалғанына көп уақыт өте қоймаған Ақылбай Манкеев өзіне орасан жауапкершілік жүктелгенін, ұлттық құрама мүшелері барын салатынын айтты.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындықты күшейту мақсатында оқу-жаттығу жиыны бірнеше кезеңмен өтті. Негізінен Алматы облысындағы арнайы жабдықталған алаңда әзірлік жүргіздік. Астана қаласына тамыздың соңына таман келдік. Сарыарқаның сары желі соғып, күздің лебі ерте байқалатын өңірге жерсіну аттарымызға ауыр тиді. Ұлттық құрама мүшелері мінетін аттардың басым көпшілігі оңтүстік облыстардағы көкпар командаларынан жалға алынды. Табиғаты жанға жайлы жаймашуақ өңірде өскен жануарлар Астанаға келгенде ауырды. Тіпті суды да бастапқыда іше алмады. Бірақ ветеринар мамандар, атбегілердің көмегімен қайта қоңданып жерге де үйренісе бастады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпардан ғана емес, қырғыздың көкбөрі ойынынан да, яғни қазандыққа салым салатын тартыстан да додаға кіреміз. Бірақ біздің көкпаршылар бірнеше жылдан бері тек шеңберге тартатындықтан, қазандыққа ойнап жүрген жоқ», деді А.Манкеев.
Бас бапкер көкбөріге қосатын аттардың ұшқырлығы мен әбжілдігіне баса мән берілетінін де атап өтті.
«Бірнеше жылдан бері қазандыққа ойнауды доғарғандықтан, аттар да үйренісе алмайды. Қазандыққа жеткенде иесі тізгін тартпаса да, ат өздігінен тоқтай алуы керек. Жерден көкпарды іліп алған балуанның аты топ арасынан суырылып шығып, қазандыққа қарай құстай ұшып жетіп кілт кідіруге тиіс. Біздің көкпардың аттары бұған үйренбегендіктен, ағызып өте шығады. Жасырып қайтеміз, жекпе-жекке қоятын құрамада сенімді ат болмай тұр. Көкпардан чемпион атануға барымызды саламыз. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы чемпион атанды. Өзбекстан көкпаршыларын да, Моңғолия құрамасын да ірі есеппен ұтып, финалда қырғыз қарсыластарын еңсеріп, елге зор мереймен оралған еді. Сол биіктен төмендемеуге тырысамыз. Ал көкбөріден қырғыздан асып түсуге әлеуетіміз толық жетеді деп кесіп айту қиын. Оның себебін жоғарыда айттым, ең бірінші аттардың дайындығы жеткілікті емес. 2016 жылдан бері елімізде көкпардан қазандыққа тартыс өткен емес. Сегіз жылдың ішінде көкпаршылар да қазандыққа салым салмағандықтан ұмыта бастаған. Жаппай көкпарға қатысып жүрген балуандардың дені жастар. Бұлар қазандыққа тартып үйренбеген. Сондықтан көкбөрі додасына қатысатын командаға ертеден тартысқа түсіп шыңдалған, тәжірибелі, сақа көкпаршыларды шақырып отырмыз. Көкпар додасына қатысқан көкпаршы көкбөрі сайысына қатыспайды. Яғни 12 адамнан жасақталған командаға аттарды тауып, ол тұлпарды көкпаршы тізгіндеп ырқына үйреткенше де аз уақыт кетпейді. Жуырда көкбөрі ойынына арнайы Қырғызстаннан арғымақ сатып әкелді. Мурдаш есімді жүйрікті құрамадағы бірнеше шабандоз алма-кезек мініп жүр, додаға дейін кімнің тақымына ыңғайлы екенін байқап көреміз. Көкбөрі ойынына үйренген бұл атты қай көкпаршының тізгіндейтінін қорытынды оқу-жаттығу жиыны барысында нақтылаймыз», деді А.Манкеев.
Білікті маман тым аз уақыт қалғанда көкбөрі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына қосылғандықтан да дайындықтың кемшін соғып тұрғанына қынжылыс білдірді. Сол себепті де көкбөріден команда қатарына ертеректе қазандыққа көкпар тартқан, бүгінде жасы қырықты қуалап, елуді еңсерген өз қатарластарын да шақырып, тығырықтан шығудың қамын жасағанын айтты. 2022 жылы Түркияда өткен этноспорт аламанында көкпардан команда капитаны міндетін атқарып, жігіттерді додаға бастап кірген Ұлан Байтөреевті де бас бапкер командаға шақыртыпты.
«Түркияда өткен ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында команда капитаны болғандықтан, зор жауапкершілік жүктелген еді. Бұл жолы да аянып қалмаймыз. Астана қаласына ерте келіп, алаңға бойымызды үйретіп, аттарымыз да жерсінді. «Қазанат» ипподромына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, адам танымастай түлеп, түрленіп шыға келіпті. Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде барлығы бар. Көкпар мен көкбөрі ойыны өтетін алаңға арнайы құм себіліп, аттардың тұяғына да жұмсақ, жайлы екені көңілімізді өсірді. Осындай қолдаудың өтеуіне жеңіс тарту ету үшін барымызды саламыз», деді Ұ.Байтөреев.
Меймандарды күтуге сақадай сай
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық аясында елорда әкімдігінде компанияларға, қонақүйлер мен кәсіпкерлерге ойынға қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға дайын екенін растайтын сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Қаналимов, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов этноспорт аламанына келетін меймандарды қабылдайтын ұжымдарға сәттілік тіледі. Салтанатты іс-шарада Е.Қаналимов қатысушыларға шетелден келген қонақтарға қызмет көрсетуде даярлықтың жоғары деңгейі мен сервистік қызметтің сапасы өте маңызды екенін атап өтті.
Жарыс барысында қаланың қонақүйлері халықаралық спортшылар мен әртістерді қабылдайды, ал отандық компаниялар ойын ұйымдастырушыларымен бірлесіп туристерге елдің мәдени мұрасын әйгілейтін өнімдерді ұсынады. Сондай-ақ іріктеуден өткен қоғамдық тамақтандыру нысандары ойындардың негізгі алаңдарында жанкүйерлер мен қатысушыларды сапалы аспен қамтамасыз етеді. Сертификат 52 қоғамдық тамақтандыру компаниясына, кәдесыйлар ұсынатын 20 компания, жарысқа қатысушылар тоқтайтын 22 қонақүй иелеріне берілді.
Дүбірлі додаға тарту – тегін интернет
Елдегі жетекші мобильді оператор саналатын «Kcell» V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ресми байланыс серіктесі атанды. Сайыс өтетін спорт нысандарында байланыс құрылғылары мен қосымша базалық стансалары орнатылып жатыр.
«Kcell» компаниясының техникалық тобы «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» атшабары, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұзайдыны сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешені, Ұлттық музей, «Думан» ойын-сауық кешені аумағына қосымша 4G және 5G базалық стансалары мен телекомуникациялық жабдықтарын орнатады. Осылайша, компания ұжымы шетелдік қонақтар мен қатысушы спортшыларға өз елдерімен еш кедергісіз бейнебайланысқа шығып, әлеуметтік желілерге фото, видео материалдарды жедел жүктеуге, таратуға, барлық цифрлық сервистерді үздіксіз пайдалануға мүмкіндік туғызбақ.
«Біз ұлттық байланыс операторы ретінде бұл ойындардың жауапкершілігі жоғары екенін түсінеміз. Сондықтан осы халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосуды азаматтық парыз санадық. Шетелдік қонақтар мен спортшыларды сапалы байланыспен қамтамасыз ету – өте маңызды міндет. Сол үшін біздің мамандар жарыс өтетін спорт нысандарында тиісті жұмысты атқарып жатыр. «Kcell» еліміздің халықаралық аренадағы мерейін асырып, беделін көтеруге бағытталған жобаларды қолдауға әзір. Елдегі ең ірі байланыс операторы ретінде 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің ресми серіктесі болды. 2011 жылы Қысқы Азиаданың да ресми байланыс операторы атанды. Енді Дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан да тыс қалмадық. Бұл іс-шараны еліміз жоғары деңгейде өткізетініне сенімдімін», деді «Kcell» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакин.
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров этноспорт ойындарының ресми байланыс операторы атанған «Kcell» компаниясымен тізе қосып жұмыс атқаруға әрқашан бейіл екенін жеткізді.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында «Kcell» компаниясымен ынтымақтастық орнату – қатысушыларды, спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілерді, еріктілер мен ұйымдастырушыларды сапалы ұялы байланыспен және тегін интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызды қадам. Ойындарды сәтті өткізуге және осы ауқымды іс-шараның барлық кезеңінде байланыс орнатуға үлес қосып, сенімді коммуникациялық инфрақұрылым жасауға атсалысқаны үшін «Kcell» компаниясына ризашылығымызды білдіреміз», деді Н.Нұров.
«Kcell» компаниясы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының инфрақұрылымына байланыс желілерін тартып қана қоймай, аламанға қатысатын әр спортшыға, еріктілерге, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің барлық мүшесіне 5G интернеті мен байланысы бар сим-карталарды тегін таратпақ. Бұған қоса компания спорт кешендерінде Wi-Fi-сигналын тарататын арнайы 5G-роутерларын орнатып, көпшілікке SМS хабарламалар жолдап, дүбірлі додадан құлағдар етуді жоспарлап отыр.